Оның жұмысына Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисі төрағасының орынбасары Валех Алескеров, Болгария Республикасы Халық жиналысы төрағасының орынбасары Валери Жаблянов, Мажарстан Мемлекеттік Жиналысы төрағасының орынбасары Тамаш Шнейдер, Ресей Мемлекеттік Думасы төрағасының орынбасары Сергей Неверов, Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысы төрағасының орынбасары Ахмет Айдын, БҰҰ-ның Қазақстан Республикасындағы Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура, сонымен қатар Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов, Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов пен Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қазақстан Парламентінің депутаттары, 15 шетелдік парламенттердің депутаттары, дипломаттық корпус өкілдері, сарапшылыр, экономика және саясат мамандары және т.б. қатысты.
Конференцияның пленарлық отырысын Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев ашып, жүргізіп отырды. Тұңғыш Президент күнінің қарсаңында осындай форум өткізу дәстүрге айналып келеді, деп бастады ол өзінің сөзін. Биылғы конференцияның мақсаты Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан экономикасының дамуы мен халықтың әл-қуатының нығаюын көздеген жаңғыру моделін қазақстандық және шетелдік сарапшылармен, саясаткерлермен, мамандармен бірлесіп талқылау, дей келіп, олар Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылғанын еске салды. Сонымен бірге ол бүгінгі талқылаулардың мазмұнды әрі нәтижелі боларына сенім білдірді.
Одан әрі сөз Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулинге берілді.
Ол бұл конференцияның Тұңғыш Президент күні қарсаңында жыл сайын өтетін дәстүрлі және өте маңызды шара екенін, өйткені біздің еліміз жеткен табыстар мен болашақ жоспарлар, тек қана Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен байланысты екенін атап өтті. «Елбасының дана саясатының арқасында кең-байтақ қазақ жері татулықтың үлгісіне айналып, дамудың «қазақстандық жолы» қалыптасты. Осы жолда Парламент әрқашанда Елбасының сенімді тірегі болып келеді. Енді тәуелсіз еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Ол – Қазақстанның үшінші жаңғыруы. Бұл – біздің мемлекетіміз үшін заман талабына сай өсудің басты бағыты, сонымен бірге алға қойған ұлы мақсаттарға жетудің кепілі», – деді Н.Нығматулин. Сондай-ақ Мәжіліс Төрағасы бүгінгі кездесудің қызықты және пайдалы боларына сенім білдіре отырып: «Бүгінгі конференцияның тақырыбы кездейсоқ алынған жоқ. Қазіргі таңдағы экономиканың дамуы үшін жаңаша көзқарас керек. Қалыптасқан қазіргі жағдай әлемдік экономиканың, геосаяси дамудың, әлеуметтік трансформацияның мүлдем жаңа тәртіптерін талап етеді. Жаңадан ойлап табылып, іске қосылып жатқан технологиялардың өсімі жыл сайын геометриялық прогрессияға тең жағдайда. Президент Н.Назарбаев өзінің бір сөзінде осыған баға бере келіп, жаңғыртуды енгізу жылдарға емес, минуттарға есептелуі керек деген еді. Әлемдік даму көшінен қалмаймын деген әрбір ел өмірдің талабына орай жаңаланып, жаңғырып отыруы керек. Міне, сондықтан да Нұрсұлтан Назарбаев өзінің үшінші жаңғырту бағдарын жасап, Үкіметтің алдына оны іске асыру міндеттерін қойды», – деді.
Спикер өзінің сөзінде КСРО құлағаннан кейінгі Қазақстанның аса қиын экономикалық жағдайын еске ала келіп, Президент Н.Назарбаевтың басшылығымен нарықтық қатынастардың қалай құрылғанын, мемлекеттік және қоғамдық басқару институттарының қалай түзілгенін айтып өтті. Одан әрі Қазақстанның бүгінгі қол жеткізген табыстарын, соның ішінде халықаралық беделінің әлемдік қоғамдастықта әбден мойындалғанын айтып өтті. Сөзінің соңында ол үшінші жаңғыруды табысты іске асыру үшін Қазақстанда барлық жағдай бар екенін айта келіп, соның ішінде сапалы адами капиталдың да мүмкіншіліктері зор екенін атап өтті.
Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов халықаралық кездесулердің барысында көршілес елдер мен әлемнің басқа түпкірлерінен де Қазақстанның даму үлгісіне, жаңғыру моделіне деген шынайы қызығушылықтың бар екенін және оның ұдайы өсіп келе жатқанын нық сеніммен айтуға толық негіз бар екенін атап көрсетті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда тәуелсіз Отанымыз әлемге өзінің баянды саяси тұрақтылығымен, кешенді экономикалық дамуымен, бай мәдениетімен кеңінен танымал. «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болып сайландық. Сириядағы қанды жанжалды реттеу жөнінде «Астана процесін» қабылдаудамыз. Аса өзекті «Болашақ энергиясы» тақырыбында ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткіздік. Осындай қомақты табыстарымыз Қазақстанның әлемдік аренада өзінің лайықты орын тапқанын көрсетеді. Осының бәрі, әрине, Қазақстанның көпэтносты халқының ерен еңбегі мен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы көшбасшылығының арқасы», деді ол.
Қ.Әбдірахманов одан әрі Қазақстанның биылғы дамуына Елбасы Н.Назарбаевтың билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу, Қазақстанның үшінші жаңғыруы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы сияқты үш жаңа стратегиялық міндеттері қуатты серпін бергенін атап өтті. «Ал елдің сыртқы істер қызметі осы стратегиялық міндеттерді әлемдік қоғамдастыққа белсенді түрде кеңінен таратып отырды. Бұл жұмыста Парламент депутаттарының да айтарлықтай үлесі бар екенін айтуға тиіспін», дей келіп министр одан әрі Қазақстан экономикасына тәуелсіздік жылдары құйылған барлық инвестиция көлемі 260 млрд АҚШ долларына жеткенін айтты. Соның ішінде үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда ол 8,6 пайызға артып, 10,5 млрд доллар болыпты. Бұл істе де қолайлы заңнамалық жағдай туғызған парламентшілердің белсенді қызметтері аталып өтті.
Президенттің жаңғыру бағдарламасының аясында сыртқы саясат ведомствосының алдағы міндеттері туралы айтқанда Қайрат Әбдірахманов Орталық Азия аймағындағы елдермен дәстүрлі достық пен туысқандық қатынастарды одан әрі дамыту мақсаты алда тұрғанын атады. Алдымыздағы жылдың наурызында Елбасының төрағалық етуімен орталықазиялық көшбасшылардың көп жылдардан кейінгі Қазақстандағы кездесуі болады, деді ол. Сонымен қатар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі тұрақты емес мүшелік жұмысы жалғасып, қаңтар айында осы беделді ұйымға Қазақстанның төрағалық етуіне дайындық жүргізіліп жатқаны жеткізілді. Сонымен бірге ол 2018 жылы Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті VI съезі болатынын атап өтті.
Форумға арнайы келген Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Мемлекеттік Думасы Төрағасының орынбасары Сергей Неверов биыл Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қатынасына 25 жыл толғанын, бүгінде екі ел сенімді дос, стратегиялық әріптеске айналғанын атап өтті. Бұл қос ел президенттерінің бір-бірімен үндес сындарлы көзқарасының нәтижесі екендігіне және Еуразиялық экономикалық одақ туралы келісімге дәл осы қазақ жерінде қол қойылғанына айрықша назар аударды.
Ал Түркия Республикасы Ұлы Ұлттық Жиналысы Төрағасының орынбасары Ахмет Айдын Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстар терең мәдени әрі бауырластық қарым-қатынасқа негізделгенін, екі ел президенттерінің жиі қарым-қатынасы қос мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың тереңдігін көрсететінін сөз етті. Мажарстан Мемлекеттік Жиналысы Төрағасының орынбасары Тамаш Шнейдер: «Бұл менің Қазақстанға алғаш келуім емес. Мен өңірлерде де болдым. Маған xалықтың көңіл-күйі мен ертеңге деген сенімі ұнайды. Бұл – әрине, Нұрсұлтан Назарбаевтың 27 жылдағы еңбегі. Кеңес Одағы ыдыраған тұста xалықты біріктіріп, осы жылдар ішінде елді ғана емес, xалықтың санасын жаңғыртудағы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін бүгінде әлемдік қоғамдастық танып, біліп, қолдап та отыр», деді.
Маңызды шарада, сондай-ақ Болгария Республикасы Халық Жиналысы Төрағасының орынбасары Валери Жаблянов, Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисі төрағасының орынбасары Валех Алескеров, БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура сөз алып, біздің еліміздің өзгеге ұқсамайтын өзіндік жаңғыру үлгісіне жан-жақты пікір білдірді.
Айта кетейік, конференция барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бірқатар екіжақты кездесулер өткізді. Мәселен, Ресей Федерациясы Федералды Жиналысы Мемлекеттік Думасы Төрағасының орынбасары Сергей Неверовпен кездесуде Мәжіліс спикері әріптесін «Единая Россия» фракциясының жетекшілігіне сайлануымен құттықтап, бұл қазақстандық-ресейлік, соның ішінде, парламентаралық ынтымақтастыққа тың серпін беретіндігіне сенім білдірді. Тараптар екі елде жүргізіліп жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуде, тәжірибе алмасудың маңыздылығына назар аударды.
Одан әрі Нұрлан Нығматулин Түркиядан, Мажарстаннан, Болгариядан, Әзербайжаннан келген әріптестерімен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың өзекті сұрақтарын талқылады.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»