Ертарғын Тілегенов бізге марал өсіру ісіне бет бұрғандағы басты мақсаты – пантомен емдеу орталығын құру екенін айтып берді. Тіпті ол мұны іске асыру үшін екі қабатты шипажай ғимаратын тұрғызып та қойыпты. Қазір оның ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатқанына куә болдық. Іскер азамат оны алдағы жылы пайдалануға беруді ұйғарған. Ол бұл іске кіріспес бұрын Шығыс Қазақстандағы марал өсіру ісін бес саусағындай меңгерген «Багратион» шаруашылығының іс-тәжірибесімен танысып қайтыпты. Осыдан жаңа кәсібінің қыр-сырына байланысты көп жәйттерді көңіліне түйіпті.
Алғашқыда Ертарғынның ойында маралдар Ақтөбе аймағына жерсініп кете алар ма екен деген алаңдаушылық болыпты. Дегенмен бүгінгі күні бұл топырақтың табиғаты марал өсіруге қолайлы екеніне көзін жеткізіп келеді. Өйткені оның бақылауынша өңірдің климаттық ерекшелігі маралдарға ешқандай әсер етпепті. Тіпті бір күні ол жайылымда жүрген жануарлардың бір жерге шоғырланып, ойнақтап, секіріп жүргенін көреді. Мұның өзі жергілікті жердің табиғаты мен климатына маралдардың үйреніп қалғанының белгісі дейді кәсіпкер.
Е.Тілегеновтің ендігі тілегі Ақтөбенің қысына алғаш рет түскелі тұрған ару жануарлардың жай-күйі болып отыр. Бұдан әрі төлдейтін уақыттары да жақындайды. Маралдардың қыр-сыры мен жай-күйін жақсы білетін, оны күтіп баптай алатын мамандардың қажеттілігі де осында. Бір жақсысы бұған да алдын-ала қам жасалыпты. Биыл жоғарыда айтылған «Багратион» шаруашылығында алты адам арнайы оқып қайтыпты. Бұған қоса алдағы жылы ашылатын пантомен емдейтін шипажайдың қызметін оң жолға қою үшін 4-5 маман Алматы қаласындағы орталықта арнайы курстен өткізілмек.
Біз үшін тағы бір қажетті мәселе бар деп жалғастырды Ертарғын бұдан әрі өз әңгімесін. Бұл –маралдардың азығы мен өзге де қажетті рациондық қоректеріне байланысты. Рас, барлық тұяқты жануарлар секілді маралдардың да басты қорегі –табиғи шөп пен жем. Біз оның қажетті мөлшерін дайындадық. Бұған қоса 5 тонна асқабақты және 5 тоннаға жуық сәбіз бен орамжапырақты көкөніс өсірумен айналысатын әріптестерімізден сатып алдық. Бұлар маралдардың бойындағы дәрумендер мөлшерін көбейтеді дейді ол.
Міне, осылайша кең байтақ республикамыздың шығысында кеңінен өркендеген марал шаруашылығы бүгінде өз ауқымын кеңейтіп, еліміздің батыс өңіріне де орнығып келеді. Ең бастысы ақтөбеліктердің бұған дейін беттесіп көрмеген кәсіпті жатырқамай, тосырқамай бұған кәдімгідей икемделе бастағаны сүйсіндірмей қоймайды.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
АҚТӨБЕ