Жаңа қарар жобасы Бас Ассамблеяның төрағасынан Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күнін атап өту және ілгерілету мақсатында жыл сайынғы жоғары деңгейдегі пленарлық отырыс ұйымдастыруды сұрайды.
Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күні ретінде 29 тамыз БҰҰ Бас Ассамблеясымен 2009 жылғы 2 желтоқсанда Қазақстанның бастамасымен бекітілген болатын. 1991 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тиісті Жарлығымен әлемдегі екінші ядролық сынақ алаңы саналған Семей полигонын жапқан-ды.
2010 жылдан бастап, осы күн әлемдік деңгейде кеңінен аталып, ал БҰҰ қабырғасында жыл сайын Бас Ассамблея төрағасының жетекшілігімен тиісті бейресми отырыс өткізіліп келеді. Мұндай басқосулар ұйымдастыру ісіне қажетті мандатсыз жүргізіліп келген. Сол себепті Қазақстан тиісті мандатты енгізу үшін осы жолы қарарға арнайы тармақ қосу туралы бастама көтерді. Бастамада Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күнін атап өту және ілгерілету мақсатында Ассамблея төрағасынан жыл сайын жоғары деңгейдегі пленарлық отырыс ұйымдастырып отыру сұралған.
БҰҰ-ға мүше мемлекеттер тиісті тармақты қосуға бірауыздан қолдау көрсетіп, осылайша ядролық сынақтарға толық тыйым салу үшін халықаралық күннің өзектілігі туралы ұстанымдарының ортақтығын білдірді. Осы әрекетімен дүниежүзілік қоғамдастық бұл күннің ядролық сынақтар құрбандарына тағзым ету және халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікке төніп отырған орасан қауіп туралы адамзаттың есіне салу тұрғысынан маңыздылығын нақтылай түсті.
Бірінші комитет алдында сөз сөйлеген БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров 29 тамыздың Қазақстан үшін ғана емес, әлемнің көптеген елдері мен ядролық сынақтардан жапа шеккен миллиондаған адамдар үшін тарихи маңызы бар күн екенін атап өтті. Ол әлемді ядролық сынақтарға толық тыйым салу жолындағы күресті бірауыздан жалғастыруға шақырды.
«Біздің тағдырымыз ортақ, сондықтан тұрақты даму мақсаттарының терминологиясымен айтқанда, «еш нәрсе де ұмыт қалмауы тиіс», ал қарусыздану тілімен сөйлесек, «бір-бірімізге қамқорлық танытуымыз қажет». Осылай ғана адамзат пен қастерлі планетамызды құтқара аламыз және адамзаттың қамы үшін бірінші кезекте ядролық қаруды сынауды түбегейлі доғару талап етіледі», деген қазақстандық дипломат ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар халықаралық күнін атап өту дәстүрін жалғастыруға қолдау танытуды сұрады.
Сөз соңында Қ.Омаров жаңартылған жобаны әзірлеу бойынша бейресми консультацияларға белсенді қатысқан барлық мемлекеттерге, сондай-ақ оның 42 демеушісіне ерекше алғысын білдірді.
«Егемен-ақпарат»