Дүбірлі дүниедегі бұл өзгерістер экономиканы, руханиятты, саясатты, мәдениетті түгел шарпып, жаһанданудың әсер-ықпалы тимеген ел сирек. Дүниені қайта бөліске салғысы келген, жер бетінде жаңа тәртіп орнатуды көздеген, геосаяси кеңістікте өз ықпалын арттыруға жаныға кіріскен алпауыт елдердің жаңа тұрпаттағы, өзгеше сипаттағы қызу әрекеті қарқын алды. Осындай алмағайып сәтте тарих сахнасына Тәуелсіз ел ретінде шығып, туын тіктеген Қазақ елінің көшін аудармай, мақсатты жеріне төрт құбыласын түгел сай етіп жеткізудің қаншалықты жауапты да салмақты іс екенін басынан кешкен адам ғана түсінер.
Тағдыршешті кезеңде Қазақ елінің тізгінін ұстап, көшін бастауды тағдыр Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңдайына жазған екен. Қазақ елінің тізгінін қолына алған Елбасы әуелгі сәттен бастап-ақ бабалар аманатына сай алысты көздеген, байырқалы болашақты баянды ететін байыпты жолды таңдады. Елін де осы ұстанымға ұйытты. Ұлы мақсат жолына жұмылдырды. Әрекені емес, берекені, ашуды емес, ақылды алға ұстап, ақырын жүріп анық басуды Өзі ғана емес, тағдырын қолына сеніп тапсырған халқына, одан қалды маңайын қоршаған өзге елдерге де ұғындырды. Осындай сарабдал саясат, салиқалы ұстанымның нәтижесінде Қазақ елі дау-дамайдан аман, ұрыс-жанжалдан тыс өз арнасымен дамып келеді...
1989 жылғы тұңғыш Тіл туралы Заңның қабылдануына, онда тек қазақ тіліне ғана мемлекеттік тіл мәртебесін берудің бастауында Елбасының тұрғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Жоғарғы Кеңес депутаттарының басым бөлігі қостілділікті қолдап дауыс берген кезде, оны қайта дауысқа салайық деген ұсынысты өткізуге мұрындық болған да Елбасы еді. Соның арқасында Қазақ тілі – мемлекеттік тіл мәртебесін алып, өрісі кеңейіп, қолданысы артуға бет алды.
Ол кезде тіл үшін болған күрес пен тіресті бүгінде айтуға ғана оңай. Шын мәнінде, туған тіліміздің теңдігіне елім, тілім деген азаматтардың қажыр-қайраты мен ықыласының арқасында қол жеткен болатын. Сөйтіп тіл тәуелсіздігі жолындағы күрес ел Тәуелсіздігіне алып келген болатын.
Әрине, Тәуелсіздікті алу оңай емес, ал оны ұстап тұру, әрі қарай келешегін кемелді ету одан да қиын. Бұл күнделікті тынымсыз еңбекті, жігерді, қажыр-қайратты, қала берді елдің әрбір азаматының осы бағыттағы жауапкершілігі мен әрекетін қажет етеді. Осы орайда ел тәуелсіздігін нығайту үшін шешуін күткен мынадай ірі-ірі мәселелер болды. Олардың басты-бастылары: елде қазақтардың санын көбейту, ұлттық санасы мен рухын көтеру, ел халқын ортақ мақсатқа жұмылдыру, елдің тұрмыс-тіршілігі мен әл-ауқатын арттыру секілді маңызды міндеттер еді. Осынау күрделі мәселелерді алдын ала көре білген, оның астарын терең түсінген Елбасы бұл мәселелердің ұтымды шешімін де таба білді. Елдегі қазақтардың табиғи өсіміне ғана арқа сүйей отырып, мемлекет құраушы ұлттың санын арттыру ұзақ уақытты қажет ететін. Сондықтан әр жылдары тағдырдың жазуымен әлемнің көптеген елдеріне тарыдай шашыраған қандастарымыздың басын атажұртта қосудың нағыз ұрымтал сәті түскен еді. Сөйтіп Елбасы жер-жиһандағы қазақтардың баршасына сауын айтып, көк Тудың астына жиналуға шақырды. Ұлы жиын – Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы атамекенде 1992 жылы зор ауқыммен дүркіреп өтті. Бұл тарихи бас қосуда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы құрылып, оның басшылығына тұңғыш Президент – Нұрсұлтан Назарбаев сайланды. Осы оқиға шеттегі қазақтардың атажұртқа ағылуына жол ашып, ғасыр көшіне ұласты. Қашанда елге ел қосылса құт емес пе?! Соның арқасында елде қазақтардың саны артты, сұйылып кеткен қаны жаңарды.
Жоғарыда айтқанымыздай, еліміздің ұлттық құрамы біркелкі емес. Соңғы жүз жыл ішінде елімізде түрлі жағдаймен жүзден астам ұлт өкілдері бас қосқаны мәлім. Жатты жақынға айналдыру, өзім дегенді өзекке теппей, бауырға тарту – ежелден бергі ата салтымыз, кісілік қалпымыз. Осыған орай Елбасының тікелей бастамасымен еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің мәдениетін дамытуына, қазақ қоғамымен тұтасуына мүмкіндік беретін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Ел іргесі мен татулығын нығайтуға бағытталған мұндай әлемде теңдесі жоқ құрылым өз жемісін беруде. Қазақстанның ұлтты тұтастырудағы мұндай тәжірибесі әлем жұртшылығының назарын аударып, оны зерттеуге ықылас танытып отыр. «Жарлыны жиып бай қылды, құрама жиып ел қылды» деген осындай-ақ болар.
Осылайша елімізде қазақ тілінің өрісі біртіндеп кеңейіп, қолданысы арта түсті. Әсіресе білім саласындағы үлес салмағы көбейді. Мысалы, 1997 жылы қабылданған Тіл туралы екінші Заңда мектепке дейінгі балалар мекемесін (балабақшаларды) мемлекеттік тілде ұйымдастыруды қамтамасыз ету туралы бап енгізілді. Осы заңда ономастика және терминология комиссияларының құзыреті анықталып, жұмыстары жүйеге түсірілді.
Елдің ішкі-сыртқы саясатын бір жүйеге түсірген соң Елбасының қолға алған аса ауқымды бастамасы ел астанасын Арқа төріне ауыстыру болды.
Елбасының астана ауыстыру бастамасы – тарихи шешім, стратегиялық маңызы аса зор ғаламат оқиға! Астананың тарихи да, экономикалық та, геосаяси да, символдық та мәні зор. Астана – Қазақтың алға ұмтылған арманының, күш-қуаты мен қайрат-жігерінің көрінісі, Ұлы Орда – Мәңгілік Қазақ елін құруға деген талпынысы, дәстүр мен жаңашылдықты, Батыс пен Шығысты, жасампаздық пен жаңашылдықты тоғыстырудағы ізденісі.
Он-он бес жылдың ішінде елде үлкен демографиялық өзгерістер орын алып, қазақтардың саны көбейді. Елбасының сындарлы саясатының арқасында соңғы 60 жылдың ішінде алғаш рет елде қазақтардың үлес салмағы басымдыққа ие болды.
Ал 2017 жылғы мамыр айындағы жағдай бойынша еліміздегі халық саны 17 млн 994,2 мың адамды құрады. Оның ішінде қазақтардың саны 12 миллион 792 мың, яғни қазақтың үлес салмағы 71 пайыз болды.
Орта мектептерде де қазақ тілінде білім алушылардың үлесі 70 пайыздан асқанын Елбасының өзі соңғы Жолдауында арнайы мәлімдеді. Сонымен бірге қазақ тілінде білім алушы өзге ұлт өкілдерінің саны да артып отыр. Мұның бәрі де уақыттың қазаққа жұмыс істеп жатқанын, Елбасының ұстанған жолы мен жүргізіп отырған саясатының дұрыс екенін тағы да дәлелдейді.
Өсетін ел, болашағынан үміті бар мемлекет алды-артын, жан-жағын бірдей ойлайды, өткенін саралап, келешегін болжайды, алдына Ұлы мақсаттар қойып, соған жетуге ұмтылады. Осы мақсатта Елбасы заманында Ұлы қағанаттар құрған, бастыны иілдірген, тізеліні жүгіндірген, Көк аспан мен Қара жер арасындағы халыққа билігін жүргізген Күлтегін, Бумын қағандардың «Мәңгілік ел» құру аңсарын алға шығарды. Алла алқаса, аруақтар жебесе, бұл мақсатқа қол жетеріне сеніміміз кәміл.
Дүниенің төрт тарабындағы үздік білім ордаларынан білім жинауға бағытталған Президенттің «Болашақ» бағдарламасы, әлемнің көшбасшы 30 елінің қатарына енуді көздейтін «Қазақстан-2050» стратегиясы, бабаларымыздың «жеті жұрттың тілін біл, жетпіс жұрттың сырын ұқ» қағидасына сай келетін «үш тұғырлы тіл» жобасы, еліміздің басқару жүйесін жетілдіруге мүмкіндік беретін бес институционалдық реформа – Ұлы мақсат жолындағы іргелі міндеттер.
2017 жылы Елбасы айтқандай еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басқаны рас. Жыл басы халыққа жолданған Жолдау арқылы Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанымен әйгілі болды. Содан екі түлеуді бастан кешірдік. Ол – саяси реформа және экономикалық жаңғыру. Сондағы түпкі мақсатымыз – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.
Бұл оңай іске асыра салатын міндет емес. Ол үшін сана сілкінісі, яғни істен сананың озып отыруы керек. Аталған әлгі екі реформаның өзегі осы сана сілкінісіне байланысты қалыптасады. Рухани жаңғыруға әкелетін жұмыстардың біразы Тәуелсіздік жылдарында іске асырылды. 2004 жылғы «Мәдени мұра» бағдарламасы мен 2013 жылғы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы осыған айғақ. Бірінші бойынша Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылды. Екіншісінде, әлем архивтеріндегі төл тарихымызға қатысты құжаттар жүйелі жинақталды, зерттелді.
Енді Елбасы бұдан ауқымды да іргелі жұмыстар көзін ашып отыр. Біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басып, оған сәйкес бұқаралық сананы қалай өзгертудің қажеттігі турасында өз көзқарасын ашық та нақты баяндады. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының әуелгі мағынасы, міне, осындай.
Бірінші үлкен тақырыптың аты – «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» деп аталады. Енді осы тақырып аясында сөз болатын тақырыпшалардың өзі-ақ сіздің мағлұматыңызды кеңейтіп, рухани жан дүниеңізді байыта түседі. Қараңыз: 1. «Бәсекелік қабілетте» қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлауға ұмтылдырған «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессиялық келісім» сияқты бағдарламалар аталады. 2. «Прагматизм» тақырыпшасында «қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше толыыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес» дей отырып, төл тарихымызға үңіле келе, прагматизмнің шынайы жарқын үлгілерін табуға болатынын меңзейді. Қанымызға сіңген, бабалардан мирас болып қалған ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз қажеттігіне мән береді. Осыларды санамалап келіп, Елбасы реализм мен прагматизмді таяу онжылдық ұраны болуға тиіс екенін атап көрсетеді.
Ал «Ұлттық бірегейлікті сақтау» атты 3-ші тақырыпшада ұлттық сананың кемелденуіне мән беріледі. Оның екі қырын көрсетеді. Біріншісі – «ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуде, екіншісі – ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту». Бұл тұста кезігер қатерлі тұстарды да ескерте келіп «Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруы керек» дейді. Осындай ұғымдарды егжей-тегжейімен сөз ете отырып, қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын ескертеді. Оның біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтыны. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту.
Төртінші тақырыпша «Білімнің салтанат құруы» деп аталады. Шынында білімді болу қанда бар қасиет. Тәуелсіздік жылдарында бұл салада талай іс-әрекеттің нәтижесін көрдік. Тоқсаныншы жылдарғы «Болашақ» бағдарламасының нәтижесін көріп отырмыз. Технологиялық революцияның бет алысына қарай отырып, Елбасы қазіргі кәсіптердің жартысы таяу онжылдықта жойылып кететінін ескертеді. Мұндай кезеңде аса білімді адамдар ғана табысқа жетеді. Табысты болудың басты факторы – білім екенін әркім терең түсінуі тиіс. Сондықтан да бұл бөлікте Елбасы білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жететінін ескертеді.
Бізді, әсіресе, тіл маманы ретінде, менің өз басымды риза еткен мақаланың екінші бөлігі. Ол – «ІІ.Таяу жылдардағы міндеттер» деп аталады. Мұнда қазақ жұртшылығы көптеген аса маңызды мәселеге – жазу мәселесіне түбегейлі назар аударылып, өз көзқарасы мен шешімі нақты баяндалады. Заман сынағына лайықты төтеп берудің жолдары қарастырылады. Нақты жобалар ұсынылады. Оның біріншісі әрі негізгісі деп айтар едім, – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмысын бастау қажеттігі. Расын айту керек, бұл іске Елбасы асыққан жоқ, елдің даму қарқынын байыппен бағдарлап, әлем кеңістігінде болып жатқан рухани өзгерістердің бәрін санадан өткізіп барып, сарамандықпен жасаған шешімі деп білемін. Тәуелсіздік барысында бұл іске мұқият дайындалу керек болды. Солай болды да. Ол қазақ тілінің әліпбиі сан түрлі жолдан өткенін зерделеді. Түркілердің алтыншы, жетінші ғасырлардың өзінде-ақ өз жазуы болғанын зердесінен өткізіп, Х-ХХ ғасырлар аралығында Қазақстан аумағында араб жазуы 900 жылдай қолданылып келгенін саралай отырып, қазақ халқының 15 жылда үш бірдей жазуды алмастырғанын да еске алғандай. Мұның бәрі қазақ жазуының жүріп өткен қилы-қилы жолдары. Осылардың бәрін ой елегінен өткізіп барып Елбасы енді қазақ жазуын латын әліпбиіне ауыстырудың кезеңі келгенін ашық айтты.
Бұл тұста осы мәселеге қозғау салған Тәуелсіздіктің сонау елең-алаңында, яғни 1993 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының сол кездегі президенті академик Әбдуәлі Қайдардың латын әліпбиі туралы Президентке жазған хаты еске түсіп отыр. Елбасы бұл хатқа мән беріп, «бұл ойлануға татитын мәселе, мамандар шұғылданып, маған нақты ұсыныспен шықсын» деген сыңайда жауап келген еді. Міне содан бері әліпби мәселесі баспасөзде, радио-телеарналарда оқтын-оқтын сөз болып келді. Елдің қызыққаны соншама, әліпби жасаушылар қатары көбейді.
Бұл мәселеге Елбасы 2012 жылы қайта оралды. «Қазақстан-2050» стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісеміз» деп мәлімдеген болатын. Енді, міне, 2017 жылғы 12 сәуір күні Елбасы «Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек» деп нақты тапсырма берді. Мектеп жасындағы балалар ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан бұл мәселеде енді кедергі бола қоймас деген ойдамыз.
Екіншіден, осыған орай қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынбақ. Осыған сәйкес қыруар жұмыс басталғалы тұр. Ең алдымен, әлемдегі ең жаңа 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, 2018-2019 жылдардың өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыту мәресіне жеткізу керек. Ол үшін ұлттық аударма бюросы құрылмақ. Бұл бізді сапалық деңгейге жеткізеді деп білеміз. Жаһандық бәсекеге төтеп беретін мамандар осылайша өсіп жетілмек. Мұның бәрі мемлекеттің міндеті болып саналады, деді Елбасы.
Сонымен бірге патриотизм «Туған жерге туыңды тік» деген сөзден басталса керек. Өлкетану, елді мекендерді абаттандыру, тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру т.т. Туған жердің қайталанбас арналары бұлар. Әрбір жер атауларына байланысты ел жадында сақталған ғажайып аңыз әңгімелерге дейін мән беру бүгінгі ұрпақтың міндеті «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің өзегі. Сондықтан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Бұл шын мәнінде рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Мыңжылдық тарихымызды айқындайтын ауқымды жоба осыған лайықталып жасалмақ. Мұны, яғни жобаны Үкіметтің әзірлеуі керек екенін Елбасы тәптіштеп айтты. Бұл жерде үш мәселе қамтылуы керектігі көрсетілген. 1. «Мәдени географиялық белдеудің» рөлін әрбір қазақстандық білу үшін оқу-ағарту дайындығы жүргізіледі. 2. БАҚ мұнымен жүйелі түрде мықтап айналысу керек. 3. Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқымыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуі керек. Мәселен, Түркістан мен Алтай ұлттық қана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтарымыз ғой.
2017 жыл мәдениет саласындағы жетістіктерімізді көрсете алатын шешуші кезең болмақ. Осылайша мыңжылдық тарихымызда төл мәдениетіміз тұңғыш рет әлемнің барлық құрлықтарына жол тартып, басты тілдерінде сөйлейтін де болады дейді Елбасы.
Елбасы бүгінгі замандастарымыздың да жетістіктерінің тарихына назар аударуды ұсынады. Бұл «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырылғанын қалайды. Шынында Тәуелсіздігіміздің 25 жылы қас-қағым сәт болғанмен тарих өлшеуімен қарағанда тындырылған істер ғасырға татиды. Сол ғасырлық ауқымда еңбектің ғажайып үлгісін көрсеткен қаншама жандар бар. Бұлар барлық салада да жетерлік. «Жаныңда жүр жақсы адам» деген ұғымға көңіл бөлейік дейді. Бұл үлкен парасаттылықтың белгісі. Осынау жобаның негізгі мәні – «ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс» дегенді білдіреді. Бұл ұсыныстардың бәрін, әсіресе, жас ұрпақ барынша игеруге ұмтылуы тиіс. Өйткені өмір сүру үшін шынында да өзгере білу керек.
Ендеше, осының барлығы да Елбасы жолы – елдік жолы, жасампаздық пен жаңғыра даму жолы екенін түйіп айтқанда, бұл Елбасының ерен еңбегін айғақтайтын ұлылық даңғылы.
Өмірзақ АЙТБАЙҰЛЫ,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА-ның академигі