Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2017

Кененнің қызы

2313 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Жақсының жаратылысы бөлек, тектінің тегеуріні мықты. Болмысы бүтін, сөзі нәрлі, мінезі мінсіз. Кең пішілген, бәрін сезіп тұрасың пішінінен. Аспайды, таспайды. Тыңдай біледі. Тыңдата алады. Мен осының бәріне: «Кенеке, сіз күміс көмей әншілігіңіздің үстіне, ғұлама жырау әрі әбжіл шешен, байтақ шежіре екенсіз», деп ұлы Мұхтар Әуезов бағалаған, «Салдық, серілік дәстүрдің ең соңғы шыңы – Кенен» (Ақселеу Сейдімбек) деген күміс көмей, жезтаңдай, сөзі балдай Кенен Әзірбаевтың қызы Төрткенмен әңгіме үстінде көз жеткіздім.

Кененнің қызы

Серінің тұқымы емес пе, сексеннің сеңгіріне шықса да, арғы-бергі тарихты, көзін көрген, айтқандарын көңіліне түйген қазақтың небір жампоздары туралы ой өрбіткенде – өреңді өсіріп, көңіліңнің көкжиегін кеңейтеді. Қазақтың Кененін ата деп кеткен Алатаудай ардақты әкесі жайлы, ол кісі қадір тұтқан замандастары мен інілері туралы ағынан жарылғанда зерделі жанның зеректігі тәнті етті. 

– Алатаудың баурайынан бая­ғы замандағыдай ат арылтып, тон тоздырып келмесек те құстай ұшқан жақсы дәуірдің көлігімен Мырзатайдай (Жолдасбеков) бауы­рымның сексен жылдығына арнайы жетіп едім. Астананың төрін­де өткен кешінде болдым. Аста-­төк мақтау сөздің орнын ән мен күй басты. Бәрі өзінің туын­дылары екен, керемет. «Тірі» концертті көріп бір жасап қал­дым. Өлі дауыстан әбден қал­жы­радық қой. Ұлттық сазға аңса­рың ауып барсаң, құдай-ау, өзде­рін өздері жұлып жеп, күйіп-жа­нып, өліп-талып тұрғандар жұрт­ты ақымақ дей ме, дауыстары жоқ, қимылдары көп.

Құлағың тұ­нып, басың зеңіп, керең болып қайтасың. Бұрын залдың ішін­де емес, дала сахарасында ән айт­қанды естіп отырушы едік. Кейбір айғай-сүреңге қарағанда, олардың даусы кем-ау шамасы. Қолдан жасап алады дейді. Содан да болар мәні жоқ, мәнері келмейді. Қайдам, ұлттық әуенді еліктеп-солықтағандардың уысына беріп қойдық па деген бір ой мазалайды. Осыны ел болып ойлану керек те шығар.

Ардақты Кенекем деп сыйла­ған Мырзатай атамның кіндігінен жаралмаса да ол кісінің жан дү­ниесін, болмысын керемет тү­сін­ді. Содан да болар әкем біз­ден гөрі Мырзатайға көп сенім артты.

Кенен Әзірбаевтың мұрасын жүйелеген Мырзатай еді. Оны айтпау мен үшін күнә секілді.

Мына жалған дүниеден аттанатынын білген атам соңғы сөзі мен соңғы әнін «Қалады-ау» деп атады. Осыдан кейін санаулы күн өткізіп барып өмірден озды. Сол соңғы өлеңі мен соңғы әнінен үзінді келтіре кетейін. «А-ау! Қай­ран елім, туған жерім, Ажал жетсе қалады-ау, Қара көрге, қатты жер­ге, Халқым шулап салады-ау.

Жалғыз «көйлек» еншім тимек, Жалаң аяқ, жалаң бас. Есіл тәнім, салтанат сәнім, Жер астында қа­лады-ау. Жарым, балам, іні-аға,­ Жора-жолдас қалады-ау. Ақ дом­бырам, қағаз-қалам, Серік бол­ған қалады-ау. Қимас дос­тар, тең құрдастар, Кәрі, жастар қала­ды-ау.

Бірге жүрген, ойнап күл­ген, Замандастар қалады-ау, Қала-дала, сай мен сала, Жүрген жер­лер қалады-ау, Тау мен тастар,­ тартқан көкпар, Әріптестер қала­ды-ау.

Сыңғыр қаққан, сырын айтқан, Күміс бұлақ қалады-ау. Жал­ғыздығың, шықпас үнің, Тап сол жерде болады-ау» деп осылайша кете береді. Мен бұл өлеңді түңілту үшін емес, ойланту үшін, аз ғұмырда сыйласып жүру қажет екенін аңғарту үшін мысал ретінде келтіріп отырмын.

– «Екі Кенен тумайды, Ала­тауға ексең де», деп өзі айт­қан­­дай әннің де, жырдың да, сөздің де, ұлтқа тән үлгінің де – бәрі, бүтін болмысы, ең аяғы ақ күмістей салалы са­қал-мұр­тымен де нағыз қазақ­тық­ қалыптағы тұлға Кенен Әзір­баев екені анық. Сол қасиет­те­рі­мен қадірі артқан абыз Ке­­неннің өткен өміріне аз-кем шолу­ жасап көрсеңіз деген тілек бар.

 – Атам екі ғасырдың жақсы­лы­ғын да, қиындығын да тез көр­­­ген адам еді. «Балаларым, бал­дырғаным, Сүйсем мейір қан­дыр­ғаным», деп өзі айтқандай, әкем балажан кісі еді. Бірақ өмірге келген баласы қара табан болған кезде де, өмір есігін аша салып та ғайыптың құсындай «ұшып» кете беріпті. Ол атама аз азап арт­па­ғанын, тұңғиық шер мен зар әкелгенін жұрт біледі.

Бөленген бақыты да мол болды. Біздің бетімізден қақпады. Бірақ «Мен халық ақыны болдым, сендер сол халықтың адал баласы­ болыңдар», деп тәрбиеледі. Соны орындадық-ау деймін. Алла атам мен анама баланы бермей қой­мапты, беріпті.

Ауыр сөз болса да айтайын. Өле беріпті. Бір жұрт­та, бір күнде Базар мен Назар қайт­қанда тілі байланып ұзақ ауырып­ты. Қатарынан төрт ұлын жер қой­нына беріпті. Бір ұлының атын Тұрар деп қойыпты. Ол да тұрмапты.

– Лағынан айырылып, үні сембей маңыраған ақ еш­кіге қосылып, «Базарым-ай, На­за­рым-ай», деп зарлап жүргенде сіз өмір­ге келіп, мауқын басыпсыз.

– Иә, «Бір кем дүние», деп Шер­ағаң (Шерхан Мұртаза) айтпақшы, сол бір кем дүниені толтыра­йын десе, Алланың баласы да, дүниесі де аз емес екен. Қазақ пен қырғыздың игі жақсылары қатар келіп, қайғысына ортақтасып көңіл айтқан кездер де болған ғой. Мен өмір есігін ашқанда екі елдегі қатарластары бауы берік болсын, өмір жасы ұзақ болсын десіпті.

Тәңірім сол асылдардың ниетін қабыл алған-ау! Әкем ұлы Мұқаң (Мұхтар Әуезов), ұлы Сәбең (Сәбит Мұқанов), басқа да әде­биет пен өнердің алыптарымен­ араласқан. Солардың бәрі де тілек­тес болыпты. Менің алдымда­ өмірге келген бауырларымның бәрі де талантты екен. Ұлдай тәтем биші болуды армандапты. 1936 жылғы Мәскеуде өткен қа­зақ әдебиеті мен өнерінің онкүн­дігіне қатысқан. Күләш, Жамал, Шаралар оның қимылына қы­зы­ға қарапты.

Ардақты апалары­ қолдап, өнер жолына түскелі тұр­ғанда атам «халық жауы» атанып, әпкемнің арманы орындалмай қалған. Ал Зұлухия деген тәтем жақ жоқ ақын болыпты. Он үш жасында топ жарып, айтысқа түсіп, қарсыласын бет қаратпапты. Көз тиген бе, сөз тиген бе, содан қатты ауырып, қайтпас жолға аттанған екен. Сәлдеп жатып: «Аялаған ата-ана, жөні басқа, Бұлбұл қонбас саясыз қу ағашқа. Осы аурудан қорқамын, түрі жаман, Биыл ғана толып ем он үш жасқа. Тас жармады, қызыл тіл, бас жарды ғой, Өлең айтып, айтысып шаршы топта. Алатау! Қайран елім қалады-ау», деп көзінің жасы алты тарам болыпты.

Тұсына ілген кестелі тұскиізді сипап жатып мына­ жалғаннан өте шығыпты. Е, өт­ті-кетті деген осы ғой. Мен өмір­ге келгенде атам мен апам «аузы күйген үріп ішеді» деп ал­дыңғы балаларындай өлтіріп ала­мыз ба деп, шыр етіп жерге түскенде кіндігімді балаларға балтамен шаптырыпты. Жетпіс, сексен, тоқсаннан асқан төрт кемпір, бір шалдың тақымынан өткізіпті.

Біреуден бір қап тезекке сатып алдым деп, тымаққа салып керегенің басына іліп қойыпты. Атымды ырымдап Төрткемпірбіршал атапты. Әке-шешем қайтсе тірі қалады деп басқа сәбилеріне неше түрлі ат қойған. Бір қызының аты – Тілграмкүл екен. Соғыстың тұсы болса керек. Ол да ауырмай-сырқамай қайтыс болыпты. Кейін мектепте оқып жүргенде атым күлкі шақыра бастады.

Оны әке-шешем көріп жүрді де, төрт кемпір, бір шалдың төртін қалдырып, өз атының кенін қосып, атымды Төрткен атады. Азан шақырып қойған атым – Төрткемпірбіршал. Менің осы уақытқа дейін жер басып жүруім, қайталап айтамын, көптің тілеуі, ата-анамның Алла көз жасын көруі, зарын естуі, мол шарапаты деп білемін. Акаде­мик Асқар Жұмаділдаев інім ал­гебрадан тапқан есебін «Төрт­кен» деп атап, атымды әлем оқы­мыстыларына танытты. Ри­замын. Атамның әруағы қол­да­сын бауырымды.

Менен кейін: «Сен туып ең, Жамбылдың батасынан, Суырып әпергендей қалтасынан, Мұңдар қу бас атанып жүргеніңде, Сені берген айналдым Қордайдың жотасынан, Көркемжан», деп өзі шаттана жырға қосқан Көркемжан інім дүние есігін ашты. Оның соңынан Бақытжан ерді. Маған серік болсын деп ата-анам Айша деген қызды асырап алды. Оның шын аты Хамсият еді. Алапат жылдары біздің өңірге жер ауып келген көрінеді. «Атақты Сүлеймен Стальскийдің жақындарымыз», дейді екен қарғадай бала. Оны естіген әкем, «Бұл бала бір текті тұқымнан шыққан адам болды-ау, Стальскийді білуі соны көрсетіп тұр емес пе?» дейтін көрінеді.

Анам болса «Қызым, бабаңды ұмыт­па», деп тауқыметі көп тағ­дырға лағнет айтып, азаптың сан­ түрі болатынын өз өмірінен мы­салдар келтіріп, жылап алады екен. Хамсиятқа тіліміз келмей, Айша деп кеттік. Сол әпкем кейін бізге адал бауыр болды. Нәмет деген азаматпен шаңырақ көтеріп, ұл-қыз өсіріп, өнегелі отбасына айналды. Тумасаң да туған бауыр деген осы болар. Қатар жүрсек, жарасып кетеміз. Енді арамызды ұрпақтар жалғастырып отыр. Ақтамақ, Ақбілек деген сіңлілерім бар. Әке-шешеміздің, ел-жұрттың ниетіне келген ұрпақпыз. Біз соны өзіміз ғана біліп қоймай, кіндігімізден тараған ұл-қызы­мыз­ға, олардан өсіп, бүр жарған бүлдіршіндерге де айтып отырамыз. Бәріне шүкіршілік етеміз.

– Кенен атамыздың «халық жауы» атанғанын айтып қал­дыңыз. Сол туралы кейінгі ұр­пақ біле жүрсе, артық болмас деп ойлаймыз. Бүгінгі күнге жету оңай болды дейсіз бе?

– Айтайын, бірақ есіме түссе жаным шошиды, төбе шашым тік тұрады. Қарағым-ай, ол да бір айтып болмас, қайтып келмесе екен дейтін қилы кезең еді ғой. Әке-шешем қашса да Құдай, қуса да Құдай депті. Бұл қазақ не көрмеді. Соның салқыны менің әкемді аяз болып қарыған. Үстінен құлаш-құлаш арыздар жазылып, неше түрлі пәле-жаланы мойнына іліпті. Сол сұмдықты әкем мен анам алпыс жыл бойы жасы­рып келіпті. Анам – «Қабағы ашық жазығым, Нәсиха – алтын қа­зығым. Бұл сөзімде желеу жоқ, Нәсихаға теңеу жоқ»,  деп атам жыр­лағандай өте ақылды адам еді.

Бір күні «Алпыс жыл бойы жа­сырып келген, шемендей болып­ қатып қалған бір құпиям бар еді», деді. 1937 жылдың қысында Жамбыл, М.Қаратаев, әкем – үшеуі Шота Руставелидің 750 жылдық мерей­тойына барып, елге келген күні өрімдей екі жас жігіт атамның қолын артына қайырып байлап, алып кеткенін көзі жасаурап отырып айтып еді. Үйдің астан-кестеңін шығарғанда түк те таппапты. Анам сол кездегі Жазушылар одағының басшысы Мұхамеджан Қаратаев ағайға барып, араша түсуін сұраған екен, көмегін аямайтынын, жоғарыға әкемнің ақ адал екенін жеткізем деп жұбатыпты.

«Халық жауының» үйі деп есігімізді ешкім ашпапты. Өз баласын қойып, ағайынның баласын мектептен қуып шыққан. Атама таққан айыптары: «Сен Ораз Жандосовтың досы, туы­сы екенсің. Оған арнап өлең де, ән де шығарыпсың. Не істе десе, соны істепсің, сонда сен кімсің? «Халық жауысың».

Рас қой?! Онда осының бәріне рас деп қол қой», деп қинаған екен. Әкеме көрсетпегендері қалмапты. Өлімші етіп сабапты. Оразға арнаған өлең мен әнін орындатып алып: «Оразжан, серкесі едің Жетісудың, Жасыңнан талаптанып оқу қудың. Ерағаң алдыңдағы Тоқаш өліп, Екеуің Жұбанышпен егіз тудың. Қош, аман бол, Ораз­жан», деген жолдарға келген­де жендеттер: «Көрсетейін мен саған Оразды, Оразшылын мұ­ның», деп айғайлап, жын соқ­қан­дай қалшылдапты.

«Бас салып мені тепкіледі-ау келіп, мыл­тықтың дүмімен ұрып, тісім­ді сын­дырғанын білемін. Арғы жағын білмеймін. Ес жия алмай көп жатыппын. Келесі күні тағы тергеу: «Сен байдың тұқымы екенсің ғой, шыныңды айт жаныңның барында», деген қатыгез қысымды анам көзіне жас алып отырып айтқаны бар. Көкшолақ мініп жалшы болып жүрген сорлы әкемді осы­лай қинапты. Сөйтіп бір жыл­дай уақыт өткенде «Әзірбаев сыртқа шық!» деген өктем дауыс­ естіліпті. Қасындағылармен қоштасып жатқанда біреуі: «Кенеке, атуға шақырғанда қолдарындағы қағаз­дары көк түсті болушы еді.

Бүгінгі қа­ғаздарының түсі қызыл екен. Мүм­кін босататын шығар»,  депті. Әлгі азаматтың айтқаны ке­­ліп, атамды түнектен жарыққа шы­ғарып, есікті тарс еткізіп жаба са­­лыпты. Айналасына қарап, түкті де көрмепті. Онымен бірге шық­қан бір орыс алды-алдына қа­рамай қаша жөнеліпті. Соңынан ме­нің әкем де тұра жүгіріпті.

«Қол-аяғым ұзын ғой, жүйрік екен­мін. Ағаштарды тасалай-таса­лай жүгіріп қаланың сырты ғой деймін, ашық алаңға шығып кетіппін», дейді екен.

«Достарым» деген өлеңінде айналасындағы сыйласқан азаматтарын тізбелей келіп, соның «Сегізіншісі Қаратаев достың бірі, Кетеді шындықты айтса көңіл кірі. Қиындық көргенімде жәрдем берген, Себепкер жүргеніме ел де тірі», деп Мұхамеджан Қаратаев ағаның шарапатын еске салады.

Иә, осыдан кейін атамның дәурені жүрді. «Көкшолағы Кенен­нің дүлдүл болды», деп өзі айтқандай, атамның үні шалқып, әуені ашылып, бұлбұл болды.

– Шынында, әннің құдіре­тін, сөздің нарқын «Біле ме тү­сінбеген әннің парқын, Ән үні естіледі оған салқын, Жүрсем де сабау қамшы, салт атты боп, Таралған ел ішінде әнім қал­сын», деп айтқан Кенен баба­мыздың әні бүгінде халқының қазынасына айналды емес пе?

– Халық қазынасына айналға­ны анық. Ол кісінің өлең-жыры өз алдына. Ән мен күйден қалдыр­ған байлығы жүзден асады. Біз солардың басын қосып, өз қар­жы­мызбен үнтаспа шығардық. Талантты сазгер сіңлім Балнұр Қы­дырбек «Шырқа, даусым» деген әндер жинағын жұртқа ұсын­ды.

«Мұқам, сазын өзгертпе, Еліктеп, еріп басқаға. Ән мұрам са­ған аманат, Домбыраңды тас­тама...», деп атам аманат етіп кет­кені белгілі. Соны қайтсем атқарамын деп жүргенде Жүсіпбек Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжінің директоры Ержан Қосбармақов жұмысқа шақырып, сонда он жыл қызмет еттім.

Атамның бұрын орындалмай келген көптеген әндерін айна­лымға қостық. Сонымен бір­ге жұртқа белгісіз халық ән­дерін де жаңғырттық. «Кенен ата» деген кітап жазып, қалың қауым­ға ұсындым. Бақытжан інім де естелік кітабын жарыққа шығарды. Айгүл Өтен деген азаматша атам шығармашылығынан ғылым кандидаты атанды.

Одан кейінгі жерде Іле ауданының (Алма­ты облысы) өзім секілді өнер­лі замандастардың басын қосып, «Ардагерлер» ансамблін құ­рып, қазірге дейін, әсіресе елді ме­кен­дердегі халықты ән-күймен сусын­датып келеміз. Бұл ұжым да атам­ның алуан түрлі әндерін айтады.

– Алматыдан еңселі ес­керт­кіш бой көтерді емес пе?

– Кенен Әзірбаев атындағы көшенің бойында ондай игілікті іс өз шешімін тапты.

Оны жүзеге асырған Кенен ұрпақтары мен Кенен ауылының азаматтары еке­нін айта кетсем деймін. Ескерт­кішке қажет жерді де, яғни барлық шығынды өздері көтерді. Атам өмірден қайтқан күні бәріміз сол жерге жиналып, ардақты асылымызды еске аламыз. Өмірден кім өтпейді, бәрі де өтеді. Дегенмен ұлтқа белгілі адамның көзі кеткен соң, көп жағдайда іздеушісі, не жанашыры болмаса, қаға берісте қалып қоятыны мені көп ойландыратын болды.

Атамның артында қалған қазынасы он том кітап болады екен. Мерейтойының тұсында келіскен төрт томдығы шықты. Оның таралымы аз екен. Бір данасына қолым әрең жетті. Шақырылған сыйлы қонақтар алған болар. Ал өнер жолында жүргендерге жете қоймады.

Олар Кенен атасының кітабын менен сұрайды. Мен жағдайымды айтамын. Негізінен алғанда кітап солардың қолына тисе, атамның шығармалары жұртқа кеңінен жетері сөзсіз. Алдағы уақытта өнер адамының дүниесін өнер жолында жүргендерге, былайғы жұрттың пайдалануына мүмкіндік жасасақ, қане. Әшірбек Сығай білімді азамат еді ғой. Бір жолы опера халық туындысының не­гізінде жазылатынын айтып, Кенен әндері күлдіре де, жылата да, күңіренте де, қуанта да алатынын, ендеше соның негізінде опера жазу керектігін жұрт талқысына ұсынған еді. Ол ойдағы идея да бір талантты ұрпақты күтіп жатқан секілді. Жамбыл қаласында Кенен Әзірбаев атындағы бір кино­театр бар еді.

Оны бір кәсіпкер сатып алып, атын «өшіре салды». Қордай ауданындағы ежелгі ауыл шаруашылық техникумына (қазір колледж атанады) атамның есімі берілген еді. Басшылық ауысқанда биографиясы мен жағырафиясы тура келмеді ме, ол да Әзірбаев атын «құлатып» тынды. Осындай жағдайлар әр жерде болып жатқанын естимін. Бұл кімді де болса ойландыруы тиіс қой деймін. Жалпы, ұлт жақсысына айналған адам көпке ортақ қой. Оларды бір өңірге, бір ауданға, не бір облысқа теліп қою жараспайды.

Абайды Семейдің, Жамбылды Алматы маңының, Мағжанды Қызылжардың, Иса Байзақовты Керекудің, Жұбанды Оралдың, Фаризаны Атыраудың, Әбішті Ақтаудың еншісіне бере қою қазақ үшін күнә секілді. Кененге арналған Республикалық ән байқауы тек Жамбылда ғана емес, әр жылы әр облыста, әр өңірде өтсе, қаншама талант қатарға қосылар еді. Ұлт асылы – ұлттың қазынасы, жұрттың дәнекері екенін естен шығармайықшы, бауырлар! Бұл біз секілді үлкендерге жүк болып тұрғандай.

Сол жүкті кейінгіге қалдырмай, өзіміз атқарып кетсек екен. Тағы бір айтайын деген тілегім бар еді. Ол Жамбыл қаласындағы облыстық филармонияға Әзірбаев атын беру жайы. Бұл өтінішімізді тиісті орындарға жібердік. Үмітімізді үкілеп отырмыз.

– Кендей Кененнің сіздей зия­лы қызы сексеннен асып, тоқ­санға беттеп барады. Ана ре­тінде, әже ретінде айтарыңыз бар ма?

– Айтарым аз емес, екі ұл, екі қыздан он екі немере, он шөбере көріп отырмын. Алда еске салдым ғой, он жыл колледжде сабақ бердім деп. Сонда байқағаным, арғы-бергі дәуірлердегі өнер адамдары мен өнер туындыларына қа­тысты еңбектердің аздығы, ша­шыраңқылығы еді. Ахмет Жұ­ба­нов­тай ұлы тұлға керек болып тұр.

Ұрпақ тәрбиесіндегі олқылық­тар да жоқ емес, бар. Небір түрлі сұмдықты естисің. Басқаны қай­дам, ұл-қыз тәрбиесіне жұрт болып жұмылуымыз керек тәрізді. Әркім өз баласының тілеуін тілейді. Ол да дұрыс шығар. Бірақ бәрінен ұлттың келешегі, ертеңі саналатын ұрпақ қымбат емес пе? Қазақы қалпымызды, ұлттық салтымызды сақтаймыз.

Кейде өз замандастарыма да ре­нішімді ірікпей айтып қаламын. Өйт­кені алда келе жатқан біз – кейін­гіге қазақ әйелінің, қазақ ана­сы­ның бүкіл бітім-болмысын көр­сетуіміз керек қой. Жастармен бірге еліктеп-солықтау бізге жат қылық. Жараспайды. Қанша жерден еуро­палықтардай боламыз дегенмен бола алмаймыз. Өйткені жаны­мыз да, қанымыз да бөлек емес пе?

Менің сексен жылдық мерейтойымды балалар атап өтті. Санаулы қалған замандастарымды да қасыңызда отырсын деп шақырды. Олар да мен сияқты ана, әже атанған. Бірақ кейбіреулері шалбарланып келіпті. «Бұларың не, көйлектерің жоқ па? Кейінгіге көрсеткен үлгіміз осы ма?»  десем, «Сенің көрмейтінің жоқ», деп өз уәждерін айтады. Біздің балалық шағымыз соғысқа тұспа-тұс келіп еді. Сонда әйелдер шалбарланып жүріп шөп шапты, егін орды, мал бақты.

Сол қиын кезеңде олардың алдындағы үлкендер жағы оны оғаш көріп, бұл неткен сұмдық дейтін. Қазір ондай заман емес қой. Сондықтан  біздер ұлттық жолмен жүруге тиістіміз. Мені бұл жолға асыл анам салған еді. Қашанда бала тәрбиесі тікелей анаға қатысты. Осы күні қазақ тілін білмейтіндер туралы әңгіме аз айтылмай жүр.

Қазақ баласының қазақ тілін білуі анасына тәуелді. Ақ сүтін берген ана өз тілін білсе, баласы сол ананың тілін білмейді деуге кім сене қояр екен?

Анасы ана тілін білмесе, баланы неге кінәлаймыз? Тәрбие отбасында. Қайталап айтамын, ана мықты болуы керек. Әке түз адамы ғой. Қара киім киіп, тұмшаланып алғандарды көрсем, төбе шашым тік тұрады. Қазақ қашан қара киім киіп еді? Қашан шашын жайып жіберіп еді? Бұл екеуі де жамандықты шақырады деген. Күйеуінен жас­тай айырылғандар шашын жа­йып жіберіп жоқтайтын. Бұдан құтылудың жолы – қазақы қалып. Әрине мен ескіліктің шырмауында қал демеймін. Уақытқа қарай жаңар, жасар. Тек жат әдеттен аулақ бол.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»