Қазақстан • 30 Қараша, 2017

Қандастарымыз қоғам құрды

410 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше елорда төрінде орна­ласқан Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де еліміз территория­сынан тыс жерде туып-өсіп, тәуелсіздіктен кейін ата­­ме­кенге оралған қазақ зия­лыларының бастамасымен құ­рылған «Тарихи атажұрт» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен «Рухани жаңғыру және отандастардың елдік болмысы» атты конференция болып өтті.

Қандастарымыз қоғам құрды

Мұндағы мақсат – қазіргі таңда баянды бағытқа жол сілтеп отырған еліміздегі саяси бастамаларды қол­дау және Елбасының рухани жаң­­ғыруға ұласқан бағдарламалық ма­қаласына үлес қосу дейді, ұйым­дастырушылар.

Өткен күндер белесіне үңілсек, елі­­міз тәуелсіздігін жариялаған 1991­ жылдың 16 желтоқсанынан ке­йін, арада аз ғана күн өткенде, яғ­ни 1992 жылдың 10 қаңтары күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дүние жүзінде өмір сүріп жатқан қазақ бауырларына Үндеу тастап, атажұртына шақырды. «Расында бүгінгі күні әлемде өздерінің шет­­тегі қандастарын тарихи отанына қайтарып алып отырған үш мемлекеттің бірі – Қазақстан. Мем­лекет басшысының басқасын айтпағанда тек осы ісі-ақ оның ұлт тарихынан ойып орын алуына жетіп жатыр», деді жиын үстінде сөз алған Парламент Мәжілісінің дептутаты Бекболат Тілеухан. 

Сол сияқты конференцияның тағы бір қадірлі қонағы мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Әлемде туған жеріне қаққан қазықтай байланған бір халық болса, ол қазақ еді. Тағдырдың сойқан желі сол қазақты қазығынан айырды» деген жүрекжарды сөзін көпшілікке арнай отырып, 1992 жылы Алматы қаласында өткен дүние жүзі қазақтарының алғашқы құрылтайын ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болғанын, осы жиын барысында әлемнің шартарапына шашылып кеткен қазақ туғандардың атажұртына деген ыстық ықыласы мен сартап сағынышына куә болғанын, тіпті сонау Алтай айналып, Анадолының топырағын басып келген қазақ ақсақалы ұшақтан түсіп, табаны жерге тиген сәтте жата қалып, қара жерді сүйгеніне куә болғанын аса бір тебіреніспен жеткізді. 

Өз кезегінде сөз алған респуб­ликалық Ардагерлер кеңесі төраға­сының бірінші орынбасары, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, бұл басқосудың мұраты халықты бірлік пен берекеге жұмылдыратын игі бастама болғай деп баталы ті­легін арнаса, алаштанушы ғалым, академик Дихан Қамзабекұлы, кез кел­ген құрылтай-конференция қа­зақтың тұтастығын сақтау үшін жасалуы керек, сонымен қатар оралман бауырларымыздың ұлт бірлігі мен азаматтық қоғамдасу дәстүріне қосып отырған үлесі зор дегенге тоқталды.

Басқосу соңында конферен­ция­­ның күн тәртібіне қойылған бір­­лестіктің басшылық құрамын бе­кіту мәселесі бойынша жиынға қа­тысуышылар бірауыздан «Тарих атажұрт» бірлестігінің төрағалығына Өзбекстан елінен оралған бауырымыз Ғалым Пернебаевты лайық деп таныды. 
Көпшілік қауымның алдында міндет жүктеген Ғалым Пернебаев болашақта қазақ халқының ынты­мақ-бірлігі үшін жұмыс жасайтынын, Мемлекет басшысының саясатын қолдап, сырттағы қазаққа елдегі салиқалы саясаттың дұрыс жетуіне ықпал ететінін айтып, қоғамдық бірлестіктің алда атқаратын жұмыс­тарымен таныстырды. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген 
Орынбай БАЛМҰРАТ, 
«Егемен Қазақстан»