Аймақтар • 04 Желтоқсан, 2017

Алғыс арқалаған ескерткіш

686 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қасиетті қазақ жерінің дәм-тұзын кімдер татпаған?! Сондай-ақ құшағы кім-кімге де айқара ашық қазақ халқы тағдырдың теперішіне тап болған халықтар мен ұлттар өкілдерінің қай-қайсысына да қара ағаштай пана, бәйтеректей сая болып келді емес пе?! Айталық 1937-1944 жылдар аралығында бұрынғы КСРО аумағынан Қазақстанға күштеп қоныс аударылғандардың саны 1 миллион 210 мыңды құраған екен. Бұл көрініс 1937 жылы Қиыр Шығыстан қазақ жеріне зорлықпен қоныстандырылған корейлер депортациясынан басталғаны белгілі. Кейін Еділ бойын қоныстанған немістер де солардың кебін киді. Бұдан кейінгі кезеңде депортация үрдісі тереңдей түсіп, гректер мен болгарлар, қарашайлар мен поляктар, чешен-ингуштар мен месхет түріктері де Қазақстанға жер аударылды. 

Алғыс арқалаған ескерткіш

Депортацияға ұшыраған ұлттар мен ұлыстар өкілдері қазақ топырағында тамыр жайып, өсіп-өніп Қазақстанды өз отаны санап кетті. Елуінші жылдардың бас кезінде бұл этностар ақталған кезде бірқатары тарихи отандарына оралса, қайсыбірі қазақ жерінде тұрақтап қалып қойды.

Бұл халықтардың қазақ халқына деген ризашылығы мен алғысында ешқандай шек жоқ. Соның басты бір белгісі Тұңғыш Президент күні Ақтөбе қаласында асқақ алып тұғыр ретінде көрініс тапты. Бұл ескерткіш «Қазақ халқына мың алғыс» деп аталған. Оның ашылу рәсімі кезінде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сөз арнасын жоғарыда айтылғандай тарихи тағдырлар тоғысынан сабақтады. Өз бақыттарын қазақ жерінен тапқан бұрынғы КСРО аумағындағы халықтар өкілдерінің қазақ халқына деген терең пейілдерін танытатын монументтер бұған дейін де республикамыздың әр қиырында көрініс тапқаны мәлім. Алайда оның бірқатары тек бірыңғай корей этносының атынан көтерілгеніне де куә бола аламыз. Ал Ақтөбедегі қайталанбас жаңа сәулет туындысы қазақ халқына деген сүйіспеншілікті, оны қамқор ұлт деп тану үрдісін қазақ жеріне депортацияланған барлық ұлт өкілдері мен этностардың атынан білдіруімен айрықша.

Екіншіден, мұндағы мемлекет құраушы ұлттың қадір-қасиетін, пір, кие тұтуға арналған архитектуралық ансамбль бұған дейінгі ескерткіш-жобалардың бірде-біріне ұқсамайды. Түрі мен мазмұны бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі байытып тұрған ескерткіштің барлық ендіктерінде шығармашылық ұшқыр ойдың жемістері атойлап тұр. Алғыс арқалаған ескерткіш күрделі композицияға құрылғанымен, артық, шашау тұрған бірде-бір бөлшек, бірде-бір фрагмент жоқ. Оның әрқайсының арқалайтын жүгі мен салмағы, сәулет өнерін образға бөлеп бере алатын ерекше мәні мен мағынасы бар.

Қазіргі кезде әлемдегі екі жүзден астам мемлекеттің арасында Қазақстанның алатын өз орны мен мәртебесі бар. Биіктігі отыз метрді құрайтын ескерткіш-белгідегі фрагменттің бірі Қазақстанның әлемдік қоғамдастық арасындағы алатын орны Қазақстан картасы түрінде көрсетілген. Әрі осы озық ой ел тұтастығы мен оның берік негізін әрі мызғымастығын аңғартатын нақышты нышанмен әдіптелген. Сондай-ақ мұнда қазақ мемлекеттілігінің тарихы мен қазіргі даму кезеңдері жөніндегі жетістіктерді аңғарта алатын деректер де бар.

Халқымыздың ұғым-түсінігінде жеті санына байланысты өзіндік түсініктер қалыптасқан. Жеті киелі, қасиетті сан деп есептелген. Осындай ой биігінен көз тастағанда жеті қырлы бағанмен байыпталған ескерткіштің жалпы нобайы елдіктің белгісіндей әсер қалдырады. Оның жоғарғы бөлігінде көрініс тапқан киіз үй – еркін, жауынгер халықтың бітім-болмысы мен ерекше жаратылысын танытқандай. Біз көкке бой созған, көкке қол соз­ған қыран тектес халықтың ұр­па­ғымыз. Ескерткіш құры­лымының бел бойында қанатын қомдаған қыран құстың көрініс табуы да халқымыздың биіктік пен тереңдікке, кеңдік пен дар­қандыққа ұмтылған қасиетімен үндестік тапқандай әсер береді.

Ескерткіштің ашылу рәсімі кезінде Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының мүшесі Сергей Виш­няк қазақ халқының феномені мен оның әлемдегі бірде-бір халық пен этносқа ұқсамайтын айрықша жаратылысы мен өзіне ғана тән бітім-болмысына ұдайы тәнті болумен келе жатқанын жеткізді. «Ұлы даланың ұрпақтары қай кезде де шексіз құрметке лайықты деп білемін. Қазақ халқының бойындағы биік адамгершілік қасиеттер – мемлекетіміздің рухани-адами құндылықтарының бірі іспеттес. Қазір мемлекетімізде бәрі де халықтың игілігі мен тұрғындардың сапалы өмір сүруі үшін жасалуда. Бұл ретте мемлекет құраушы ұлттың атқаратын рөлі айрықша. Тұңғыш Президент күні депортацияға ұшыраған халықтардың атынан «Қазақ халқына мың алғыс» атты ескерткіштің ашылуы – мемлекеттің байырғы тұрғындарына бағытталған алғыстың бір өтеуі ғана», деп түйіндеді ол өз ойын.

Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ