Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында жастар шығармашылығының «Шабыт» XIV халықаралық фестивалі өз жұмысын аяқтады.
Биылғы жастар сайысы қай жағынан да көптің көңілінен шықты деп айтуға болады. «Бағы жансын жастардың, Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін!» – деп ақын жырласа, міне, сол балғын жүректер өздерінің кестелі ойлары мен тылсым сырларын осы жоба арқылы жан-жақты жайып салғанына жиналған жұртшылық куә болды. Астаналық Дана Рысбекова мен Дария Сәдуақасова цирк өнерінен кәсіби шеберліктерін көрсетсе, Маржан Арапбаева, Рүстем Жүгінісов пен «Елігай» хор тобы, Жәмила Жарқымбаева өнерлері көпшілікті сүйсінткен. Әрмен қарай да алты аталым бойынша жарыс көрігі қыза түскен. «Үздік әдеби шығарма», «Бейнелеу өнері», «Эстрада жанры», «Халық әндері», «Классикалық әндер», «Баян-аккардеон» номинацияларынан бақ сынасқан өнерпаздардың биыл өте көп болғаны көңілге қуаныш сезімін ұялатты.
Президенттік мәдениет орталығында ұлттық әндер аталымындағы «Домбыра» және «Дәстүрлі әндер» номинациясының І кезеңі өтті. Ол екі күнге созылды. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» демекші, үкілерін желбіретіп жарысқа 42 өнерпаз қатысты. Әр қатысушы 3 күйден орындады. І кезеңде қатысушылар тарихи күйді, екіншісінде Махамбеттің «Жауға шапқан», ал үшіншісінде Құрманғазының «Ақбай», Дәулеткерейдің «Топан», Тәттімбеттің «Бестөре», «Бозайғыр», «Сарыжайлау» күйлерінің біреуін таңдап орындады.
Осылармен қатар Қазіргі заман мұражайында бейнелеу өнері мен қолданбалы өнер бойынша байқау өтті. Көрмеге түрлі-түсті бояулар, зергерлік бұйымдар, паннолар және ағаштан, шыныдан, тағы да басқа бұйымдардан жасалған қолөнер заттары, барлығы 116 еңбек қойылған.
«Дәстүрлі әннің» ІІ кезеңінде 43 қатысушыдан 17-сі, ал «Домбыра» номинациясы бойынша 42 қатысушыдан 15 күйші ғана бақ сынады. Байқау қорытындысы бойынша 8 қатысушы арнайы дипломмен марапатталды. Үкітай Ерниязов үшінші орынды, Болат Долдашев – екінші, ал бірінші орынды Ержан Жаменкеев иеленді. Бас жүлде Азамат Шынаровқа бұйырды.
«Бейнелеу өнері» номинациясына қатысушы жас суретшілердің көрме-байқауынан да көкейге көп нәрсе түюге болады. «Декоративтік-қолданбалы өнер» байқауының І кезеңіне 16-35 жас аралығындағы 119 адамның қатысуының өзі бұл өнерге деген жастардың сүйіспеншілігін аңғартқан. Еліміздің 13 өңірінен, сондай-ақ Қырғызстаннан, Моңғолиядан, Ресейден де дарынды жастар келіп қатысыпты. Көрмеге суретшілердің, киім-кешек дизайнерлерінің, оқытушылардың, жоғарғы оқу орны студенттерінің, тіпті, мектептің жоғары сынып оқушыларының да жұмыстары қойылған.
Мұнда бірінші орын – Ботагөз Зейнелханға, екінші орын – Бауыржан Досжановқа, ал үшінші орын Людмила Соболеваға берілді. Хакімжан Наурызбайдың атаулы дипломын Ақтау қаласынан келген Сәуле Кульчикова алса, Нағима Өтепова атындағы арнайы диплом астаналық Әнуар Шаймергеновке табысталды.
Президент Кубогына астаналық дәстүрлі әнші Сырым Мұхамеджанов ие болды .
Нұрзада КҮМІСБЕК.
____________________
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.