Қазақстан • 02 Желтоқсан, 2017

Варшавада Қазақстанның ауылшаруашылығы өнімдері көрмесі өтті

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Варшавада (Польша) Екінші халықаралық орталық ауылшаруашылығы көрмесі өтті, деп хабарлайды ҚР АШМ Баспасөз қызметі.


Варшавада Қазақстанның ауылшаруашылығы өнімдері көрмесі өтті

Бұл шараның мақсаты агроөнеркәсіптік нарықта жұмыс істейтін поляк кәсіпкерлерінің шетелдік серіктестермен тәжірибе алмасуына жағдай жасау, сауда және инвестициялық ынтымақтастықтың артықшылықтары мен мүмкіндіктерін көрсету болды.

Көрмеге Украина, Қазақстан, Әзірбайжан, Қытай, Түркия, Бразилия, Аргентина, Кения, Алжир, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропа, Азия және Африка сияқты 20-дан астам елдің кәсіпкерлері қатысты.

Халықаралық көрмеде «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК АҚ «АӨК-нің экспорттық орталығының» тұсаукесерін өткізді. Айта кету керек, аталған экспорттық орталықты Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі Мемлекет басшысының ауылшаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту жөнінде берілген тапсырмасына сәйкес құрған болатын.

Тұсаукесер Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктері мен әлеуетін көрсететін Қазақстанның ауылшаруашылығы өнімдерін Еуропаның сыртқы нарықтарына және Польша нарығына шығару мақсатында ұсынылған қазақстан-поляк бизнес-форумы аясында өтті.

Көрмеде «АӨК-нің экспорттық орталығы» зығыр тұқымдары, қыша, рапс, күнбағыс, қатты және жұмсақ бидай, соя, жасымық, арпа сияқты өсімдіктердің үлгілерін ұсынды. Зығыр мен қыша майы Польша кәсіпкерлерінің ерекше қызығушылығын тудырды.

Тұсаукесер қорытындысы бойынша 2018 жылдың аяғына дейін «АӨК экспорттау орталығы» мен «Польша-Қазақстан ауыл шаруашылығы кластері» арасында 10 мың тонна зығыр тұқымын және 2 мың тонна қыша тұқымын жеткізу туралы келісімге қол қойылды.

Бұл келісім Қазақстан мен Польшаның ауыл шаруашылығы саласындағы жемісті ынтымақтастығына сөзсіз оң әсерін тигізеді және еліміздің экспорттық әлеуетін арттырады.