30 Қараша, 2017

Оқымауға себеп жоқ...

469 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Әуелі сөз болған...»

Одан кейінгі сөз: «Оқы, оқы оқы...»

Жоқ, жазып отырғанымыздың дінге, уағызға, жалпы ақида ауылына қатысы аз. Мұндағы мұратымыз әуелгіден бері айтылған ниет, тілек, бұйрық, нұсқау, ақыл, кеңес... жалпы ақпаратты көзбен көріп, оқуға лайықталған әріптер жиынтығынан тұратын КІТАП туралы сөз ету ғана...

Оқымауға себеп жоқ...

Осы ғасыр басында «Қағанатты кітап құлатты» деген әйгілі мақаласын жазған марқұм, эрудит Әмірхан Балқыбектің қызық пайымы бар: ацтектердің шектен тыс кітап оқуы мен кітапта жазылғанға риясыз сенуі тұтас халықтың, тіпті өркениеттің түбіне жетті дейді ақын. Ацтектердің қандай кітап оқығаны, кітапта не жазылғаны қызықтырса ақынның шығармашылығымен танысып, мақа­ласын тауып, оқу еш қиындық тудырмайды деп ойлаймыз.

Әрі оқымауға себеп жоқ!

Енді өзіміздің айтпақ ойымызға оралайық. Аңыздағы ацтектердің әфсанасына қарсы аргумент ретін­де емес, ағартушылық тұрғысы­нан алғанда біз «Адамзатты кітап құтқарады!» деген ұстанымда болуымыз керек, әрине. Марқұм аға-досымыз Әмірхан да әдебиет туралы әдемі әңгімесінің түйінін кітап оқуға үндеумен аяқтайтын. Негізі, кітап оқу – (жалпылама түсінікте мұны ақпарат алу деп түсінген абзал, бұл туралы ең соңынан бір емеурін таныта кетерміз...) ізгіліктің белгісі екені анық.

Бірақ біз осы жолдарды жазып отырғанда бір салмақты сауалдың жауабын таба алмайтынымызды біліп, қынжылып қалдық. Көңілге кірбің түсіргені мына бір дерек: Қазақстанда қолына кітап алмайтын адамдардың үлесі 43 пайызға жетіп қапты... Нақты ақпарат көзі Алматыдағы Ұлттық кітапхана жүргізген әлеуметтік сауалнамадан шығып отыр. Сәл ескірген шығар, бірақ 2-3 жылдың жүзінде оқуға құштарлар легі көбейіп кетті дегенге сенбессіз енді. Жеке басымыз керісінше, оқырман азайып барады дегенге көбірек наныңқырайды...

Иә, оқымауға себеп жоқ!

«Кітап оқылмайды! Оқырман азайды!» деп үкім шығаруға ерте. Оқырман бар. Кітап оқылады. Сіз сұрақты басқаша қойыңыз: «Кімнің кітабы оқылады, оқырман талғамы қандай?» деп. Әйтпесе, нанымызды адалынан тауып жеп отырған тұтас салаға күйе жаққан боласыз. Мысалы, біздің тұрақты тіркеуде тұратын 18 мыңнан аса оқырманымыз бар. Оларды белінен бір сызып, кітап оқымайтындар көп деген әділетті бола қояр ма екен?» дейді біздің ойымызға қарсы уәж айтқан Алматы қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Ғазиза Құдайберген. Тағы бір дерек: «Алматыдағы Ұлттық кітапханаға келетіндер саны жылына екі миллион оқырманнан асады.

Олардың ішінде «виртуальды оқырман» миллионға жуық. Келушілердің 12,5 пайызы – ғалымдар, 5,5 пайызы – қызметкерлер, 77 пайызы – студенттер, ал 5 пайызын басқа санаттағылар құрайды...». Бәлкім, біз осы санақтағы 5 пайыздың үлесінің аздығына қарап уайым жейтін шығармыз. Болмаса, ғалымның дерек іздеп, студенттің таным іздеп кітапхана жағалауына қуанып отыра беру де күлкілі...

Сонда кітапты кім оқиды өзі? Біздіңше, кітапты тәрбиелі адам ғана оқитын сияқты. Рас, мына заманда білім­сіз адам жоқ. Бірақ білімді болу дегеніңіз тәрбиелі екендігіңіздің өлше­мі емес қой. Нақтылағанда, кітап оқыр­манды тәрбиелейді. Оқыса, әрине...

Демек, оқымауға себеп жоқ!

Біздің буынның балалық шағы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» кітабымен өтті. Тәрбие құралы да сол болды. «Түбі адам бола­тыны­мызға» сенімді едік. Біз, тіпті «Мың бір түнді» тығылып оқысақ та, тәрбиелік мәнін ұғыппыз.  Және кітап оқуға барлық мүмкіндік бар қазір. Түптелген қағазды қомсынсаңыз, смартфонға толығымен жүктеп алып, саусақпен түртсеңіз же­тіп жатыр. Демек, оқымауға себеп жоқ!

P.S. Жалпылама түсінікте кітап оқу дегеніміз – ақпарат алу ғана! Ал ақпаратты сенімді дерек көзінен алғаныңыз оңды. Таңдаусыз, талғаусыз ақпараттың зияны тұтас өркениеттің түбіне жеткені жайлы жоғарыда айттық. Кітап, ең болмаса «Егемен Қазақстанды» оқыңыз. Баспасөзге жазылу науқаны аяқталуға жақын қалды...

...Бәрібір, оқымауға себеп жоқ!

 

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»