Аймақтар • 05 Желтоқсан, 2017

Қазығұртта мал бордақылау кешені салынып жатыр

1359 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазығұрт ауданында «Сапа-2002» серіктестігі құны 275 млн теңге болатын мал бордақылау кешенін салуда. Қазір 170 миллион теңге игеріліп, 6,5 мың қой сыятын алаңның құрылысы аяқталған. Мұнда салмағы 90-95 кило тартатын қазақтың асыл тұқымды қылшық жүнді құйрықты және меринос қойлары бағылады. 

Қазығұртта мал бордақылау кешені салынып жатыр

Бұл Оңтүстік Қазақстан облысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында атқары­лып жатқан ауқымды істердің бірі. Бағдарламаның 61-қадамында ет өндірісі мен өңдеуді дамыту үшін, «негізгі міндет шикізат базасын дамыту және өңделген өнімдерді экспорттау» екені айтылған болатын. Осы орайда, «Сапа-2002» ЖШС-і бүгінде 4,5 мың қой бордақылауда. Алдағы уақытта жылына 1 мың тонна жоғары сапалы қой етін өндіруді мақсат етіп отырған шаруашылықта жоба толық аяқталса, жоғарыда аталған кешенде бір мезгілде 10 мың қойды бордақылауға мүмкіндік тумақ.

Серіктестік басшысы Нұржан Әшіровтің айтуынша, мұндағы қозы етіне ирандықтар мен арабтар қызығушылық танытса, семіз қойларға Өзбекстан елінен сұраныс бар екен. Яғни шаруашылық ет экспортын дамытуды қолға алмақ. Мемлекеттік қолдаулар нәти­же­сінде жаңа техникаларға қол жет­кізіп кәсібін өркендетіп отырған шаруашылықта жұмыспен 120 адам қамтылған.

«Сапа-2002» ЖШС-да қойдан бөлек, жылқы мен ірі қара да бар. Жалпы мал басы 9 мыңнан асады. Мал шаруашылығымен қатар элиталы бидай, мақсары және жоңышқа тұқымын өндірумен айналысатын серіктестік түліктердің жем-шөбін де өздері әзірлейді. Өсімдік майын шығаратын цех та жұмыс істейді. Ауданға жасаған жұмыс сапары кезінде осындай игі жұмыстардың барысымен танысып шыққан облыс әкімі Ж.Түймебаев өңдеу өнеркәсібіне көңіл бөлу керекті­гін айтты. «Түрлі тағамдарды арнайы дайындап, етті шетелге экспорттауға болады. Бұл қай жағы­нан алып қарасақ та тиімді», дей келе өңір басшысы аудан әкімі Төлеген Телғараевқа кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.

Айта кетейік, 2017 жылдың 1 қазанындағы дерек бойынша облыстағы шаруашылықтардың барлық санаттарында 949,8 мың ірі қара мал, 3956,6 мың қой, 291,6 мың жылқы, 25,8 мың түйе, 2606,6 мың құс бар. Облыс бойынша 153,4 мың тонна ет (тірідей салмақта), 575,7 мың тонна сүт, 254,6 млн дана жұмыртқа өндірілді. Оңтүстік Қазақстан облысының қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 376,5 млрд теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2%-ға артқан. Ал жалпы өңірлік өнім көлемі алғашқы жартыжылдықта 1 340 491 млн теңге болып, республика бойынша облыс 5-орынды иемденіп отыр. Ағымдағы жыл­дың қазан айындағы көрсеткішке сәйкес, негізгі капиталға салын­ған инвестиция көлемі 374 907 млн теңгеге жеткен. Инвестиция салымдарының басым бөлігі өнеркәсіп саласына, көлік және қоймалау, сондай-ақ жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар саласына тиесілі. Негізгі инвестициялық салымдардың 57,3 пайызын шағын кәсіпорындар жүзеге асырған.

Өңірдегі ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында жуырда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі мен Новосібір қаласындағы «Фудсиб» сауда кешені арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Яғни, қазіргі таңда Оңтүстікте өндірілген тауарлардың Новосібір қаласына бірінші жеткізілімін жөнелту жоспарланып отыр. Сондай-ақ «Оңтүстік» АИО «RIC ON EXPORT» ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің экспорттық әлеуетін дамыту бағдарламасы шеңберінде орталықпен қаржыландырыл­ған ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қатысуымен «RIC ON KORME» атты тұрақты көрме-жәрмеңке ұйымдастырылуда.

Өңірде өңдеу өнеркәсібін дамытуды көздеген кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Атап өтерлігі, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны биыл 177 014 бірлікті құрап, былтырғымен салыстырғанда 4,9 пайызға артқан. Бұл орайда республика бойынша жұмыс істейтін субъектілердің 15,3 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі екенін де айта кетелік. Сонымен қатар биыл өңірде шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны 357 412 адамға жетіп отыр.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»