Ақтөбе облысының кадрлық комиссиясының шешімі бойынша айырықша тәртіптік жаза қарғалы ауданының әкімі Рахат Сыдықовқа берілген. Не үшін? Айдың, күннің аманында не бүлдіріп қойды екен? Атқарып жүрген қызметінде бір шикілік болғаны-ау шамасы. Жоқ, мұның бірі де емес, гәп басқада болып шықты. Ол Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың Қарғалы ауданына сапары кезінде үстірттікте ұрынған. Нақтырақ айтқанда Р.М.Сыдықов облыс басшысы аталған ауданға қарасты Бадамша ауылында тұрғындармен кездесу сәтінде ала-құлалыққа жол берген. Аудан әкімі бұл басқосуға тек бір ғана жергілікті мемлекеттік қызметшілер мен шағын және орташа бизнес өкілдерін және кәсіпкерлердің ғана шақырылуына түрткі болыпты. Сөгісті сол үшін арқалапты.
Бұған не деуге болады? Әрине мұның өзі тек бір ғана Қарғалы ауданынң әкімі Рахат Сыдықовтың тарапынан кездескен кемшілік десек, шындықтан алшақтау кетіп қалармыз. Өзге өңірлерде де осыған ұқсас көріністер кездесіп қалып жүргені де жасырын емес. мұндай сыңаржақ ұстаным кездесуге келіп отырған жергілікті атқарушы органдар жетекшілерінің абыройына дақ түсіруі мүмкін екенін де жоққа шығара алмасақ керек. Екіншіден лауазымды тұлға мен бетпе-бет пікір алысуға тек «штаттағы шешендер» мен мемлекеттік қызметшілердің шақырылуы –ел-жұрттың арасында әр түрлі алып-қашпа пікірлер туғызуы да ғажап емес.
Кәне, әңгіменің ашығына келейікші? Республикадағы облыс әкімдері үлкен лауазымды тұлға емес пе? Облыс орталығынан шалғай орналасқан жергілікті елді-мекендерде тұратын қарапайым халықтың өңір басшысының қабылдауына кіруіне мүмкіндігі бола бермейтіні белгілі. Екіншіден олардың бәрін қабылдауға облыс әкімдерінің жұмыс кестесі сәйкес болмайтыны тағы да түсінікті.
Сонда жергілікті тұрғындар көкейде жүрген ойлары мен тілектерін осындай кездесулерде айтпағанда қайда айтады? Әйтсе де кейбір жағдайларда ел-жұрттың өкілдері оған шақырылмай қалады. Әңгіменің қысқасыел тұрғындары мен билік өкілдері арасында тікелей үн қатысулар болған жағдайда өзара түсіністік одан әрі тереңдей түспей ме? Қарғалы ауданының әкімі Рахат Сыдықовқа өңірлік кадрлық комиссияның шешімімен сөгіс жарияланғанын жергілікті баспсөз беттерінен оқыған кезде осындай ойлар келіп еді көкейге. Бұл жәйттерден оның өзге әріптестері тиісті сабақ алса игі.
Темір Құсайын
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе