Айтулы шараны 10 желтоқсанда өткізу тектен-текке белгіленіп отырған жоқ, өйткені 1997 жылдың дәл осы күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен жаңа астанаға ресми көшіру басталған болатын. «Астана – Ардағым» сыйлығын тапсыру 2018 жылдың 6 шілдесіне дейін астананың мерейлі мерекесіне орай өтетін думанды шаралардың алғашқысы болып саналады.
«Астана – Ардағым» мерекелік сыйлығымен Астананың қалыптасуына үлес қосқан және Президенттің еліміздің бас қаласын көшіру туралы шешіміне барынша қолдау көрсеткен, өмірінің басым бөлігін Алматы қаласында өткізген алматылықтар – мемлекет және қоғам қайраткерлері марапатталады. Сыйлық 20 аталым бойынша таңдалады. Оның ішінде білім мен ғылым, сәулет пен құрылыс, денсаулық сақтау, спорт, өнер, кинематография, журналистика, әдебиет салалары бар.
Шараны өткізу бірнеше кезеңдерден тұрады, яғни ұсынылған номинанттарға электронды түрде дауыс беруге де болады. Байқау қорытындысы бойынша мәреге жеткен ең таңдаулы 20 жеңімпаз лайықты сыйлықтарға ие болады. Іріктеу комиссиясының қатысуымен интернет арқылы ашық дауыс беру алдағы желтоқсан айының 1-інен басталады.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ