Зерттеу жұмыстарында сандық және сапалы әдістер қолданылды. Олардың қатарына 2000 адамнан тұратын сауалнама (14 облыстағы қалалар мен ауылдардың, Астана және Алматы қалаларының тұрғындары), фокус-топтық пікірталастар, сарапшылардың сауалнамалары, сұхбаттар, бұқаралық ақпарат құралдарының және әлеуметтік медианың мазмұнды талдауы кірді. Бұл тәсіл қоғамдық өмірдің түрлі салаларында модернизациялау үрдістерін барынша кең және объективті түрде қарастыруға мүмкіндік берді.
«Зерттеу жұмыстары көрсеткендей халықтың 90%-ы мен сарапшылардың 96%-ы Н.Назарбаевты ұлтаралық бейбітшілік пен келісімнің басты кепілі, яғни қазақстандықтардың басты құндылықтарының бірін сақтаушы деп есептейді. Осылайша, Мемлекет басшысына артылған сенім жаңғырту үдерістерін табысты дамытудағы маңызды қадам болып есептеледі», – деді Еуразиялық интеграция институтының директоры Ғани Нығыметов.
Сауалнама барысында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай қазақстандықтардың қоғамдық сананы жаңғырту тұжырымдамасын түсіну дәрежесін білу маңыздырақ болды. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі бұл бағдарламада ұлттың адами капиталының сапалы өсу мүмкіндігін байқайды. Ал қатысушылардың 27%-ы қоғамдық сананың жаңаруын азаматтардың бүгінгі дәуірдің шарттарына сәйкес ойлаудың өзгеруі ретінде түсіндірді. 27%-ы жұрттың, әсіресе жастардың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру деп білсе, 18%-ы азаматтардың сапалы білім алу негізі, ал тағы 15%-ы қоғамдық сананы жаңғырту аясында Қазақстанның мәдениеті мен тарихы жайлы білімдерін арттыра түседі деген пікірде.
Әлеуметтік сауалнама нәтижесі бойынша қазақстандық қоғам тұтастай жаңғырту бағытын белсенді түрде қолдайды. Үштен бір бөлігі (31,8%) мемлекеттің дамуы үшін міндетті түрде қажет деп есептейді; ал төрттен бірі Үшінші жаңғыртуды жүзеге асыру арқылы Қазақстан халқының өмірі жақсарады деп ойлайды.
Сарапшылардың басым бөлігі (57,1%) қоғамдық сананы жаңғырту идеясын қолдайды. Себебі, бұл мемлекеттің дамуы үшін маңызды деп есептейді. Ал үштен бірі (34,7%) жаңғырту міндетті түрде қажет, бірақ алдымен халықтың өзекті мәселелері шешілуі тиіс деген пікірде.
Ал «Қазақстан өзін дамыту үшін не нәрсеге ұмтылуы қажет?» деген сұраққа 41,8%-ы «нағыз демократиялық елге айналуы керек», 34,6%-ы «индустриалды дамыған ел болуы қажет» деп жауап берді. Сонымен қатар, 28,2%-ы «адамның өмірі мен өз идеяларын жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдайға ие ел болу», 26,3%-ы «Орталық Азияда жетекші ел болу», 20,6%-ы «әскери күші бар державаға айналу», 20,2%-ы «әлеуметтік әділетті және әл-ауқатты елге айналу» деген жауаптар да болды.
Ал Еуразиялық интеграция институты директорының орынбасары Наталья Калашникова «Н.Ә. Назарбаев – Еуразиялық интеграциялық үрдістер: жаңғырту перспективалары» тақырыбында жүргізген әлеуметтік зерттеу жұмыстарының қорытындысын жариялады. Сауалнамаға қатысқандардың 87,3%-ы Қазақстанның сыртқы саясаты дұрыс бағытта деп есептесе, тек 6,5%-ы мұндай пікірмен келіспейді.
Сондай-ақ, респондеттердің көбісі (86%) Казақстанның Еуразиялық Экономикалық Одаққа қатысуын құптаса, 6,5%-ы қарсы екенін білдірді. Ал 3%-ы Еуразиялық Экономикалық Одақ жайлы ешнәрсе білмейтінін айтты.
Ал Қазақстанның ішкі саясаты туралы қатысушылар мен сарапшылардың пікірі бір-біріне ұқсас келеді. Сарапшылардың барлығы дерлік еліміздің Еуразиялық Экономикалық Одаққа қатысуын қолдайды. Статистикаға нақты тоқталар болсақ, 82%-ы «иә» деп жауап берсе, 16%-ы «дұрыс шығар» деген нұсқаны таңдады. Ал 2%-ы қарсы екендерін білдірді.
Сауалнамаға сәйкес Қазақстанның ең маңызды әлеуметтік-саяси құндылықтарының бестігіне мыналар енді: тәуелсіздік (49,3%), ұлттық қауіпсіздік (41,2%), ұлттық бірлік (39,2%), адамның құқығы мен бостандығы (37%), тұрақты экономикалық өсім (35,8%).