Иранға қой етінің кезекті партиясын аттандырып жатқан Оралдың «Күбілей» ЖШС-ға арнайы келген Ұлбосын Сарыбаева экспортқа кететін қой етінің халықаралық стандарттарға сай дайындалуын, ирандықтар талап ететін халал технологиясының сақталуын өз көзімен көрді.
Екі ел арасындағы келісім шарттардың нәтижесінде ортақ дәрігерлік талаптар бекітіліп, Иран Қазақстаннан тірі қой да алдыра бастапты. Мәселен Қызылорда облысынан 812 бас қой тірілей жөнелтілген. Жыл соңына дейін 10 мың қой алынады дейді департамент директоры. Ал Батыс Қазақстан облысының «Батыс Марқа Ламб» және «Күбілей» кәсіпорындары қой етін сойып, бөлшектеп, тоңазытып, мұздатып, әдемі орама жәшіктерге салып береді.
«Күбілей» ЖШС-ның техникалық директоры Рахим Нағметовтың айтуынша, кәсіпорында малды мұсылманша адалдап союға барлық жағдай жасалған. Мал бауыздайтын жерде арнайы сертификаты бар үш қасапшы жұмыс істейді. Оның үстіне ирандық мал дәрігері мен дін қызметкері де импортталатын етті дайындаудың барлық кезеңін қадағалап отырады. Міне, «Күбілейде» сойылған қазақы қойлар партиясы осымен төртінші мәрте «қызылбастар еліне» жол тартқалы отыр.
Біз де аталған кәсіпорында болып, Иранға жөнелтуге дайындалып жатқан қой етінің дайындалу барысын түгел аралап көріп шықтық. Жүзден астам адам қызмет ететін үлкен кәсіпорын түгелдей автоматтандырылған. Мал бауыздайтын жерде ғана қазақы қой союдың дәстүрлі үлгісі қалғанымен, одан кейінгі жұмыстың бәрін автоматты жүйе әлдеқайда жеңілдетіп жіберген. Қойдың терісін сыпыру, ішек-қарнын аршу, тазалау – бәрі ақырын жылжып бара жатқан жүйе бойында кезегімен атқарыла береді. Осы жүйе бойында терісі сыпырылып, ішек-қарны алынған қой еті жылжуымен барып тоңазытқышқа кіріп кетеді. Кәсіпорынның техникалық директоры Рахим Нағметовтың айтуынша, мұнда тоңазытудың 8 түрлі тәсілі бар екен. Әрқайсысының өз ерекшелігі, ұтымды жақтары бар. Тоңазытқышта бірнеше күн тұрып, бір қалыпқа түскен қой еті бөлшектеу цехына жол тартады. Бұл жерде қой еті мүшеленіп, бөлшектеніп, безі мен шелінен тазартылады екен. «Ирандықтар ет арасындағы безді харам санайды, сондықтан мойындағы сом ет арасындағы без бен шелді сылып тастаймыз» дейді қолы қолына жұқпай ет бөлшектеп жатқан зауыт қызметкерлері.
Кәсіпорын технологы, бөлшектеу цехының жетекшісі Динара Әділгереева кәсіпорынның қалдықсыз технологияға көшкенін айтады. Сойылған малдың ішек-қарнын қалбырлау цехына жіберіледі. Қой етінен қуырдақ та жасалады. Ал алдағы желтоқсан айында кәсіпорында жаңа жүйе – мал сүйегін уатып, құрама жем дайындайтын жаңа цех іске қосылмақ.
Айтпақшы, осы күндері еліміздің Ауыл шаруашылық вице-министрі А.Мырзахметов жұмыс сапарымен Иран Ислам Республикасында жүр екен. Иранның Ауыл шаруашылық жиһад министрі М.Ходжатимен арадағы кездесуде парсы елі нарығында қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін одан әрі көбейту сөз болмақ.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ
ОРАЛ