– Ермек Рахатұлы, Қазақстан инвестициялық қорының құрылғанына 13 жыл болды, ал 3 жыл бұрын қор «Бәйтерек» холдингіне қосылды. Осы жылдар аралығында даму институтының стратегиясы мен саясаты қалай өзгергені туралы айтып берсеңіз? Оның қызметіне, ағымдағы өмір шындығын есепке ала отырып, қандай түзетулер енгізілді?
– Қазақстан инвестициялық қоры (ҚИҚ) мемлекеттік қаражатты қандай да бір жобалардың жүзеге асырылуына жұмсау арқылы шикізат емес салаларды дамытуды көздейтін қаржы институты ретінде ҚР Үкіметінің Қаулысы негізінде құрылған. Ал бүгінгі күні бұл институтты бірегей құрылым десе болады, себебі мемлекеттік даму институты бола отырып, Қор бір уақытта стресті активтер саласындағы басқарушы компания болып табылады.
Алғашында Қор қызметі кәсіпорындардың жарғылық капиталдарына кіру арқылы (бақыланбайтын үлес – 49%) экономика салаларына инвестициялар салуға бағытталды. Қор қызметінің басынан бастап 36 инвестициялық жобаға инвестиция салу мақұлданды, оларға салынған инвестициялардың құны 34,4 млрд теңгені құрады. Дегенмен, 2007-2008 жж. экономикалық дағдарыс олардың жүзеге асырылуына теріс әсерін тигізді, соның нәтижесінде айналым капиталының жеткіліксіздігі мен банктік сектордың кредиттеу мөлшерінің айтарлықтай төмендеуі және басқа да факторлар орын алды. Олар Қор алдындағы берешекті өтеу мерзімдеріне әсер етіп, едәуір провизиялар мөлшерін құру қажеттілігін туғызды.
Осылайша, 2011 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «ҚИҚ» АҚ Қазақстан Республикасы ИЖТМ-нің сенімді басқаруына берілді. Ал 2012 жылы Қазақстан инвестициялық қоры стресті активтерді басқару және қайта құрылымдау саласындағы кәсіби басқарушы компания ретінде қалыптасуға бағыт алып, жаңа даму стратегиясын қабылдады. Кейін, 2013 жылдың мамыр айында «ҚИҚ» АҚ-тың 100%-дық акциялар пакеті «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-қа берілді.
Осы уақыт ішінде бірегей тәжірибе жинақталды, оның ішінде стресті активтер қоржынымен, инвесторлармен жұмыс жасау бар. Мұндай тәжірибе 2013 жылдан бергі берешектерді өндіріп алу және қайта құрылымдауды жүргізу бойынша жұмыстарды жалғастыру үшін Қазақстанның ірі институттарының бірі – «Қазақстан Даму Банкі» АҚ (ҚДБ) тарапынан бұрын берілген кредиттер бойынша берешектерді Қор теңгеріміне өткізуде баға жетпес қадам болды. Нәтижесінде Қор мен «Қазақстан Даму Банкі» АҚ арасында жалпы сомасы шамамен 48,4 млрд теңгені құрайтын 42 цессия шартына қол қойылды. Осылайша, 4 жыл бұрын біз өзіміздің қызмет бағытымызды инвестициялықтан басқарушы жаққа қарай қайта қарастыруды бастадық.
Осы уақыт ішінде жаңа стратегия аясында Қор 54,2 млрд теңгеге жобалар бойынша жалпы қайтарымды қамтамасыз етті – ақшалай қаражат түрінде де, Қор теңгеріміне қабылданған активтер түрінде де.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Қордың 2014-2023 жылдарға арналған даму стратегиясына өзгертулер қабылдағаннан кейін қызметтің екі негізгі бағыты айқындалды. Олар: наразылық-талап ету жұмыстарын және оңалту процедураларын жүргізу арқылы жобалар бойынша берешекті қайтару және берешекті қайта құрылымдау, активтерді өткізу және отандық, не шетелдік инвесторларға жалға беру арқылы проблемалы жобалармен жұмыс жасау.
Шын мәнінде, біз жаңадан ешнәрсе ойлап шығарған жоқпыз, тек соңғы төрт жыл бойы Қор айналысып келе жатқан жұмыстарды нығайта түстік. Яғни біздің ұйымға сенім артқан әрбір жоба өз өңір экономикасына экономикалық және әлеуметтік әсер тигізу үшін, адамдарға жұмыс орындарын ұсыну, мемлекет пайдасына қызмет етуі үшін қолымыздан келгеннің барлығын жасап жатырмыз.
– Қазіргі кезде Қордың теңгерімінде қанша проблемалы жоба бар және жұмысы тұрып қалған қандай кәсіпорындарды қалпына келтіре алдыңыздар?
– Қазіргі таңда Қор басқаруындағы активтер қоржыны 55 жобадан тұрады, олардың 42-і ҚДБ-мен жасасқан цессиялар шарттары аясында тапсырылған. Бірқатар жобалар бойынша талап ету жұмыстары аяқталды, жобаны оңалту жүзеге асырылып жатыр, немесе инвестор ізделу үстінде; кейбір жобалар бойынша сот-талап ету жұмыстары жүргізіліп жатыр, яғни бұрын салынған мемлекеттік қаражаттарды қайтару іске асырылып жатыр. Осылайша, Қорда берешектерді қайтару бойынша шаралар белсенді жүргізіліп жатқан проблемалы активтердің пулы пайда болды. Аталған шараларды 2023 жылдың соңында аяқтау жоспарлануда.
ҚИҚ инвестициялық жобаларының сәтті түрде жүзеге асырылуының айқын мысалы ретінде «Досжан Темір Жолы» АҚ-ты айтуға болады. Бұл жоба Шығыс Қазақстан үшін маңызды рөл атқарады. ШҚО-дағы ұзындығы 151,6 км құрайтын жаңа көліктік бағыт елдің шығыс бөлігін оның басқа өңірлерімен байланыстыруға мүмкіндік жасайды, сонымен қатар мемлекеттік шекараны екі рет кесіп өту және кеден процедураларынан өту қажеттілігін жояды. Қордың белсенді түрде жәрдемдесуі арқасында кәсіпорын шығындардан арылып, өзін-өзі өтеушілік тәртіптемесіне өтті, бәсекеге қабілетті бола шықты.
Берешекті қайтару бойынша Қордың сәтті түрде атқарылған қызметіне көптеген мысалдар келтіруге болады. Мысалы, Қорға 2014 жылдың ақпан айында наразылық-талап ету процедураларын және оңалтуды жүзеге асыру үшін «Қазақстан Даму Банкі» АҚ-тан өткен Солтүстік Қазақстан облысындағы «Биохим» биоэтанол өндірісі бойынша зауыты. ҚИҚ атқару өндірісі шеңберінде берешектерді қайтару бойынша процедурасын жүргізді. 2016 жылдың желтоқсан айында аталған жұмысты аяқтағаннан кейін, үшжақты шартқа қол қойылды. Қазіргі уақытта отандық инвесторлар зауыт аймағында қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, оны іске қосуға дайындауда.
Көліктің тозған шиналарын қайта өңдеу бойынша кәсіпорын – «Kazakhstan Rubber Recycling» ЖШС-ден 2016 жылы өндірістік қуатқа шығудан бұрын қарыз алушылармен бірталай жұмыс жасау талап етілді. Біздің Қор аталған компаниямен 7 млн доллар мөлшеріндегі мемлекеттен бұрын алынған кредит бойынша берешекті қайта құрылымдау туралы бітімгерлік келісім жасасты, қалпына келтіру кезеңдерін және өндірісті іске қосуды айқындады. Нәтижесінде зауыт жылына 32 мың тоннаға дейін тозған шиналарды өңдеуден өткізе алады.
Сәтті іске асырылған жобалардың қатарында «Семей былғары-тері комбинаты» ЖШС да бар. Шын мәнінде, қала құрушы кәсіпорын, бірегей жадбықты иеленуіне қарамастан, бірнеше жылдар бойы жұмыс істемей тұрды. Контрагентпен – бұрын ҚДБ-де қарыз алушы болған кәсіпорын иесімен ұзақ келіссөздер жүргіздік, инвестор таптық, нәтижесінде кәсіпорын жұмысын бастады. Демек, кәсіпорынға түрткі қажет болды – біз оны бердік.
Тағы бір мысал. Металл қақпақтарды өндіру зауыты «Капс Интел» ЖШС-дағы алдыңғы инвестор ықтимал қатерлерді есепке алмаған. Өткізу нарығы зерттелінбеген, бәсекелестер пайда болды. Кәсіпорын жұмысын тоқтатты. Жақында ҚИҚ инвестормен сатып алу-сату шартын жасасты. Қазір «ALA sintez» компаниясы өз өнімдерін табысты жеткізіп тұрады, сол арқылы импортты ұқсас өніммен алмастыруға тырысуда.
Мұнда баса айтқым келетіні – Қазақстан инвестқоры кәсіпорындардың операциялық қызметіне кірмейді. Біз мынадай қағидаға сүйенеміз: мемлекет – үздік менеджер емес, сондықтан біз, мемлекет мүдделеріне өкілдік ете отырып жұмыс жасайтын активтерге мамандандырылған инвесторларды іздейміз де, кәсіпорындарды қалпына келтіру жұмыстарына тартамыз.
– Шетелдік инвесторлармен жұмыс істейсіздер ме?
– Иә, жұмыс істейміз. Мысал ретінде ірі америкалық Stewart Engineers Inc компаниясын келтіре аламын. Бұл компания Қызылорда қаласындағы табақ шыны өндіретін қазақстандық зауыт үшін технологиялар мен жабдықтарды жеткізуші болып табылады. Біздің жоба шеңберінде компания жабдықтарды жеткізумен қатар, акционер болып табылады.
Осы жоба бойынша 2017 жылдың мамыр айында құрылысты аяқтау бойынша стратегиялық серіктес анықталды. «Orda Glass Ltd» ЖШС атынан зауыт басшылығы мен «China Triumph International» қытайлық көпсалалы компаниясы арасында стратегиялық серіктестік және Қызылорда облысындағы зауыт құрылысы жұмысын аяқтау бойынша екіжақты келісімге қол қойылды. Қазір қытайлық тарап зауыт құрылысын аяқтаумен қатар, гаджеттерге арналған жұқа шыны өндірісі үшін екінші желіні қосу арқылы оны кеңейтуге ынта білдірді.
– Сіздің ойыңызша, жаңа жобаларды қолға алатын кәсіпкерлер әдетте қандай қателіктерге тап болады және де жаңадан бастайтындарға қандай ескертулер айтқыңыз келеді?
– Кез келген бизнесмен жобаға қатысу – бұл әрқашанда қандайда бір қауіп-қатерлер екенін түсінуі керек. Табысты бизнесмен ұстанатын басты ереже – ол қандайда бір жобаға кірісер кезде, бизнесмен сол салада кәсіби маман болуы керек, оның қыр-сырын білуі қажет. Өндірістен бірден табыс табу мүмкін емес, алдымен бірталай күш жұмсау қажет: менеджмент, логистика құру, барлық бизнес үрдістерді қалпына келтіру, нарықты, өтімді, бәсекеге қабілеттілікті зерттеу және т.б.
Біздің ойымызша, кейбір өнеркәсіптік жобалардың дамуында мынадай факторлар белгілі бір қауіп-қатерді құрайды: заңнаманың өзгеруі, соның ішінде банктік және салықтық заңнама. Салықтық заңнаманың қаталдануы, халықтың сатып алу қабілеттілігі және сұраныстың жоқтығы, технологиялардың дамымауы, көршілес өндіруші мемлекеттер тарапынан байқалатын қатаң бәсекелестік және мүмкін демпингті де осы қатарға қоюға болады. Машиналар мен жабдықтар өндірісінде, сонымен қатар ғылыми-техникалық қызметте білікті қызметкерлердің болмауы немесе жетіспеуі көңіл бөлуді талап ететін қауіп-қатерді туғызады.
– Жобаның қаржы-экономикалық оңалуы жайында сөз қозғасақ, бұл үрдіс қалай жүзеге асады және ол үшін сіздер құрал-жабдықтардың қандай түрлерін қолданасыздар?
– Өз қызметімізде біздің тек мемлекет мүдделерін басшылыққа алатынымызды түсіну қажет, біз банк емеспіз, біз даму институты болып табыламыз. Біздің басты міндетіміз – кез келген кәсіпорынды табысты түрде сату емес, оның орнына сол кәсіпорынды кез келген амалдарды қолдана отырып сақтап қалу, жұмыс орындарын сақтап қалу, немесе сол кәсіпорын жұмысы тоқтап тұрса, оны қолдау, ол жұмысын жалғастыруға жәрдемдесу. Сол себепті әрбір жобаға өзіндік тәсіл қолданылады. Біздің қызметімізде шарттардың түрлі нұсқалары мен бітімгершілік келісімдер қолданылады. Кәсіпорынмен бірлесіп біз өнімді серіктестіктің барлық жолдарын қарастырамыз. Кәсіпорындарға мемлекеттік қаражат бөлінді делік, бұл орайда екінші басты міндетіміз – сол қаражатты сақтап қалу және мемлекетке қайтарып беру. Сондықтан біз ақшалай қаражатты және активтерді қайтару бойынша ауқымды сот-талап ету жұмыстарын жүргіземіз.
– Мемлекеттік жекешелендіру бағдарламасында ҚИҚ қандай рөл атқарады?
– Ағымдағы жылы біз кәсіпорындардың үкіметтік тізімі шеңберіндегі 8 өндірістік жобаны жекешелендіруге ұсындық, олардың 5-і жалпы сомасы 337 млн теңгеге сатылды. Активтерді бәсекелес ортаға беру бойынша процедура электронды сауда-саттық арқылы қабылданған процедураларға сәйкес жүргізілді.
– Сіз Қордың инвестиция бөлуі үшін әлеуметтік маңызы бар жобалардың басымдығы туралы айтқансыз. Соңғы жыл бойынша әлеуметтік әсерді түсіндіріп беру мүмкін бе? Сондай-ақ Қордың қызметі қандай көздерден қаржыландырылады, БЖЗҚ-ның қаражаттары қолданыла ма?
– Сұрағыңыздың бірінші бөлігіне жауап бере отырып, мен тағы да бір рет барлық жобалардың біздің басқаруымызда екенін баса айтқым келіп отыр. Бұлар – шикізаттық емес сектордың кәсіпорындары, олардың әрқайсысы өз өңірі үшін маңызды болып келеді. Бұл тек жұмыс орындары және салықтық төлемдер арқылы бюджеттің толықтырылуы емес, сондай-ақ бұл – Қазақстанда сұранысқа ие өнім өндірісі.
Сонымен қатар тағы мысал келтіргім келіп отыр. ҚИҚ-тың проблемалы қоржынында Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Textiles.kz» компаниялар тобының тоқыма кластері бар. Борышкердің негізгі кәсіпорындары ҚДБ атынан мемлекеттен пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, салықтар мерзімін ұзарту, 4 жыл мерзімге кепілдендірілген тапсырыс түрінде қолдау алып, Дағдарыстан кейін қалпына келтіру бағдарламасына қосылды. Қолданылған шараларға қарамастан, кәсіпорындардың жоспарланған өндірістік және қаржылық көрсеткіштерге басқарушы инвестор қол жеткізе алмады, соның салдарынан, басқаларды қоса алғанда, жұмысшылардың жалақыларын төлеу бойынша берешектің артуы орын алды.
Әлеуметтік шиеленісті төмендету үшін 2016 жылдың желтоқсан айында және 2017 жылы ҚИҚ өз қаражаты есебінен өзіне міндеттер жүктеп, компаниялар тобының бұрынғы қызметкерлеріне жалақылары бойынша берешекті өтеп шықты және берешекті талап ету құқығын қайта табыстау бойынша шарт жасасты. Қазіргі кезде Қор жалпы сомасы шамамен 30 млн теңгені құраған 189 жұмысшыға жалақыларын төледі.
2016 жылдың қорытындысы бойынша Қор жалпы сомасы 18,7 млрд теңгені құрайтын, соның ішінде ақшалай қаражаты 1 млрд теңдеген астам 16 жоба бойынша берешек өтеуді жүзеге асырды. Қордың қатысуымен 350 жұмыс орны қалпына келтірілді, қоржындық кәсіпорындар 1,2 млрд теңге сомаға салықтар төледі. Пайдаланылатын қаражат туралы айтатын болсақ, қазіргі кезде біз тек өз қаражатымызды қолданамыз. Ешқашан БЖЗҚ-ның қаражатын тартқан емеспіз. «Бәйтерек» холдингі тарапынан 15 млрд теңге сомасындағы соңғы транш 4 жыл бұрын алынып қайтарылды.
Қазіргі күні біз Қазақстан аумағындағы қайта құрылымдау, яғни стресті активтерді оңалту бойынша қызмет ететін жалғыз мемлекеттік компания болып табыламыз. Бұл өте ауқымды жұмыс және ол үшін бірнеше жыл нәтижелері басты көрсеткіш болып табылмайды, дегенмен де біздің қоржында табысты түрде жүзеге асырылған бірқатар жобалар бар. Атап айтқанда, қазіргі кезде біз бірде-бір мемлекеттік бағдарламаны тікелей жүзеге асырмаймыз, сәйкесінше, олар бойынша қаражат алмаймыз, алайда бұрын, яғни ИИДМБ-ның алғашқы бесжылдығын жүзеге асыру кезеңінде салынған мемлекеттік қаражатты қайтару арқылы олардың іске асуына үлес қосқымыз келеді.
– Қордың алда келе жатқан жылға қандай жоспарлары бар?
– Ең алдымен, бұрын жасасқан шарттар мен келісімдер бойынша берешекті өтеу. Біздің жобалауымызша, бұл сома 1 млрд теңгеден аспақ. Қор 3 жоба бойынша жалпы сомасы 800 млн теңгеден астам проблемалы активтерді/мүлікті сатуды жоспарлады. Оған қоса, 5,5 млрд теңге сомасындағы наразылық-талап ету жұмыстарын жүргізу арқылы берешекті қайтару және банктердің бөлу-жою процедурасы аяқталған 14 борышкер бойынша Қор алдындағы міндеттемелерді тоқтату мәселелері тұр. Корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырамыз, қауіп-қатерлерді басқару жүйесін күшейтеміз, адам ресурстарын басқару амалдары мен тәсілдерін өзгертеміз. Осылайша, өткен жылы Қорда басқару менеджментін қысқарту арқылы штат құрылымы оңтайландырылды. Менің ойымша, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ даму стратегиясының болашақты айқын болжамдауы қойылған мақсат-міндеттерге қол жеткізуге қолайлы жағдай жасайды.
– Әңгімеңіз үшін рахмет.
Дайындаған
Дина МАХАМБЕТОВА