Палата Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартты ратификациялады.
Шарттың негізгі мақсаты Еуразиялық экономикалық одақта бірыңғай кедендік реттеуді қамтамасыз ету болып табылады. Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі кедендік реттеу саласында:
- декларация негізінде толтырылған құжаттарды кеден органына ұсынбай, кеден декларациясын электрондық түрде беру мүмкіндігі;
- кеден декларациясы тіркелген сәттен бастап төрт сағаттың ішінде тауарларды шығаруды жүзеге асыру;
- кеден декларациясын тіркеуге және тауарларды автоматты түрде шығаруға байланысты кедендік операцияларды кеден органдарының лауазымды адамдарының қатысуынсыз жасау мүмкіндігі;
- Уәкілетті экономикалық оператор мәртебесінің берілуі мүмкін заңды тұлғалардың санаттарын көбейту, арнайы жеңілдіктердің тізімдерін, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одақтың бүкіл аумағындағы кедендік бақылауға қатысты арнайы жеңілдіктердің тізімдерін ұлғайту сияқты жаңа басым бағыттарды енгізеді.
Сенаторлар екі оқылымда қарап, тұрғын үй туралы заңнамаға түзетулерді қабылдады.
Заңның мақсаты Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарының әскери қызметшілерін тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру болып табылады.
Атап айтқанда, түзетулерде әскерилерге берілетін қызметтік тұрғын үй орнына бюджет қаражаты есебінен арнайы ақшалай қолдау көрсету қарастырылған. Бұл ретте, осы тұрғын үй төлемдерінің мөлшері аймақтық және отбасылық құрам ерекшеліктеріне қарай сараланатын болады.
Құжат қызметтік тұрғын үй жекешелендіруге жатпайтын кезде (егер ол әскери қалашықтарда, шекара заставалары және өзге де жабық нысандар аумағында болса) әскери қызметшілерге төленетін, тұрғын үй жәрдемақысы мен ақшалай өтемақы мөлшерін есептеу тәртібін айқындайды.
Тұрғын үй төлемдерін пайдаланудың мақсаты, оларды төлеуді тоқтату негіздері, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерінің құрамы нақтыланады.
Әскери қызметкер қаза болған жағдайда, отбасы мүшелеріне, мұрагерлерге тұрғын үй төлемдерін пайдалануға, біржолғы ақшалай өтемақы түрінде алуға кепілдік беріледі. Әскери қызметкердің өліміне (қайтыс болуына) байланысты біржолғы ақшаны төлеуден бас тарту шарттары бекітілген.
Жекелеген түзетулер арқылы банктік шоттарда жинақталған тұрғын үй төлемдерін мақсатсыз пайдаланудан қорғау мәселелері реттелген.
Отырыс барысында сенатор Дариға Назарбаеваның Премьер-министр Б.Сағынтаевтың атына жолдаған «Қазтелерадио» АҚ-ға тиесілі «OTAU TV»-ның 1 миллионнан астам абоненттерін «Caspio HD» жеке компаниясына қандай мақсатпен беріліп жатқанын анықтау туралы; сенатор Нариман Төреғалиевтың балет пен би әртістерінің зейнеткерлік жас мөлшерін белгілеуді қайта қарау туралы депутаттық сауалдары жария етілді.
Отырыс соңында Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев сенаторларды келе жатқан мереке - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күнімен құттықтады. Сенаторлардың бастамасы бойынша заңнамалық деңгейде қабылданған бұл маңызды ұлттық мереке 2012 жылдан бастап мерекеленіп келеді.