Президент • 01 Желтоқсан, 2017

Нұрсұлтан Назарбаев пен Гейдар Әлиев. Оларды өмір мектебі саяси аренаға шығарды

397 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемдік тарихқа Әзербайжан хал­қы­ның жалпыұлттық көш­бас­шысы Гейдар Әлиев пен Қазақ­станның жалпыұлттық көшбас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жылдарды қамтыған халық арасындағы өмір  мектебінен өтіп барып енді. 

Нұрсұлтан Назарбаев пен Гейдар Әлиев. Оларды өмір мектебі саяси аренаға шығарды

Олар Әзер­байжан мен Қазақстанның саяси сахна­сына бауырлас түркі халқының ең ма­ңызды және аса қиын кезең­інде көтеріл­ді. Мемлекет басшы­лары өз елдерін гео­сая­си ауырт­палықтарға қарамастан білгір­лікпен басқару арқылы кездескен қиындықтардан алып шықты. Алға қойған мақсат-мүдделерін ұлттық даму тұжы­рым­дамалары негізінде табысты жүзеге асырды.

Егер тоқсаныншы жылдардың басын­дағы саяси үдерістерге назар салатын болсақ, біздің көз алды­мызға Әзербай­жан­ның ұлт­тық және мемлекеттік тәуелсіз­дігі жолындағы күресі келеді. Жал­пыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің саяси ерік-жігерінің және ел басқарудағы мол тәжіри­бесінің нәтижесінде Әзербайжан өз еге­мен­дігін қалыптастырды, уақыт өте эконо­микалық даму жолына түсті. Дәл осындай аса қиын саяси миссияны Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев та мүл­тік­сіз орындап шықты. Елін өркениетті мем­ле­кеттердің қатар­ына қосу үшін қажетті барлық мәселелердің жолын іздестірді. 

Өз Отанын, өз елін саяси және эко­но­­ми­калық ауыр кезеңде басқару­ды қолға алған ол халық алдын­дағы жауапкершілікті сезіне отырып, тығырықтан шығудың ең тиімді жолын қарастырды. Көп кешік­пей оны тапты да. Санаулы жылдар ішінде Қазақстан басшысы Қазақстанды қарқынды дамыту арқылы көпшілік сенімінен шықты, ел сүйіспеншілігіне бөленді. Өз елінің мүддесін әлемдік деңгейде қорғау арқылы беделді көшбасшы екенін іс жүзінде дәлелдеді. Қазақстанды, қазақ халқын халықаралық қоғамдастық Н.Ә.Назарбаев арқылы таныды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі ірі саясаткер, ерекше тұлға екендігі оның көп этносты Қазақстанда этносаралық және конфессияаралық ын­тымақ пен сыйластықты, береке мен бірлікті нық орнықтыра білген­дігі­мен де ерекшеленеді. Бүгінде әлем­дік қо­ғам­дастыққа бірегей инс­титут ретінде танылған Қазақстан халқы Ассамблея­сы­ның алатын орны бөлек. Өйткені осы бірегей құрылым Қазақстанда саяси экономикалық дамуға арқау болып отырғанын біз жақсы білеміз, қызыға қарайтынымызды жасырмаймыз. 

Қазақ елінде экономикалық реформалар табысты жүзеге асырылды. Мемлекеттің шет­елдермен түрлі салалар бойынша қатынастар жасауына негізделген қажетті заңнамалар қабылданды.Өз отандастарын тарихи отанына оралуға шақырған, оларға жағдайлар жасаған дүние жүзінде санаулы ғана елдер бар. Солардың бірі – түр­кітілдес әрі бауырлас қазақ хал­қы және оның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев екенін біздер, әзер­бай­жандар мақтан етеміз. Ел басшы­сының бастамасымен іске асы­рылған «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасы соған нақты дәлел болады.

Ерекше дара тұлға, ірі де беделді саясаткер Н.Ә.Назарбаев­ты бүгінде әлем жұртшы­лығы жақсы біледі және жан-жақты таниды. Оның басшылы­ғы­мен Қазақстан болашақта биік белес­терді бағындыратынына, әлемде ең дамыған мемлекет­тердің қатарынан орын алатынына сеніміміз мол. Әзербайжан мен Қазақстанның бағындыратын бе­лестері, қол жеткізетін жетіс­тіктері мол болғай деп тілейміз.  

Әли ГАСАНОВ, 
Әзербайжан Республикасы Президентінің қоғамдық-саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі