Энергетика министрлігінің бастамасымен былтыр 21 қарашада «ӨКМ Операторы» ЖШС Тозығы жеткен көлік құралдарын жоюға өткізу бағдарламасын іске қосқан болатын. Құжат ережесіне сәйкес, М1 санаттағы салмағы 3,5 тоннадан аспайтын жеті орынға дейінгі жеңіл автокөлік құралдары қабылдану керек. Ескі көлігін жоюға өткізген көлік иелеріне ақшалай өтемақы төленеді. Берілетін өтемақы көліктің жиынтығына қарай екі санат бойынша анықталады. Яғни толық жиынтықтағы көлік – 150 мың теңге және толық емес жиынтықтағы көлік 48 мың теңге көлемінде бағаланады. Бағдарлама талабы www.auto.recycle.kz сайтында толық көрсетілген.
Биылғы 26 маусымнан бастап елімізде жеңіл және жүк көліктерін жоюға тапсырып, отандық автоөндірушілерден су жаңа көлік сатып алуға жеңілдік берілетін сертификат бағдарламасы да іске қосылды. Жеңілдікті сертификат құны тапсырылатын көлік құралының санатына байланысты 315 мың теңгеден 650 мың теңге аралығында бағаланады. Бұл жобаны жүзеге асыруға Энергетика министрлігі 23 000 квота қарастырған. Оның 20 мыңы М1 санатындағы жеңіл автокөліктерге тиесілі болса, 1836-сы M2, N1, N2 санаттарындағы жолаушылар және жүк көліктерінің, 1164-і M3, N3 санатындағы 5 тоннадан және 12 тоннадан жоғары көлік құралдарының еншісінде.
Мамандардың мәліметінше, сертификат бағдарламасы бойынша бүгінге дейін 4 494 автокөлік қабылданған. Табысталған сертификаттың 1710-ы отандық өндірушіден 930 автокөлік сатып алуға пайдаланды. Осы жерде айта кетерлігі, ережеге сәйкес, екі сертификатты біріктіруге болады. Бағдарламаның мақсаты – отандық паркті жаңартып, қазақстандық автоөндірісті ынталандыру және утильдеу саласының инфрақұрылымын қалыптастыру.
Қазақстанның 17 қаласында ӨКМ Операторының ескі көліктерді тұрақты қабылдайтын бекеті жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар облыс орталығынан шалғайда жатқан елді мекендерді қамту мақсатында арнайы жылжымалы мобильді бекет қызметі іске қосылған. Мобильді бекет 30 қазан мен 21 қараша аралығында Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Алматы облыстарындағы жеті бірдей елді мекенді аралап, 300-ден астам ескі автокөлікті қабылдады.
Бағдарлама басталған күннен бері ӨКМ Операторы Тозығы жеткен көлік құралдарын сатып алу және сертификат беру бағдарламасы бойынша бас-аяғы 39 099 автокөлік қабылдады. Ескі көлігін жоюға тапсырған белсенді аймақтардың арасында Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. Одан кейін Қостанай мен Көкшетау қаласы үздік үштікте орналасқан. Жоюға ең көп тапсырылған көліктердің басым бөлігін кеңестік кезеңде шығарылған («Жигули», «Москвич», «Волга» т.б.) көліктері құрайды. Олардың арасындағы ең көнесі 1946 жылы шыққан «Москвич» болса, ең жаңасы – 2014 жылы шығарылған «LADA-21901» көлігі. Дегенмен, өткізілген ескі техникалардың арасында шетелдік көліктер де аз емес.
Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 4 миллионға жуық жеңіл автокөлік тіркелген. Соның 60 пайыздан астамының қолданыста жүргеніне 10 жылдан асып кеткен.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»