Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2017

СҚО-да бір­лескен кәсіпорындар саны 40 пайызға артты

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда Челябі қаласында өткен ХІV өңіраралық ынтымақтастық форумында сөйлеген сөздерінде Ресей және Қазақстан президенттері шекаралық әріптестікті одан әрі дамытудың маңызды перспективаларына тоқталып, өзара бірлескен іс-қимыл арқылы табыстарға жету мүмкіндіктеріне назар аударған болатын. Оның ішінде сауда-саттық байланысына ерекше басымдық берілген еді. 

СҚО-да бір­лескен кәсіпорындар саны 40 пайызға артты

Фото: Талғат ТӘНІБАЕВ

Солтүстік Қазақстан көрші елдің үш облысымен шектесетін өңір болғандықтан, қос тарап арасындағы экономикалық қарым-қатынас өз жемісін беріп келеді. Соңғы бес жылда бір­лескен кәсіпорындар саны 40 пайызға көбейіп, бір жылда 20 миллиард теңгенің салы­ғы құйылған. Теріскейдің еш қос­пасыз, экологиялық жағынан таза өнімдерін көрші­лері­міз таласа-тармаса сатып алатынын шекараның арғы жағын­да өт­кізіліп жүрген ауылшаруа­шы­лық жәрмеңкелері де айғақ­тайды.

Жуырда Омбы қаласында «Қазмаркет» атты сауда нүкте­сі өз есігін айқара ашып, тұты­ну­шыларға ет, сүт, кондитер тағам­дарын ұсынды. Омбы облыстық экономика ми­нистрі­нің орынбасары Денис Кушнердің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысы негізгі әріп­тесі саналады. Сыртқы сауда үлесі 30 пайызды құрайды. Биыл оның көлемі 160 миллион долларға жеткен. Алдағы уа­қытта да азық-түлік түрлері са­ты­латын сауда алаңдары жү­йе­сін кеңейту белгіленген.

Жақсы жаңалықтың ізі суымай жатып өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың тапсырмасымен тағы бір сауда павильоны бой көтерді. «Қазақстанда жасалған» бренді шекаралас өңірлерде кеңінен танымал. Осы себепті сыртқы нарық қажеттіліктерін өтеудің жолдары жан-жақты ойластырылған. Бұл орайда, тауарлардың молдығы мен сапасы барынша ескерілген. Біз осы жағына үлкен көңіл бөліп отырмыз», дейді «Есіл» аумақтық дамыту орталығының директоры Руслан Шарипов.

Мұнда солтүстікқазақ­стан­­дық тауар өндірушілер өз өнім­дерін тікелей, делдалсыз ұсы­натындықтан баға қол­же­тімді. Сөрелерде сұйық май, жарт­ылай фабрикат, шұжық, қалбырдағы ет, жұмсақ, қатты ірімшік, шырын, ұн, макарон, кондитерлік өнімдер, тағы басқа екі жүзден астам өнім түрі орын алған. Омбыдағы «Қазмаркет» сауда желілерінің жетекшісі Евгений Бойко Қазақстанда шығарыла­тын бәсекеге қарымды тауарлар мен өнімдерге сұраныс­тың арта түскенін алға тартты. Оның сөзін тұрақты тұтынушылардың бірі Виктор Хоменков, Татьяна Пшанова да растап, дәмділігі тіл үйіретін азық-түлік тағамдарын бірінші кезекте сатып алатындарын жеткізді.

Мұндай сауда нүктелерін Түмен қаласында да ашу ұйға­рылған.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы