Фото: Талғат ТӘНІБАЕВ
Солтүстік Қазақстан көрші елдің үш облысымен шектесетін өңір болғандықтан, қос тарап арасындағы экономикалық қарым-қатынас өз жемісін беріп келеді. Соңғы бес жылда бірлескен кәсіпорындар саны 40 пайызға көбейіп, бір жылда 20 миллиард теңгенің салығы құйылған. Теріскейдің еш қоспасыз, экологиялық жағынан таза өнімдерін көршілеріміз таласа-тармаса сатып алатынын шекараның арғы жағында өткізіліп жүрген ауылшаруашылық жәрмеңкелері де айғақтайды.
Жуырда Омбы қаласында «Қазмаркет» атты сауда нүктесі өз есігін айқара ашып, тұтынушыларға ет, сүт, кондитер тағамдарын ұсынды. Омбы облыстық экономика министрінің орынбасары Денис Кушнердің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысы негізгі әріптесі саналады. Сыртқы сауда үлесі 30 пайызды құрайды. Биыл оның көлемі 160 миллион долларға жеткен. Алдағы уақытта да азық-түлік түрлері сатылатын сауда алаңдары жүйесін кеңейту белгіленген.
Жақсы жаңалықтың ізі суымай жатып өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың тапсырмасымен тағы бір сауда павильоны бой көтерді. «Қазақстанда жасалған» бренді шекаралас өңірлерде кеңінен танымал. Осы себепті сыртқы нарық қажеттіліктерін өтеудің жолдары жан-жақты ойластырылған. Бұл орайда, тауарлардың молдығы мен сапасы барынша ескерілген. Біз осы жағына үлкен көңіл бөліп отырмыз», дейді «Есіл» аумақтық дамыту орталығының директоры Руслан Шарипов.
Мұнда солтүстікқазақстандық тауар өндірушілер өз өнімдерін тікелей, делдалсыз ұсынатындықтан баға қолжетімді. Сөрелерде сұйық май, жартылай фабрикат, шұжық, қалбырдағы ет, жұмсақ, қатты ірімшік, шырын, ұн, макарон, кондитерлік өнімдер, тағы басқа екі жүзден астам өнім түрі орын алған. Омбыдағы «Қазмаркет» сауда желілерінің жетекшісі Евгений Бойко Қазақстанда шығарылатын бәсекеге қарымды тауарлар мен өнімдерге сұраныстың арта түскенін алға тартты. Оның сөзін тұрақты тұтынушылардың бірі Виктор Хоменков, Татьяна Пшанова да растап, дәмділігі тіл үйіретін азық-түлік тағамдарын бірінші кезекте сатып алатындарын жеткізді.
Мұндай сауда нүктелерін Түмен қаласында да ашу ұйғарылған.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы