...ҚАЗАҚ – ТҮРІК ЛИЦЕЙІ АШЫЛДЫ
Ертеде ата-бабамыз «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деп өсиет еткен екен. Бұл тәмсілдің мәні өзгермей, Елбасы жас ұрпаққа бәсекеге қабілетті білім беру мәселесіне ерекше назар аударып, елімізде осы бағыттағы жұмыс жүйелі жалғастырылып келеді. Соның дәлелі, Талғар ауданында тарихы, діні мен ділі бір Түркия мемлекетінің 6,5 миллион доллар инвестиция салуы нәтижесінде 320 орынға арналған жаңа білім шаңырағы пайдалануға берілді.
Екі ел арасындағы өзара ынтымақтастыққа алтын көпір болған оқу орнында балалар мемлекеттік тілмен қоса, түрік, ағылшын және орыс тілдерін оқумен қатар, саламатты өмір салтын қалыптастыруға арналған орындармен, құрал-жабдықтармен жеткілікті қамтылған. Спорт зал, баскетбол, волейбол алаңдары да бар.
Оқу орнының жалпы аумағы – 1,5 гектар. Онда үш қабатты мектеп, 280 төсектік жайлы жатақхана орналасқан. Алғашқы қабылданған 110 бала шалғай елді мекендерден келген талантты балалар және әлеуметтік жағынан жеткіліксіз қамтылған отбасыларынан шыққан жасөспірімдер. Оқыту тегін, аз қамтамасыз етілген балаларға білім беру қорының құрылтайшысы Зияндин Касановтың көмегі де зор.
Жаңа қазақ-түрік лицейінің ашылу салтанатына Түркия Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бекер Боздағ және басқа ресми адамдар қатысты.
Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.
* * *
...КӨЛІКТЕР БЕРІЛДІ
Ішкі істер басқармасына қарасты жол полициясы қызметкерлерінің жұмыс сапасын жақсарту мақсатында заман талабына сай көліктер алу үшін биыл облыс бюджетінен 111 миллион 578 мың теңге бөлінген болатын. Яғни, жол полициясы қызметкерлері ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында 50 көлікке қол жеткізді. Қазір бұл көліктердің барлығы да арнайы байланыс құралдары – компьютермен, рация және GPS жүйесі сияқты жаңа техника жетістіктерімен жабдықталған. Қызметтік жаңа көліктерге қол жеткізген жол сақшылары арнайы түрде жабдықталған құрылғылардың тұрғындар қауіпсіздігін сақтауда, облыс орталығының көшелерінде жүргізушілер тарапынан заң бұзушылық деңгейінің төмендеуіне әсер ететінін айтады.
Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.
* * *
...ҚАЗАНДЫҚ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Қостанай қаласының оңтүстік бөлігін жылумен қамтамасыз ететін №3 жылу қазандығы іске қосылды. Жаңа қазандықтың қуаты 498 мегаВаттқа жетеді. Оған 90 метрлік мұнара-мұржа орнатылды. Ол бұрынғыдай кірпіштен өрілмеген, отқа төзімді заманауи құрылыс материалынан жасалған. Қосымша екі бу және үш су қазандығы да осы мұнара-мұржаны пайдаланады. Қазандық қаланың оңтүстік бөлігіне берілетін жылуды арттыра түсті. Оны басқару автоматтандырылған.
Қазандық жобасын жүзеге асыруға бюджеттен 1,2 миллиард теңге бөлінді. Осыған дейін Қостанай қаласының оңтүстік бөлігіне берілетін жылу жеткіліксіз болатын. Мамандардың айтуына қарағанда, қазандықтың жылыту көлемін ұлғайтқаннан кейін тұрғындар жылудан тарықпайтын болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.