Медицина • 01 Желтоқсан, 2017

Астанада дін саласындағы мемлекет саясатының рөлі туралы форум өтті

302 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада «Қоғамдық сананы жаңғыртуда дін саласындағы мемлекет саясатының рөлі» атты Қазақстан дінтанушыларының VII форумы өтті. Іс-шараны Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ұйымдастырды. 

 

Астанада дін саласындағы мемлекет саясатының рөлі туралы форум өтті

Жиынға Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі қатысты. Форумның пленарлық отырысында кіріспе сөз сөйлеген Дін істері және азаматтық қоғам министрі Н.Ермекбаев заманауи кезеңдегі дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырудың негізгі бағыттарына тоқталды. 

Ведомство басшысы ең алдымен тарихи ерекшеліктерімізге сәйкес діни көзқарас қалыптасуы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекет пен діннің өзара іс-қимылының қазақстандық моделін жасау жөнінде шаралар атқарылып жатыр. Аталған үлгі рухани, моральдық-этикалық құндылықтар мен діни көзқарасқа қарамастан, барлық азаматтардың құқығын қорғауға негізделеді. 

Екіншіден, мемлекет пен дін арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа моделін заңмен бекіту үшін бірқатар түзетулер енгізу ұсынылған. Н.Ермекбаевтың пікірінше, бұл түзетулер діни бірлестіктер қызметіне қолайлы жағдай жасап, жауапкершілік пен құқықтық мемлекет принциптерін нығайтуға бағытталған. 

Келесі бағыт – мемлекет, қоғам және діни бірлестіктер арасында тұрақты диалог жасау. Осыған сәйкес Премьер-Министрдің өкімімен дін саласындағы ведомствоаралық комиссия құрылған. Сондай-ақ діни мекемелердің қауіпсіздігі күшейтіліп, діни материалдарды тарату арналарына тұрақты бақылау жасау жолға қойылған. Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып «Қоғам және дін» оқулығы әзірленіп жатыр. Н.Ермекбаевтың айтуынша, оқулық алдағы уақытта мектеп бағдарламасына қосылады.

Сонымен қатар ақпараттық түсіндіру жұмысы жаңғыртылып, радикализммен күресудің жаңа әдіс-тәсілдері жасалмақ. Осыған сай, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ҚМДБ және Қазақстанның Православ шіркеуімен меморандумға қол қойған. Соның нәтижесінде мешітте өзін-өзі ұстау ережелері, «Жаназаның» әдет-ғұрыптары әзірленіп, қолданысқа енгізілді. «Нұр Мүбәрак» университетінде қайта даярлау институты, діни бірлестіктерді қолдау мақсатында «Уақып» қайырымдылық қоры құрылды. 

Н.Ермекбаев деструктивті идеологиямен және экстремизммен күресудегі маңызды аспектілерге тоқталды. Оның айтуынша, бұл мәселемен қоғам болып күресу қажет. Бұдан бөлек, Дінтанушылар қауымдастығының алдағы міндеттерін тарқатып айтып берді.

Содан кейін сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты М.Әшімбаев дін саласындағы мемле­кет­тік саясатты жүргізу жөніндегі өз ойымен бөлісті. Оның сөзіне сүйенсек, Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласында дін саласына қатысты айтылған ойлар қалың көпшілік арасында қызу қолдауға ие болды. М.Әшімбаев Президент мақаласында халықтың көкейінде жүрген көптеген сұрақтарға нақты жауап берілгенін атап өтті.
«Ұлттық кодымыз діни толеранттық, бейімділік, басқа этнос пен дін өкілдеріне құрметпен қарау, сананың ашықтығын білдіреді. Халқымыз үшін сананың ашықтығы – көнеден келе жатқан дәстүр. Қазақстанда мұндай жағдай қалыптасуының бірқатар себебі бар. Соның бірі – еліміздің географиялық орны. Қазақстан Еуропа мен Азияның түйіскен тұсында орналасқан, екі тараптың мәдениетін, дінін біріктірген ел екені тарихтан белгілі», деді М.Әшімбаев. 

Ал «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы Д.Қыдырәлі сананың сілкінуі, жадының жаңғыруы, ұлттық кодтың ұлықталуы жөнінде сөз қозғады. Сонымен қатар ол қазіргі таңда дін саласы маңында кездесетін түйткілдерге де тоқталды.

Оның айтуынша, «Ұлттық код – біздің сан ғасырлық дәстүріміз, діліміз, әдет-ғұрпымыз, өмір салтымыз. Елбасы «діннің діңгегі дәстүрмен берік» деп атап өткен болатын. Сондықтан руханият саласында тарихи санаға, озық дәстүрлерге ден қойған абзал. Біздің бабаларымыздың діни ұстанымы зайырлы негізде болған. Тәңірлік сенімде, ислам дәуірінде ешбір түркі елін молдалар басқарған емес. Қағандар мен хандар ел тізгінін ұстаған, рухани тұлғаларға құрмет көрсеткен.

Форумның пленарлық отырысы аяқталған соң кезек секциялық жұмыстарға берілді. Оның шеңберінде дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мен діни қызмет саласындағы заңнаманы жаңғырту бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ халықтың діни және құқықтық сауаттылық деңгейін арттыру бойынша ақпараттық-түсіндіру іс-шараларының мәртебесі мен бағыты анықталып, дерадикализация  және діни экстремизмнің алдын алудың заманауи тәжірибелері сараланды. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген 
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»