Ақпарат және байланыс министрі Асқар Жұмағалиев кеше Қасиетті Құрбан айт мерекесіне орай «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы қоныс тепкен сегіз қабатты жаңа ғимаратқа арнайы келді.
Министр бұл келуінде газет ұжымын айтулы мерекемен құттықтай келіпті. Сондай-ақ, А.Жұмағалиев редакция жұмысымен жақын танысуға мүмкіндік алды. Соңғы жылдары министрліктің еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының заман көшінен қалмауы бағытында бірқатар шаруалар атқарып келе жатқаны белгілі. Әсіресе, отандық телеарналардың эфирлік көрсетілімдерін сандық форматқа көшіруге ден қойылуда. Келесі жылдың республикалық бюджетінде салаға қомақты қаржының бөлінуі осы сөзіміздің айғағы болса керек. Қалай десек те, бұл үдерістерден отандық басылымдар да шеткері қалмасы анық. Таралымы 170 мыңнан асатын еліміздің басты басылымы – «Егемен Қазақстан» газеті тәуелсіздік алғалы еліміз жеткен жетістіктерді кеңінен жазып келеді. Соңғы жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ оның басшысы Сауытбек Абдрахмановтың жұмысты білікті ұйымдастыруы арқасында айтарлықтай табыстарға қол жеткізгендігін де орайы келгенде айта кеткен жөн.
Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев және аталған министрліктің Ақпарат және мұрағат комитетінің төрағасы Болат Берсебаев тоқсан жылдан астам тарихы бар «Егемен Қазақстан» газеті ұжымымен жақынырақ танысып, редакцияның жұмыс үдерісін өз көздерімен көрді. Ұлық мереке күні редакцияға келген меймандарға ұжым басшылығы қазіргі заман талабымен салынған редакция ғимаратын аралатып көрсетті. Редакция орналасқан жаңа ғимарат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен тұрғызылған. Министр осындай сәнді де жұмыс істеуге қолайлы мекенде орналасқан редакцияның газет беттерін қаттау, терім және хат-хабарларды қабылдау бөлімдеріне арнайы бас сұғып, ұжым қызметкерлерінің хал-жағдайларымен танысты. Сондай-ақ, министр ғимараттың үстіңгі қабатында орын тепкен кітапхананы, журналистердің демалатын бөлмелерін аралап көргеннен кейін, газеттің электронды нұсқасын дайындайтын шағын топтың жұмысына да назар аударды. Осы орайда министр Елбасының тапсырмасына орай басылымның электронды нұсқасын барынша жетілдіру жайын сөз етті. Бұл бағытта жасалатын бірқатар қадамдарға байланысты өзінің ой-пікірін де ортаға салды.
Ұжымның тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысуға мүмкіндік алған меймандар соңынан «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығымен саладағы атқарылуы тиіс міндеттер мен жетістіктер жайын да қозғады. Министр еліміздің бас басылымының ұжымында қалыптасқан шығармашылық ахуалға, жұмыс істеу үшін тиісті жағдайлардың жасалғандығына ризашылығын білдірді, газет басшысын алпыс жастың асқарына шыққан мерейлі мерейтойымен құттықтады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
-------------------------------
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.