Туған елдің бір перзенті болғандықтан еліміздің тарихын түгендей жүреміз, арғы-бергі өткенінен тағылым аламыз. Жерінің үлкендігі өзінің соры да болған бұл қазақтың көрмегені жоқ қой. Қазақтың тарихындағы ең ауыр соғыс Жоңғариямен болғандығы белгілі.
Кейін Ресей бодандығына өткенімізде де қазақтың шекесі шылқи қоймаған. Қазақтың соңғы ханы Кенесары мен Алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейханов бастаған азаматтарымыздың бармағын тістеп өткендігін білеміз. Біз бұл қасіреттен тәуелсіздік алғанда ғана құтылдық. Тәуелсіздіктің ақ таңы қазақты дүниеге қайта әкелді.
Тарих қазақтың бағына Нұрсұлтан Назарбаевтай дарабоз тұлғаны тарту етті. Бұл үшін Құдайға мың қайтара шүкіршілік.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқын ешкімге кіріптар етпейтіндей әлемге әйгілі, мықты мемлекет жасай білгендігінің мен тек бір қырына ғана тоқталғым келеді.
Ол қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалды. Еліміздің шекарасы тәуелсіздікке дейін нақты бекітілмегендігі аян. Әлихан Бөкейханов, Әлімхан Ермековтей Алаш асылдарының Кеңес өкіметінің басшысы В.И.Ленинге қол қойдырған шекара бөлінісі кейіннен дау болып, талай жеріміз көрші елдерге пышақ үстінен бөлініп кете жаздағанын білеміз.
Заңды бекітілген шекара – халықаралық құқықтың басты екі қағидаты – шекаралардың бұлжымастығы мен мемлекеттің аумақтық тұтастығын сақтаудың кепілі. Қазақтың ұлан-ғайыр даласын сақтап қалу, шекараны делимитациялау мен демаркациялауда Елбасымыз Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерімен келісуде өлшеусіз еңбек сіңірді. Шектес мемлекеттердің бәрімен шекаралық шептерді анықтап, құжат жүзінде бекіттірудің басында болды, жоғары деңгейдегі келіссөздерде табандылық танытты.
Құдай қосқан көрші елдердің басшыларымен дипломатиялық жол тауып, өте шетін мәселені сындарлы саясатымен бейбіт шешіп алды. Шекараны дер кезінде айқындап алмағанның зардабын бүгінде бір Украина мысалынан айқын аңғаруға болады.
Күні кешеге дейін ағайынбыз деп жүрген екі мемлекеттің іші алатайдай бүлініп, халықтар достығына сына қағылды. Кешегі одақтас мемлекеттер арасында да жер дауына байланысты жанжалдар әлі жалғасып жатыр. Ашығын айтсақ, Елбасының арқасында біз бұл зобалаңнан аман-есен өттік. Қазақстанның Тұңғыш Президентіне ірі державалармен келісімге келу оңай болмағандығын Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітабынан мынадай деректі оқығанда тағы да көз жеткізе түстік.
«Борис Николаевич марқұммен кезінде мынадай да бір сөз шарпысуы болыпты. Екі ел үшін кезінде Каспийдің орталығындағы шекара шебін айқындау оңайға түспеген. Әрине мұндайда ешкімді кінәлаудың жөні жоқ. Қай елдің басшысы да жеме-жемге келгенде өз мемлекеті мен халқының мүддесін ойлайды. Сол үшін тартысады.
Обалы не керек, жағдайды жан-жақты түсіндіріп, бұлтартпас уәждерді алға тартқан кезде Борис Николаевич сөзге құлақ асып, әділдік жағына ойысып, икемге келе бастайды екен. Бірақ артынан оңаша қалғанда, министрлері Борис Николаевичті шешімінен айнытып қойып жүріпті. Содан барып онсыз да күрделі мәселенің түйінін тарқату одан сайын ұзарып, созыла түседі.
Келіссөз куәгерлерінің айтуынша, Нұрсұлтан Әбішұлы осы жолы да тұйықтан жол тауып кетеді.
– Борис Николаевич, – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы, – біз осы неге өз министрлеріміз бен көмекшілеріміздің айтқанына көне беруіміз керек? Олардың міндеті ұсыныс беру ғана емес пе? Ақырғы шешімді мына біздер – президенттер қабылдауымыз керек қой!..
Бұл сөздер Ельциннің намысына тиіп кетсе керек, мол денесімен көмекшілеріне еңсеріле бұрыла қарап:
– Әй, сөзді қойыңдар! Әкеліңдер шешімді! – деп алдындағы үстелді жуан жұдырығымен бір қойып қалыпты.
Ал бұл келісімнің тарихи маңызы неде еді?
Шекара мәселесінің басы ашылмайынша, Каспий теңізінің қазақстандық аймағына шетелдік алпауыт инвесторлар аяғын аттап та баспас еді».
Міне, елдің пайдасы үшін осындай амалдар да болған. Нұрсұлтан Назарбаев қиын уақыттарда «алдымен – экономика, сосын саясат» бағытын ұстанып, ел экономикасын көтеру үшін кәсіпкерлерге үлкен қолдау көрсетті.
Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанға оңай болған жоқ. Талай дағдарыстар бастан өтті. Қазақстанның қойнауы кенге толы болғанымен, оны шетел инвесторларының көмегінсіз игеру мүмкін емес-ті. Кейін өз қолымыз ауызымызға жете бастағанда «Саутс Ойл» компаниясы 1999 жылы Қызылорда облысы Құмкөл елді мекенінде мұнай өңдіруден мемлекеттік тапсырысты жеңіп алды. 2001 жылы кен орнын пайдалану туралы келісімге қол қойылды.
Әлі есімізде, «Саутс Ойл» компаниясының бұрғылаушылары жер астынан мұнай айдап шығарғанда қуанышымыз қойнымызға сыймаған. Тәуелсіздік алғаннан беріде мұнай шығарған отандық кәсіпорын ретінде марқайдық. Қара алтынды бір-біріміздің үстімізге жағып мәз болдық. Елбасы бізден кем қуанған жоқ. Әуелде осы істі қолға алғанымызда:
– Серікжан, қашанғы шетел мұнай компанияларына жалтақтай береміз. Қазақстанның мұнайын өз азаматтары игеруі керек қой. Одан Отанымызға мол пайда түседі. Сендер кіріссеңдерші, – деп жігерлендірген болатын.
Нұрсұлтан Әбішұлының дем беріп, қолтығымыздан сүйеуінің арқасында компаниямыз шикізат өнімін барлау мен өндіру саласында Қазақстанда жетекші орын алып келеді. «Стандарт-Цемент» зауытын салар кезде елімізде дағдарыстың екінші толқыны басталған болатын. Ақша құнсызданып, инфляция өсімді обырдай жеп жатқан уақыт.
Цемент зауытын аяғынан нық тұрғызу үшін көп көлемде шетелден қаржы алып, инвестиция салу керек болады. Жақын адамдар «Серікжан, әзірге зауыт жұмысын тоқтата тұр. Шығынға отырасың», деді.
Бізге Елбасы сеніп отыр ғой деп тәуекелдің қайығына міндік.
Бүгінде «Стандарт-Цемент» зауыты «Қазақстанның 100 корпоративті лидерлері» тізіміне кірді. Ол жалпыәлемдік стандарттарға сәйкес құрылған Оңтүстіктегі экологиялық таза өнім өндіретін ең ірі жобалардың бірі.
2014 жылы Шымкентте «Rixos Khadisha Shymkent» үлкен қонақ-үйі салынды. Қазіргі таңда ол қаланың сәні болып тұр. Авторы атақты – Норман Фостер.
Нұрсұлтан Әбішұлы кәсіпкерлерге «Елді ойлаңдар, шамаларың жеткенше әлеуметтік нысандардың санын көбейтіңдер», дегенді жиі айтады. Біз бизнесті өз Отанымызда жасадық, жақсы табыстарға жеттік. Сондықтан Елбасының тапсырмаларын орындауды ел алдындағы перзенттік борышымыз деп білеміз.
Туған жерім Отырар ауданында және Сайрам ауданында мектеп салып бердік. Мешіт аштық. Қайырымдылық істерімізді мемлекетімізге көмегіміз деп сезіндік.
Елбасы Оңтүстікке келген жұмыс сапарының бірінде менің атыма жақсы сөздер айтты. «Серікжан, саған ризамын. Көп жұмыс жасап жатырсың. Қаражатыңды басқа жаққа апармай Шымкентке салып жатырсың. Алғаш 5 жұлдызды қонақүй салып бердің. Университет салып жатырсың. Зауыттар салдың, елге жұмыс беріп жатырсың. Елге жақсылық жасаған қалталы азаматтар осындай болу керек. Мемлекеттің арқасында көп азаматтар қаржылы болды. Сені өнеге етіп қоюға болады басқа азаматтарға. Өзінің туған жеріне жақсылық жасап, мектеп, спорт кешені, аурухана салатын болса еліміз көркейеді», деді.
Мен мұны мақтан үшін айтып жатқан жоқпын. Елбасының мемлекет тарапынан көрсеткен көмегін, кәсіпкерге деген ықыласын, ағалық қамқорлығын ерекше атап өткім келді.
Әрине жұмыстарымызды бағалаған Елбасына рахмет. Кәсіпкер болып, табысқа жетіп жатсақ, ол Қазақстандай алып Отанымыздың арқасы, елдің тілеуі, ұлттың ырысы. Қиын кезде Елбасы қай-қайсымыздың да жел жағымызда тұрып пана болды, қолтығымыздан демеді, мемлекет тарапынан жеңілдіктер берді. Мұны қазақстандық кәсіпкерлер жақсы біледі. Сондықтан да еліміздің экономикасы өркендеу үшін қолдан келген көмекті жасауға қашанда дайынбыз.
Мақаланың басында Елбасының мемлекетіміздің жерін шегендеудегі ерлігін ғана айттық. Халқы үшін асқақ Алатаудай тұлғаның жасаған жұмысы шексіз. Ең бастысы, Нұрсұлтан Назарбаев – тек қазақ халқы үшін ғана емес, бейбіт өмірді сүйетін дүние жүзіндегі барлық халық үшін әлемдік тұлға. Астана – әлемдегі күрделі мәселелерді шешетін үнқатысу орталығына айналса, ол – Елбасының парасаты, ерлігі.
Баз біреулер үшін бәрі оңай келгендей көрінеді. Ел ішіне іріткі салғысы келетіндер де арагідік кездесіп қалады. Ал елдің ынтымағын бұзғысы келетіндер ешқашан халықты ойламайды. Бақ бағалағанның басында ғана тұрады.
Серікжан СЕЙІТЖАНОВ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты
Оңтүстік Қазақстан облысы