– Көптеген инфекциялар жоқ десек те, бұл осыдан 20 жыл бұрын тіркелген шешек ауруына ғана қатысты болжам жасай аламыз. Себебі ол кезде адамдар уақтылы екпе алды. Сөйтіп шешек ауруы жойылды. Сондай-ақ қызылша ауруының алдын алу үшін көптеген жұмыстар атқардық. Бірақ екпеден бас тарту деген шыққан соң, қызылша қайта бой көтерді. Қазір балалар ғана емес, үлкендердің арасында да қызылша дерті кездесіп қалып отыр. Сондықтан бұл мәселе күрделі. Әрине жұқпалы дерттер, өлім қаупін төндіретін аурулардың қатарында болмаса да, әлем бойынша жыл сайын 14 миллион адам осындай дерттерден көз жұмады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының Семей қаласы бойынша бас терапевт дәрігері Татьяна Свитыч.
Дәрігерлер балаларға екпе салу керек екенін түсіндіріп жатса да, көптеген ата-аналар бұдан бас тартады. Ал негізінде жұқпалы аурулардың көбі ауа арқылы, түшкіргенде, жөтелгенде тарайтындықтан қоғамға едәуір қауіпті.
– Біз арнайы зерттеулер жүргізіп көрдік. Ата-аналардың екпеден бас тарту себебі, оларға қате ақпараттар тарап кеткен, – деді Семей мемлекеттік медицина университетіндегі балалардың жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Имдат Эфендиев. – Екпеден бас тартушы әке-шешелердің көбі егер екпе салғызсақ баламыз сал, аутизм, аяқ-қолдың тартылуы сияқты сырқаттарға ұшырап қалады деп қорқады. Дәрігерлер екпеден кейінгі болатын жағдайға кепілдік бермейді дегенді тағы да алға тартады. Сондай-ақ екпеге салатын дәрінің сапасына күдік келтіреді. Қазақстанға келмес бұрын екпе дәрілер көптеген тексерулерден өтеді.
Әйтпесе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны қолдануға тыйым салар еді. Мәселен, қызылшаға қарсы вакцина шығаратын Үндістан компаниясы лицензияны 50 жылға алады. Десек те, әр жыл сайын тексеріліп отырады. Егер екпе салған кезде ісініп, температурасы көтерілетін болса, бұл қызылшамен ауырғаннан әлдеқайда жеңіл белгілер екендігін ұмытпау керек. Бізге 12 жасар бір бала қатты ауырып түсті. Қағаздарын қарасақ, екпе алмапты. Баланың өмірін әрең сақтап қалдық. Ата-аналары дәл сол кезде уақтылы екпе салғызбағандықтарын айтып, өкінді.
Семейде әзірше, менингококк инфекциясының бірлі-жарым оқиғасы тіркелген. Ал ЖРВЖ, тұмаудың асқынған түрі жоқ. Қалада қазір тұмауға қарсы екпе жұмыстары қолға алынған. Тұмаудан екпе алу, алмау әркімнің өз еркінде. Десе де, қаладағы эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Динара Тлекинаның айтуынша, қызылша, полимелит, шешек, коклюш сияқты ауруларға қарсы екпені уақтылы алмау кішкентай балалардың өміріне қауіп төндіреді.
Раушан НҰҒМАНБЕК
СЕМЕЙ