«Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасында адамның орташа өмір сүру жасын 73 жасқа дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл орайда министрліктің 2017-2019 жылдарға арналған қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру және сектораралық өзара іс-әрекеттестікті дамытудың жол картасы бар. Бүкіл әлемдік ДСҰ-ның мәліметі бойынша, жыл сайын әлемде қайтыс болғандардың 70 пайыздан астамы жұқпалы емес соматикалық аурулардың үлесіне тисе, олардың ішінде 55 пайызы жүрек-қан тамырлары, 28 пайызы қатерлі ісік ауруларынан қайтыс болады екен. Денсаулық сақтау саласында жұқпалы ауруларға қарсы жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беріп, бұл аурулардан қайтыс болғандар санының төмендеуіне (4-5%) қол жеткізілді. Ендігі үлкен міндеттердің бірі жұқпалы емес ауруларды азайту бағытындағы сектораралық өзара іс-әрекеттерді жетілдіре отыра, халықтың аурудың алдын алу мақсатындағы ақпараттылығын көтеру болып саналады.
Жұқпалы емес аурулардың пайда болуына әсер ететін негізгі факторлардың алдын алу немесе жою мақсатында әртүрлі ақпараттық акциялар жүргізе отырып, насихаттау жұмыстары қолға алынуда. Елімізде тіркелген 11 жұқпалы ауруды реттеу мақсатында күнтізбелік кестеге сәйкес егулер жүргізіліп келеді. Оның деңгейін 96 пайыздан төмендетпеуді қадағалау – міндетіміз. Бұл мәселелерге кейбір діни көзқарастағы адамдардың түсініктерінің терістігі кері әсерін тигізуде. Медициналық-зертханалық тәсілдермен тексерулерден өтудің сапасын көтеру, ауруларды ерте анықтап, диспансерлік есепке қою, дер кезінде емдеу денсаулық сақтау ұйымдарының шешімін табатын мәселесі ретінде қаралуда. Әрине, әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау туралы халықтық көзқарасты қалыптастыра түсуіміз қажет. Сондай-ақ, болашақ ұрпақтың денсаулығына ерекше мән беріліп, мектептерде ұйымдастырылып жатқан ыстық тамақ мәселесіне көңіл бөлінуде. Жалпы, дұрыс тамақтана білу мәселелерін кеңінен насихаттау жұмыстары қолға алынуда. Тиімді тамақтану көп аурудың алдын алатынын барлығымыз жете сезіне бермейміз және оған мән де бермейміз. Күнделікті тамақтың рационында нәруыздар – 12 пайыз, майлар – 28 пайыз, көмірсулар 60 пайызды құрауы керек. Жемістер мен көкөністерді, ағзаға қажетті минералды заттарға бай тағамдарды да күнделікті тамақтың рационына енгізіп отырған дұрыс. Жалпы, сала қызметкерлері қоғамдық саулықты сақтау мәселері жөніндегі сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруды алға қойып отырған негізгі мақсаттардың бірі санайды.
Нұрбек НЫШАНОВ,
Денсаулық сақтау министрлігі
Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің
Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы