1996 жылы Қазақстан чемпионы болған «Тараз» өткен жылы да тығырыққа тірелген еді. Жағдай әйтеуір «Алтай» командасының құжаттары жарамсыз болып, орнына премьер-лигаға «Тараз» жол тартты. Осы хабарды ақпан айында ести сала апыл-ғұпыл шаруаға кіріскен жамбылдықтар Воит Талғаевтың біліктілігіне сенім артты. Тәжірибелі бапкер 10 күннің ішінде команданы жасақтады. Премьер-лигада ойнай алатын жастарды тартып, Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында шұғыл түрде легионерлер шақыртты. Команданы, амал жоқ, өзге клубтардан іріктеуінен өтпеген аяқдопшылардан сұрыптады. Міне, осылайша команда жоғарғы топқа «топ» ете түсті.
Чемпионат ортасында тіпті алғашқы алтылыққа енген кезі де болды. Кейіннен 7 мен 8-ші орындарға тұрақтады. Дей тұрғанмен кейінірек Талғаевтың командасына көз тиді. Өз алаңындағы ойындардың өзінде жеңіле беріп, қатарынан сәтсіздіктер сериясына ұшырады. Жығылғанға жұдырық болып УЕФА «Тараз» командасынан 6 ұпайды алып тастады. Оған кінәлі нигериялық шабуылшы Одита Обиора. Халықаралық ұйымға хат жазып, айлығымды бермеді деп арыз түсірген. Анықталса расымен де Одитаның 2015 жылға дейін келісімшарты болыпты. Алайда оны бапкерлер 2014 жылдың соңында «командаға керегің шамалы» деп жылы шығарып салған. Араға екі жыл салып Обиора Қазақстан кәсіпқой лигасына шағым түсірген. Командадан кеткен кезде төленетін өтемақыны сұраған. «Тараз» футбол клубының президенті Махамбет Дүйсембиев ешқандай талассыз футболшының сұраған қаржысын төлеп берген.
– Клубты маған дейін басқарған Талғат Әпсеметов футболшының қандай деңгейде екенін байқамастан 3 жылға келісімшарт жасасқан. Легионер алғашқы жылы өнер көрсеткеннен кейін, спорттық бабын жоғалтқан. Жаңадан келген бапкер Обиораның болашағына сенім артпаған соң, командадан кетуге мәжбүр болған Нигериялық футболшы Еуропадағы өзге командаға ауысады. Кейіннен келісімшартын ақтарып жүріп өтемақысын даулай бастаған. Соның салдарынан қазір «Тараз» футбол клубы зардап шегіп отыр. Сол 6 ұпай қазір біздің пайдамызға жазылса, біз премьер-лигадағы орнымызды сақтап қалар едік, – дейді клуб басшысы Махамбет Дүйсембиев.
Естеріңізде болса, тура осындай жағдайға тап болған «Атырау» футбол клубы чемпионат басталар тұста 6 ұпайынан айырылған еді. Мұндай оқиғалардан кейін қазақстандық футбол клубтарынан алашағы бар өзге де легионерлер УЕФА-ға хат жазып, дау тудырып жүрмесе болар еді дейсің.
Биылғы жылы «Тараз» ойыншыларына 600 млн теңге көлемінде жалақы төленсе, келер жылы осы сома екі есеге қысқаратын түрі бар. Бірінші лигада өнер көрсететін командаға тек 3 легионер алуға рұқсат берілді. Демек ұжымның негізін жергілікті жастар құрайды деген сөз. Жастар демекші, биыл ерекше көзге түскен тараздық Еркебұлан Сейдахмет Санкт-Петербургтен «Зенит» командасына ауысуға дайын отыр. Ал Қазақстан жастар құрамасының сапында жарқырай көрінген Бахтияр Зайнутдиновті де «Астана» футбол клубы сатып алмақшы.
– Зайнутдинов «Тараз» футбол академиясының түлегі. Жамбыл жерінен жыл сайын осындай бір футболшы жарқырап шығып жатады. Ұлттық құрамалар деңгейіне көтерілген жас талантқа осы күні еліміздің 4 дүркін чемпионы, «Астана» командасы құда түсіп отыр. Өзіміз тәрбиелеген футболшының трансферлік құны шамамен 20 миллион теңге. Егер елордалық ұжым келіссе, футболшының одан әрі дамып, жоғарғы деңгейге көтерілуіне қарсы емеспіз, – дейді Махамбет Дүйсембаев.
Ал енді жамбылдық команда келесі маусымға мақсат қойып, премьер-лигаға қайта оралуды көздейді. Қазіргі бапкер Воит Талғаевқа тағы да ұсыныс айтылды. Білікті бапкер команданы жаттықтыруға қарсы емес секілді.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан».