Президент Тобыл-Торғай өңіріне жыл сайын егін орағы кезінде келетін, алтын жалатқандай астық алқаптарына барып, қолы күстенген диқандар еңбегіне куә болатын, олармен кездесіп, емен-жарқын әңгіме құратын. Биыл Елбасының жолы Қостанайға қоңыр күзде түсті. Еліміздің астық державасына айналған Қостанай өңірі биыл да қамбаға 5 миллион тоннадан артық қызыл дәнін құйып алып, етек-жеңін жинап, тап-тұйнақтай болып отырған. Елбасы бұл сапарында Қостанай қаласындағы өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралады.
Қостанай қаласын жиектеп ағатын Тобыл өзенінің жағасына жақын аумақта шоқ-шоқ қарағай, қайың өседі. Ұшар басына қараған кісінің тақиясы түсетін ну қарағай қысы-жазы мүлгіп тұрады. Осы қарағайды іргелеп жүретін тас жол Елбасы кортежін теннис орталығына әкелді. Бұл спорт кешені осыдан екі жыл бұрын тапсырылған болатын. Көлемі 2763 шаршы метр, құрылысына бюджеттен 788 миллион теңге қаражат жұмсалды. Жаңа типті спорт ғимаратында үш жабық, үш ашық теннис корты бар. Өткен жылдан бері оның ашық және жабық корттарында бірнеше рет республикалық турнирлер өтті. Елбасы келеді дегеннен спорт мектебінің директоры Людмила Окунева бастаған ұжымның, теннис орталығындағы жаттықтырушылардың, жас спортшылардың көңілі ерекше алабұртқан. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі үздік спортшылардың бірі 13 жасар теннисші Екатерина Ситникова да бұл хабарға қатты қуанған. Асыға күткен сәт те келіп жетті.
Катя Нұрсұлтан Назарбаевты теледидардан ғана көрген. Елбасымен жақын тұрып сөйлесу, қолын алу оның бала қиялының жай ертегісі сияқтанатын. Теннис кортына кірісімен Нұрсұлтан Назарбаев айналаға ризашылықпен қарады. Ат шаптырым, жарық, биік корт. Ол өзін күтіп тұрған спорт мектебінің үркердей үздік теннисшілеріне жақындады.
– Қостанай теннистің жабық кортына зәру болатын. Бұл өңірдің қысы ұзақ, қатал, жазы қысқа. Мұнда бұрын қыс мезгілінде жаттығу үшін ештеңе болмайтын. Міне, сендерде енді теннис корты, күштілік спорт түрлерінің академиясы, жабық мұзайдыны, футбол стадионы – бәрі бар. Қыста да жаттығулар үзілмейді. Спорт – керемет іс, онымен бала кезден айналысыңдар, сонда өмір бойы денсаулықтарың жақсы болады, спорттан қол үзбейтін боласыңдар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы сөзін аяқтағанда балалардың алдыңғы жағында тұрған Екатерина Ситникова Нұрсұлтан Назарбаевтың келгеніне балалардың барлығы өте қуанышты екенін және өзінің спорттағы жетістіктерін айтып берді.
– Мен 2016 жылы республикалық турнирде үшінші орын, биылғы өткен республикалық екі турнирде де екінші орынды иелендім. Теннисті өте жақсы көремін. Өскенде еліміздің намысын қорғайтын боламын, әлемдік жарыстарда Қазақстанның туын желбіретуді армандаймын және соған қол жеткіземін, – деді Катя батылдана сөйлеп. Арманы асқақ нәп-нәзік қызды Елбасы өз перзентіндей мейірлене бауырына қысты.
– Теледидарда көргенімде Елбасының көзінше ешқандай сөйлеуге болмайды деп ойлайтынмын. Ал ол бізбен кездескенде қысылған жоқпын, өйткені ол кісінің жүзі өте мейірімді екен, мені құшақтап, арқамнан қаққанда тура атам секілді болды, – дейді Катя. Елбасы балаларға өзінің де тенниспен айналысқанын айтты. Елбасының: «Мен де тенниспен айналыстым. Денсаулығы мықты және білімді адам ғана өмірде жетістіктерге қол жеткізеді. Сондықтан жастар спортпен айналысуы, достасуы керек» деген сөзі балалардың көкейінде жатталып қалатыны күмәнсіз.
Әкесінің ағасы, әулетіндегі бар бала «ата» деп атайтын Геннадий Ведяев Катяның алты жасында қолынан жетектеп, теннис секциясына апарған. Дәрігер Геннадий Петровичтің өзі де спортшы, жетпістен асса да сүйікті мамандығы дәрігерлікті де, сүйікті ісі волейболды да тастаған жоқ. Теннис кішкентай Катяға да ерекше ұнап, алты жылдан бері спорт мектебінің үздік шәкіртіне айналды. Мектепте де белсенді, жақсы оқиды.
Сол күні Елбасының теннис кортына барғанын, балалармен арада болған әңгімесін, оның алдында Катяның және жас теннисшілер Санжар Бұқановтың, Диана Шәріпованың сөйлегенін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бүкіл ел естіп, білді.
– Қуанғаннан жылай беріппін. Қызымның ұстаздары, жаттықтырушылары, туыстар, дос-жарандар бірінен кейін бірі телефон соғып, құттықтап жатыр. Тіпті Ресейдегі туыстарымыз бен таныстарымыз да телефон шалды ғой. Кішкентай балапаным Катяға қанат біткендей болды. Қазір жаттығуына да, сабағына да бұрынғыдан да ыждағатты болып алды. Ол Елбасы алдындағы сөзін өмірде орындауды армандайды, – дейді Катяның анасы Елена. Ситниковтер Елбасының жас теннисшілермен сұхбаттасып тұрған және Катяны бауырына тартқан сәті бейнеленген суреттерді үлкейтіп, рамкаға салып, төріне іліп те үлгерді.
Елбасының келу сәтін бейнелейтін суреттер теннис орталығына да ілініпті. Жаттығуға келген спортшылар мен теннис әуесқойлары оған қараған сайын Қостанай теннисінің жарқын болашағы сәуле шашқандай болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ