Аймақтар • 27 Қараша, 2017

Колледжде рухани дамыту орталығы ашылды

433 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Талас ауданы, Ақкөл ауылында орналасқан №14 Талас коллледжінің жанынан рухани дамыту орталығы ашылды. Көптен күткен қуанышты бөлісуге арнайы құрметті қонақтар шақырылып, ауыл тұрғындары да игілікті істің куәгері болды. 

Колледжде рухани дамыту орталығы ашылды

Салтанатты шарада Ақкөл ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрғынбай Тәжібеков, № 14 Талас колледжінің ардагер ұстазы Қанжан Әбдиев, аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бақтияр Төмешбай, №14 Талас колледжінің директоры Айман Тілеукеева және Ақкөл ауылдық округінің әкімі Асқар Қуаныш рухани орталық жайлы жылы лебіздерін білдіріп, аталған орталықтың ұлттық құндылықтарымыз бен еліміздің тарихи мұраларын жастарға насихаттап, осы бағытта студенттер мен ауыл тұрғындарына қажетті ақпарат беретінін жеткізді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары да Елбасы мақаласынан туындайтын міндеттер туралы өз ойларын ортаға салып, пікір білдірді. «Жалпы, қоғамның қай саласын болсын батыстық өлшемдермен қарап, озығынан тозығы көп шетелдік құндылықтарға ырық бергендей едік. Осы жайтты Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында өте әсерлі жеткізді. «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» деп атап өтті Мемлекет басшысы. Біздіңше, Елбасы айтқан сол ұлттық кодтың бір кілті – білім мен ғылымда жатқандай. Сондықтан бүгінде жаңа ашылған рухани дамыту орталығында Елбасы мақаласында айтылған білім мен ғылым насихатталатын болады», деді өз сөзінде Айман Тілеукеева.

 Алдағы уақытта жаңа ашылған рухани дамыту орталығында Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласын негізге алып түрлі шаралар, кештер, тәрбиелік мәні жоғары жиындар ұйымдастырылатын болады.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы