08 Қараша, 2011

Топан су әкелген зардаптар

407 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Соңғы екі аптада Италияда орын алған су тасқынынан зардап шеккендер саны 20 адамға жетті. Генуя қаласында төтенше жағдай жарияланды. Дүкен­дер, вокзалдар, мектептер мен музейлер жабылуда. Автомобиль қозғалысына шектеу қойылып, әуе рейстері басқа әуежайларға жіберілуде. Қаладағы топан судан жеті адам қаза тапқан, олардың екеуі балалар. Зардап шеккендерді басқа жақтарға көшіруде. Қуатты циклон Франция мен Испанияға да жетіп, бұл елдерде де елеулі апаттар орын алуда. ИЗРАИЛЬДЕГІ ЕРЕУІЛ Израильде төрт сағатқа созыла­тын ірі көлемді ереуіл басталды. Оған елдің қаржы министрлігінің делдал фирмалар арқылы жалға алынған қыз­меткерлерді мемлекеттік қызметші деп тануға келісім бермеуі себеп болып отыр. Елдегі мұндай қызметкерлер саны бүгінде 250 мың адамға жететін көрінеді. Ереуіл салдарынан мемлекеттік мекемелердің, ауруханалар мен көлік жүйесінің жұмысы тоқтатылып, мектеп жасына дейінгі мекемелер мен университеттердегі сабақтар ішінара кейінге қалдырылды. ЭКОЛОГТАРДЫҢ ҚАРСЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ Вашингтондағы Ақ үй алдына 8 мыңнан астам адам қарсылық акциясына жиналды. Олар қоршаған ортаға елеулі шығын келтіруі мүмкін Keystone XL мұнай құбырының құрылысын салуға қарсылық білдіруде. TransCanada корпорациясының мұнай құбыры Техас­тың мұнай өңдеу зауыттарын Канададағы кен орында­рымен байланыстыруға тиіс. Ақ үйдің ресми адамдарының хабар­лауынша, бұл уақытта Барак Обама Ақ үйде болмаған көрінеді. ТАСҚЫННЫҢ ТОҚТАР ТҮРІ ЖОҚ Тайландтағы су тасқынынан 500-ден астам адам құрбан болған. Топан су барған сайын ел аумағына кеңінен жайылуда. Бангкок билігі қаланың 10 ауданының толықтай эвакуация­лана­тынын хабарлады. Ол бірнеше миллион­даған адам шұғыл түрде өз үйлерін тастап шығуы керек дегенді білдіреді. Тайландта шілде айынан бері жауын тоқтаусыз жаууда. Кем дегенде 800 тұрғын үй қирап, жолдар бұзылған. Банктер жабылып, 10 мыңға жуық зауыттар мен фабрикалардың жұмысы тоқтатылған. 700 мыңдай адам жұмыссыз қалып отыр. ХАКЕРЛЕР ШАБУЫЛЫ Израильдің қарулы күштері мен қауіпсіздік қызмет­терінің сайттарына хакерлік шабуыл жасалды. Халықаралық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Израильдің қорғаныс армиясының және мемлекеттік қауіпсіз­дік қызметінің интернет парақтары оффлайнға шығарылған. Елдің Моссад барлау басқармасының сайты да осындай жағдайға душар болған көрінеді. Осылайша, хакерлер Газа секторына бара жатқан «Бостандық флоти­лиясы»  кемелерін ұстап қалғаны үшін Израильден кек қайтаруға талпынуда. КӨШ БАСЫНДА – ДАНИЕЛЬ ОРТЕГА Никарагуада өтіп жатқан президент сайлауында қазір­гі мемлекет басшысы Даниель Ортега көш басында келеді. Бюллетеньдердің 7 пайызын есептеу қорытындылары бойынша Ортега сайлау­шылардың 64 пайызының қолдауына ие болған. Ал оның ең жақын қарсыласы Фабио Гадеа бар болғаны 29 пайыз ғана дауыс жинаған. Айта кету керек, елдің экс-президенті Арнольдо Алеманға сайлаушы­лардың небәрі 6 пайызы ғана дауыс берген көрінеді. ҚАРТТАР ҮЙІНДЕГІ ӨРТ АҚШ-тың Калифорния штатының Марина қалашы­ғын­дағы қарттар үйінде тұтанған өрттен 5 адам қаза тапқан. Жанып жатқан үйдегі адамдарды құтқармақ болған үш полицей де уланып қалған. Сонымен бірге, полицейлердің сыртында тағы екі адам зардап шеккен көрінеді. Оларға ауруханада медициналық жәрдем көрсетілген. Қазіргі уақытта қарттарға арналған жеке үйдегі өрттің пайда болу себептері анықталуда. ВЕНЕСУЭЛАЛЫҚ ҚЫЗ ӘЛЕМ АРУЫ АТАНДЫ Жексенбі күні Лондонда өткен Әлем аруы-2011 байқауында Венесуэланың 21 жасар өкілі Ивиан Лунасоль Саркос Кольменарес жеңімпаз атанды. С.Кольменарес өзінің жастығына қарамас­тан HR саласының маманы атанып, қазіргі уақытта хабар таратушы компа­ниялардың бірінде қызметкер болып істейді. Ол болашақта балалармен жұмыс істеуді армандайды екен.  Әлем аруының өзі көп балалы отбасында дүниеге келген. Оның 12 аға-іні және апа-сіңлілері бар көрінеді. РЕСЕЙДЕГІ СТАЛИН БЕЙНЕЛЕНГЕН КӨЛІКТЕР Кейбір блоггерлер таратқан ақпаратқа қарағанда Иосиф Сталиннің портреті бейнеленген жолаушылар көлігі Иркутск, Түмен, Чита, Калининград және Севастополь қалалары көшелерінде жүрген көрінеді. Сталин портретінің қалалық көліктерде пайда болуын 1941 жылғы 7 қарашадағы әскери парадты еске алу күнімен байланыстырады. Қызыл алаңда өткен салтанатты марш та осы күнге арналды. Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Сталинді құрметтеушілер оның суретін автобустарға, маршруттық таксилерге салып, қоғамдық көліктерге плакаттар жапсыруды жоспарлаған еді. Оған Мәскеу билігі қарсы шыққан болатын. Ал 6 мамырда Сталин бейнеленген плакаттар Санкт-Петер­бург метросында пайда болған. Интернет материалдары негізінде әзірленді.