Әрине бұдан алпыс жылға жуық уақыт бұрын дүниеге келген сәби туу туралы куәлігінде әкемнің аты неге жоқ деп қиғылық сала алмайды ғой. Бір өкініштісі, өсіп-өніп, ер жеткен кезге дейін өзі де, ата-анасы да бұл мәселеге мән бермей келіпті. Жалғыз емеспін, өзімнен 2-3 жас үлкен туған апам бар. Екеуміздің әкеміз де, шешеміз де бір. Соған қарамастан қазіргі күнге дейін әкемнің Оспан екенін құжат жүзінде дәлелдей алмай сергелдеңге түсіп жүрмін дейді Түгелбай. Оның туу туралы куәлігінде көрсетілмеген әкесін жоқтауы тегіндегі «ов»-ты алып тастау үшін әділет органдары өкілдеріне жолыққан кезден басталыпты.
Сол кезде «Егеменге» келген азамат олардың тарапынан «туу туралы куәлігіңізде» әкеңіздің аты жазылмағандықтан бұл талабыңызды қанағаттандыра алмаймыз деген жауап естиді. Сондай-ақ Түгелбайдың жалғыз ұл ретіндегі қазіргі тағы бір перзенттік ойы әкесінің есімін немерелеріне беру екен. Мұның да жолы түспепті. Бұған тосқауыл болған тағы да сол алдыңғы жағдай екен. Үшіншіден, мен зейнет жасына жақындап жүрген адаммын. Осыған байланысты қажетті құжаттар жинақтаған кезде де туу туралы куәлігінде әкемнің аты болмауы – тағы да біраз кедергілерге әкеліп соқтыратынын шамалап отырмын деп қынжылады Түгелбай Оспанұлы.
Қысқасы, оның әкесінің Оспан екенін дәлелдеу үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Мәдениет, архивтер, құжаттама басқармасына, әділет, прокуратура органдарына, Шалқар аудандық сотына жүгінеді. Алайда көздеген мақсатына жете алмай, сергелдең күйге түседі. Түгелбай Мәнбетжанов «Егеменнің» тілші қосынына өзінің жазған өтініштері мен талаптары бойынша жоғарыда аталған органдар мен мемлекеттік мекемелер басшылары қайтарған жауаптардың көшірмесін де ала келіпті. Бұл жауаптарда оның әкесі туралы бірде-бір құжат тіркелмегені айтылып, осы себептен де арыз берушінің әкесі жөніндегі мәліметті туу туралы куәлігіне енгізу мүмкін болмағаны айтылған.
Осы арада тағы бір гәптің құлағы қылтияды. Түгелбайдың ата-анасының дүниеге келгеніне бүгінде жүз жылдың шамасы болып қалған екен. Сол замандағы жастардың отбасын құрған уақыттары қуғын-сүргін жылдарына тұспа-тұс келеді. Содан кейін соғыс басталып кеткені белгілі. Бұл дәуірде бір-бірімен некеге тұруға сәті түспегендер, одан кейінгі жылдарда да бұл мәселеге мән бере қоймағандар көп болғаны айдан анық. Осындай жағдай Түгелбай Мәнбетжановтың ата-анасының басында да болған көрінеді. Бұл жағдай оның әкесінің туған жылы, өмір сүрген жылдары және толық аты-жөні туралы мәліметтерді анықтауға мүмкіндік бермеген сыңайлы. Әрі бұған сол кезде ауылда архивтің болмағаны да теріс әсерін тигізген секілді.
Бұл жалған өмірде шындықты дәлелдеу мен әділетті орнықтыру бірқатар жағдайларда тым қиынға соғатыны да сондықтан болса керек. Дегенмен «Әкең өлсе де, әкеңнің көзін көрген өлмесін» дегендей, Түгелбай Мәнбетжановтың ата-анасының көзін көрген қарияларды куәлікке тарту арқылы оның тілегін қанағаттандыруға болмас па екен деген ой келеді. Оспанның ұлы нотариус арқылы расталып, қолдары қойылған куәгерлердің анықтамалары мен түсініктемелерін жинақтап та қойыпты.
Солардың бірі Шалқар ауданындағы «Сейілхан» шаруа қожалығының төрағасы, тыл және еңбек ардагері Сейілхан Қайролла төмендегідей түсініктеме беріпті: «Мен Сейілхан Қайролла, 1936 жылы Жаңақоныс ауылында туып-өстім. Алдымен колхозда, кейіннен совхозда еңбек еттім. Түгелбай Мәнбетжановтың әкесі Оспан ағамызбен және анасы Әлима жеңгемізбен көрші тұрдық. Бұл отбасын толық әрі жақсы білемін.
1957-1958 жылдары ауылдық кеңестің хатшысы болған әйел кісі құжатты толтырған кезде кемшіліктер жіберген. Оған Түгелбайдың әкесі Оспан екенін жазбай қойған. Аңғал, аңқау сенгіш халық емеспіз бе?! Соның салдарынан туу туралы куәліктің қалай жазылғанына мән берілмей қалғаны анық. Біз білетін Түгелбайдың әкесі – Оспан, анасы – Әлима. Мен осыған қол қоямын». Осындай мазмұндағы түсініктемелер Т.Мәнбетжановтың ата-анасының көзін көре қалған өзге де аға ұрпақ өкілдері тарапынан алынған.
Мүмкін тиісті әділет және сот органдары осы жазылған анықтамалар мен түсініктемелер негізінде әкесінің Оспан екенін дәлелдей алмай, жаны шырқырап жүрген Түгелбай Оспанұлының тілегін қанағаттандырар деген үміт артқымыз келеді. Құжаттар мен мұрағаттарға арқа сүйеу мүмкін болмаған жағдайда, көз көргендер айтқан анықтамалар назарға алынып жатса, «Егеменге» елден келген азаматтың тілегі ескеріледі деп білеміз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданы,
Аққайтым ауылы