Қазақстан • 30 Қараша, 2017

Әскери патриотизмнің әлеуеті зор

6173 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жаңа қазақстандық патриотизм мен ұрпақтар сабақтастығы прин­циптерінің негізінде жеке құрамның моральдық-психологиялық рухын қалыптастыру Қарулы Күштердің басты тапсырмаларының бірі. 

Әскери патриотизмнің әлеуеті зор

Жас ұрпақтың алдында өздерінің әскери борыштарын орындау, өздерін нақты істе көрсету, мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту жолында өз күштері мен кәсіби білімдерін қайда жұмсай білу керектігін айқындау жолы тұр.

Сол себепті Елбасы өзінің Жолдауында «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» деп өмірлік маңызы бар нақты тапсырма қойды.

Патриотизмнің негізгі ұстанымы Мем­лекеттік жастар саясаты туралы Заң мен Тұ­жы­рымдаманы іске асыру шеңберіндегі жалпыұлттық тапсырмалар мәртебесіне ие қоғамның рухани дамуының стратегиялық маңызды ұстанымы болып табылады.

Осыған байланысты мемлекет қазақ­стандық жастардың лайықты өмірін қамтама­сыз етуде үлкен жұмыстар атқаруда.

Аға ұрпақтың ерлік эстафетасын лайықты жалғастыратын, Қазақстанның гүлденуі мен оның әлемде танылуы жолында әрдайым биіктен табылатын жастарға үлкен үміт пен жауапкершілік жүктеледі.

Осыдан тура екі жыл бұрын, 2015 жыл­ғы 1 желтоқсанда, Тұңғыш Президент кү­ні Мемлекет басшысының қатысуымен Ота­­ны­мыздың астанасында Қазақстан Рес­публикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы ашылған болатын.

Орталықта азаматтардың, оның ішінде жастардың тәрбиесінде маңызды рөл атқаратын еліміздегі алғашқы әскери-тарихи музей жұмыс істейді. Әскери-тарихи музей көшпенді ұлттың мәдениеті мен тұрмысына көңіл аударту, мемлекеттің әскери тарихын, жауынгерлік дәстүрлер мен ритуалдарды зерделеу мен насихаттау арқылы жастарға патриоттық тәрбие беріп келеді. Сонымен қатар музей қонақтары қазіргі заманғы Қазақстан әскерінің қалыптасуы мен дамуының тарихи кезеңдерінен де мол мағлұмат алады.

Орталықтың құрамына әскери оркестр, эстрадалық-симфониялық оркестр, фоль­клорлық-этнографиялық, би және вокалды топтардан құралған ансамбль, сондай-ақ әскерге дейінгі жастарға патриоттық тәрбие беруде үлкен жұмыс атқарып отырған әскери-патриоттық жұмыстар бөлімі кіреді.

Бүгінде Қарулы Күштердің Ұлттық әске­ри-патриоттық орталығы өскелең ұрпақты әс­ке­ри-патриоттық рухта тәрбиелеп жүрген жастардың қоғамдық мекемелерінің қызметін үйлестіруші мекемеге айналып отыр.

Жастар ұйымдары мен әскери-патриоттық клубтардың қызметін үйлестіру мақсатында орталықтың базасында «Жас сарбаз» Республикалық балалар мен жастардың әскери-патриоттық қоғамдық бірлестігі құрылған. Бұл қоғамдық бірлестіктің филиалдары барлық өңірлерде тіркелген.

Осының арқасында биылғы жылы әс­кери-патриоттық клубтардың саны 2461-ге өссе, ондағы балалар саны 68 803 адам болып отыр. Биыл «Жас сарбаз» қозғалысы басқа мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, республикалық деңгейде жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде 130 түрлі іс-шара өткізді. Аталған шаралар негізінен Қазақстаан Республикасы Қарулы Күштерінің 25 жылдығы шеңберінде өткізілгенін атап өткен жөн.

Осы шаралардың ішінде көлемі жағынан үлкен «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны болғаны даусыз. Аудандық, қалалық, облыстық деңгейде өткен іріктеу турларына барлығы 25 000 баладан тұратын мыңнан астам клуб қатысты. Халықаралық жиынға облыстық іріктеуден оза шапқан клубтар қатысып, өз өңірлерінің намысы үшін бақ сынасты.

Апта бойы жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу бойынша идео­­логиялық жұмыстар жүргізілді. Мә­де­ни-демалыс шаралары, концерттер, алау жанындағы кештер ұйымдастырылды. Бозбалаларымыз бен қыздарымыз спорттың әскери-қолданбалы түрлері бойынша және әскери-далалық тактикалық ойындарда, «Менің роботым» байқауы мен «Танк ұрысы» компьютерлік ойындарында сынға түсті.

Жас патриот образын қалыптастыру мен жастардың шығармашылығын дамытуда жыл сайын рсепубликалық деңгейде өткізілетін «Жас ұлан» жауынгер әндерінің фестивалі де айрықша рөл атқарады. Өз тарихын 1997 жылдан алатын фестиваль қоғамда танымал болып үлгерді. Биыл өткізілген фестиваль қазақстандық композиторлардың Отан туралы армия туралы шығармаларының көптеп орындалуымен құнды және жыл өткен сайын жастардың қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетті. Ән фестивалінің қорытынды кезеңіне еліміздің барлық өңірінен 212 оқушы қатысты.

Кадеттік сыныптарды ашу «Жас сарбаз» қозғалысы қызметінің басым бағыттарының бірі болып отыр. Қазіргі таңда еліміз бойынша 101 кадеттік сынып ашылған. Онда үш мыңға жуық бала білім алуда.

Кадеттік сыныптардың тәрбиеленушілері өмірге неғұрлым бейімделген, олар негізгі пәндермен бірге әскери мамандықтың қыр-сырын, қол жекпе-жегі ұрысының әдістерін, шет тілдерін және этиканы оқиды. Бұл сыныптардың тәрбиеленушілерінің бәрі оқу озаттары.

Жергілікті атқарушы органдармен бірле­сіп, дәстүрлі түрде әскери-патриоттық акциялар, байқаулар, викториналар, әскери-далалық ойындар, әскерилендірілген эстафеталар, «Ашық есік күндері», «Шақырылушы күні», «Жас армияшы күні», «Қазақстан әскеріндегі бір күн», «Ақ найза», «Ұлан», «Алау», «Батыр», «Жас ұлан» және тағы басқа шаралар өтіп тұрады.

Жыл сайын оқу орындарында «Ерлік сабағы» өткізіліп келеді. 2017 жылы осы іс-шараларға алты мыңнан астам әскери қызметші тартылды.

Ұлттық әскери-патриоттық орталық үшін Парламент депутаттарымен, мемлекеттік органдардың басшыларымен, Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагерлерімен жас­тардың кездесуін ұйымдастыру игі дәстүрге айналып келеді. 2017 жылғы 23 қарашада Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Парламент Сенаты халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның төрайым­дығымен әскери-патриоттық жұмыс­тарды одан әрі жетілдіру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кездесу болып өтті.

Аталған шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен әлеуетті құрылымдардың басшылары, әскери-патриоттық клубтар мен кадеттік сыныптардың тәрбиеленушілері қатысты.

Кездесудің қорытындысы бойынша шараға қатысушылар Қазақстан Республикасында әс­кери-патриоттық жұмыстарды одан әрі ­жетілдіру мәселелері бойынша ынты­мақтас­тық пен өзара іс-қимыл туралы мемо­рандумға қол қойды.

Кездесуде сөз алған Дариға Назарбаева жастардың бойында жоғары рухани-па­триоттық сапа борыш сезімі мен азамат­тық жауапкершілікті қалыптастыру бұл бар­­лық мемлекеттік органдардың, жас­тар ұйымдарының, отбасы мен қоғамның атқа­ратын жұмысы деп атап өткен болатын. Кездесуде Дариға Назарбаева «Жас сарбаз» республикалық балалар мен жастардың әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысының төрайымы болып сайланды.

Қарулы Күштердегі әскери-патриоттық жұмыстар әскери қызметшілер мен өскелең ұрпақты патриотизм мен Отанға деген махаббат сезімінде тәрбиелеуге бағытталса, Ұлттық әскери-патриоттық орталығы еліміздегі жастарға әскери-патриоттық тәрбие берудегі басты орталық болып отыр.

 

Мұхамеджан ТАЛАСОВ,

генерал-майор

Қазақстан Республикасы

Қарулы Күштері Бас штабы

бастығының орынбасары