Теннис • 01 Желтоқсан, 2017

Астанада теннистен әуесқойлар арасында VI «Astana Open» турнирі басталды

446 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Астаналық» теннис клубы Қазақстан теннис федерациясымен бірлесе отырып Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған VI «AstanaOpen» Қазақстанның Ашық чемпионаты басталды.

Астанада теннистен әуесқойлар арасында VI «Astana Open» турнирі басталды

Турнирдің ашылу салтанатына Қазақстан Теннис федерациясының Президенті Болат Өтемұратов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев, ҚР Бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Сергей Котенко, ҚР еңбек сіңірген қайраткер Әмір Ахметов және басқа да тұлғалар қатысты.

«Құрметті қатысушылар, ұйымдастырушылар және қазылар алқасы. Баршаңызды Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын. Нұрсұлтан Әбішұлы тениистің дамуына ерекше көңіл бөледі және инфрақұрылымның дамуына қолдау көрсетіп отырады. Аталмыш турнир алты жыл қатарынан өтіп келе жатыр және жыл сайын қатысушылардың саны көбеюде. Сіздер, әуесқойлар, теннисті танытудағы негізгі күштің бірісіздер. Сіздер күш-қуаттарыңыз және осы спорт түріне деген сүйіспеншіліктеріңіз арқылы теннисті насихаттайды деген сенімдемін. Турнир қызықты және шиеленіске толы болады. Баршаңызға табыс, сәттілік тілеймін! Ең мықты жеңімпаз атансын», - деді ҚТФ Президенті Болат Өтемұратов өзінің алғы сөзінде.

Ереже бойынша турнир екі бөлікке бөлінген – топтық және финалдық плей-офф кезеңі. Топтық кезең шеңбер жүйесінде өтіп, матчтар бір сеттен 6 геймге дейін жалғасады. 6:6 есебінде 7 ұпайға дейін тай-брейк ойнатылады. Топтық кезеңнің нәтижесінде Олимпиялық жүйе бойынша өтетін финалдық кезең басталады. Топ ішіндегі бірінші және екінші орын иегерлері негізгі санат «Мастерс»-ке шығады, үш және төртінші орын иеленгендер қосымша «Фьючерс» турнирінде өнер көрсетеді. Плей-офф ойындары бір профсеттен 8 геймге дейін болады, 7:7 есебінде 7 ұпайға дейін тай-брейк ойнатылады. Матчты өткізу форматы қатысушылардың толық құрамы  анықталғаннан кейін өзгеруі мүмкін.

Жарыс Халықаралық теннис федерациясы бекіткен теннис ойындарының ережесі бойынша 2012 жылдан бері өткізіледі. Жүлде қоры 2 млн теңгені құрайды. Биыл турнирге Қазақстан, Италия, Испания, Чехия, Ресей, Украина, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен М30+, М45+ жас шамасындағы 144 әуесқой теннисші қатысуда.