Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, шараның басты мақсаты — Қазақстанға «жаңа буынның» инвестицияларын тарту процесін ынталандырудың ауқымды әрі орнықты стратегиясын қалыптастыру.
Күні бойы 100-ден астам халықаралық компаниялар, қаржылық ұйымдар, елшіліктер, үкіметтік емес ұйымдар, әлемнің 30 елінен келген шетелдік БАҚ өкілдері мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың басшыларымен, еліміздің жетекші бизнесмендерімен инвестициялық ұсыныстар мен іскерлік перспективаларды қарастыруда.
Шараға Nasdaq, Mitsui & Co., Master Card, Yildirim Holding, World Bank, COSCO Shiping, COFCO, China Gezhouba International Engineering, Calik Holding, Alstom, Aberdeen Standard Life, Tokyo Rope, Marubeni, ENI, Farm Frites, РОСАТОМ, Cottonex, CIS-Airbus Group секілді халықаралық компаниялардың басшылары қатысты.
«Қазақстандағы экономикалық реформалар бағдарламасы: сын-тегеуіріндер мен мүмкіндіктер» пленарлық сессиясы барысында Бақытжан Сағынтаев форум қатысушыларына елдегі инвестициялық ахуалды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар мен инвесторларға жасалып жатқан мүмкіндіктер туралы айтып берді.
Біріншіден, Қазақстан экономикалық өсім жолына түсті. Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде 2017 жылдың 10 айындағы ЖІӨ өсімі 4% құрады. Жекеменшік инвестициялар мен халықтың тұтынушылық белсенділігі қалыпқа келуде.
Екіншіден, жаңа ауқымды реформаларды іске асыру (конституциялық реформа, рухани жаңғыру, экономикалық өсімнің жаңа моделі) еліміздің дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқанын білдіреді және Қазақстанның әлемнің озық дамыған 30 еліне қосылу жағдайына едәуір септігін тигізеді.
Үшіншіден, Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясындағы жаппай технологиялық жаңғыру инвесторларға экономиканың түрлі секторларында жаңа мүмкіндіктер ашады: металлургия, машина жасау, АӨК жаңғырту, өңдеу және азық-түлік өнеркәсібі және т. б.
Төртіншіден, маңызды әлемдік нарықтарға шығудың үнемі даму үстіндегі көліктік-логистикалық «жол» еліміздің бизнес үшін тартымдылығын арттырады. Инфрақұрылымға салынып жатқан инвестициялар жылдам өсушіге айналуда.
Бесіншіден, Қазақстан инновациялық жаңалықтарды уақытында енгізеді. Экономиканың негізгі салаларын технологиялық жаңартып, цифрландырудың жол картасы әзірленді, мүдделі серіктестермен бірлесіп кәсіпорындарда, оның ішінде өнеркәсіптік өндірістерде еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру көзделген.
Алтыншыдан, инвесторлар Қазақстанның интеграциялық саясатының арқасында ірі нарықтарға қол жеткізе алады. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграция инвесторларға елеулі перспективалар ашады.
Жетіншіден, заңнамалық база жетілдірілуде. Астана халықаралық қаржы орталығы — халықаралық биржалармен бірлесудің заманауи қаржы құралы ғана емес, сондай-ақ, инвесторлар туындаған дауларда сот ісін ағылшын тілінде жүргізу арқылы британдық құқықтың қағидалары мен нормаларына сәйкес шеше алатын Орталық. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, кез келген инвестор эксаумақтылық қағидасы бойынша өз жобасының ел аумағының қай жерінде іске асырылуына қарамастан, АХҚО-ға жүгіне алады.
Сегізіншіден, мемлекеттің нарықтағы үлесін төмендету. 902 компания бәсекелес ортаға беріледі. Сонымен қатар инвесторлар жекешелендірудің екінші ауқымды «толқынына» қатыса алады.
Бақытжан Сағынтаев өз баяндамасында «PriceWaterhouseCoopers және Дүниежүзілік банктің есебіне сәйкес, Қазақстан бүгінде салық ахуалының қолайлылық деңгейі бойынша 189 елдің ішінде 18-ші орынға ие» екенін атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстан Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингісінде әлемнің 190 елі арасында 36-орынға ие. Рейтингтің барлық 10 индикаторы бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілді: «Миноритарлық инвесторларды қорғау» индикаторы бойынша бірінші орында, «Келісімшарттарды орындау» көрсеткіші бойынша – алтыншы орында. Қазір Үкімет Doing Business рейтингінде одан да жоғары орындарға ие болу мәселесін шешуде. Осы мақсатта ұлттық және субұлттық деңгейлерде бизнес жүргізу жағдайларын жақсарту үшін жаңа, жетінші заңнамалық түзетулер пакеті дайындалды.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев сонымен қатар Қазақстан Үкіметі инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасау саясатын ұстанатынын мәлімдеді. Аталған бағытта 2017 жылы жаңа ұлттық инвестициялық стратегия қабылданып, іске асырылуда, сонымен қатар шетелдік және аймақтық құрылымдар желісімен «Кazakh Invest» ұлттық компаниясы жұмыс істеуде. Бұдан өзге, маңызды елдерде Қазақстан елшіліктерінде елшілердің инвестициялар жөніндегі кеңесшілері тағайындалады.
Жеке ретінде — экспорт өнімдерін өндірушілерді қолдау үшін арнайы экспорттық стратегия және «Kazakh Export» ұлттық компаниясы құрылды.
Ел Үкіметі сонымен қатар инвестицияларды дамыту және кәсіпкерлік саласында бірқатар түбегейлі шараларды қабылдады.
«Бизнесті реттеусіздендіру» бағыты бойынша:
— шағын және орта бизнесті тексеруге қойылатын талаптар 60%-ға азайды;
— лицензиялар мен рұқсаттар саны 3 еседен астамға қысқартылды;
— салық органдарының жоспарлы тексерулері 40%-ға қысқартылды.
Бюрократияны төмендету және E-government веб-порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді арттыру бағыты бойынша:
— Адал салық төлеушілердің мүдделерін қорғау жаңа Салық кодексінің жобасында бекітілген;
— жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодексте қатты пайдалы қазбалар бойынша 18 айдан 10 күнге дейін жер қойнауын пайдалану құқығын беру уақытын қысқартуға мүмкіндігі енгізілді;
— тауарларды шығару уақыты алты есеге, 4 сағатқа дейін азайтуға мүмкіндік беретін декларацияны электронды түрде беру басымдығы Кеден кодексінде бекітілді;
— Еркін экономикалық және индустриалды аймақтарды реттеу туралы заң жобасында рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету және инвесторлар үшін мүмкіндіктер қарастырылған.
Инвестициялық ахуалды жақсартудағы жергілікті атқарушы органдар жұмысының маңызды екенін айта кеткен Бақытжан Сағынтаев биылғы жылдан бастап бизнесті жүргізудің қолайлығы бойынша өңірлерді бағалайтын жаңа рейтинг енгізілгенін атап өтті. Негізгі назар инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, өнеркәсіптік нысандарға жер телімдерін беру рәсімінде ашықтықты қамтамасыз етуге аударылған.
Қазақстанның үшінші жаңғыруы міндеттерін шешу үшін «жаңа буын» кәсіптері бойынша шетелдік жұмыс күшін тарту тәсілдерін ырықтандыруға және мемлекеттік-жекешелік әріптестік рәсімдерін жеңілдетуге ерекше көңіл бөлінеді.
2018 жылы Үкіметтің жұмысы жеке меншікке беріктікті, заң үстемдігін және транспаренттілікті қамтамасыз ету қағидаттарына негізделетін болады. Сонымен қатар ұлттық заңнамаға ЭЫДҰ-ға мүше елдердің ұсыныстарын, стандарттарын және тәжірибелерін енгізу бойынша арнайы Жол картасы іске асырылатын болады.
Баяндамасының соңында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкіметтің бизнеске ең жақсы жағдайларды жасау туралы шешімін нақтырақ айтып өтті. Бұл:
— Мемлекеттік органдардың инвесторларға ұсынылатын консультациялық қызметтерін күшейту – сұрау бойынша жауап 10 жұмыс күні ішінде ағылшын тілінде беріледі.
— 2020 жылдан бастап шетелдік инвесторларға мемлекеттік қызметтер ағылшын тілінде ұсынылатын болады.
— инвесторлар үшін барлық негізгі нормативтік-құқықтық актілер Әділет министрлігінің, Сыртқы істер министрлігінің веб-сайттарында және «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының сайтында ағылшын тілінде жарияланады.
— шетелдік инвесторларға елге кіруге жағдай жасау — электрондық виза енгізу, шекарадан өту, көші-қон есебіне алу мен қауіпсіздік мәселелері жақсартылады.
Сонымен қатар, бүгін «Қазақстанның өндірістік-экономикалық және әлеуметтік инфрақұрылымына жеке инвестициялар» тақырыбына арналған панельдік пікірталас кезінде Еуропа мен Азияны байланыстыратын ел ретінде Қазақстанның транзиттік әлеуеті мәселелері талқыланды.
«Индустрия 4.0 — Қазақстанның экономикалық жаңғыруының жаңа кезеңі» панельдік пікірталасы барысында өнеркәсіптік интернетті, 3D баспаны, робот техникасын, ауқымды мәліметтерді талдауды, жасанды интеллекті, машиналық оқытуды т.с.с. пайдаланумен байланысты озық технологиялық жобаларды кәсіпорындарға енгізу мүмкіндіктері талқыланды. Пікірталас қатысушылары технологияларды заңнамалық деңгейде енгізуді реттеу мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды.
Kazakhstan Global Investment roundtable қорытындылары бойынша жалпы сомасы $3 млрд-тан астам сомаға 11 келісім мен меморандумға қол қойылды. Олар:
«Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» жобасы бойынша консорциуммен келіссөздер жүргізу қорытындысының хаттамасы;
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының учаскесінде «Нұр жолы» автомобиль өткізу бекетін құру бойынша МЖӘ жобасы бойынша Өзара түсіністік туралы меморандум;
«Алматы облысында Агроиндустриалдық кешен құрылысы мен Жамбыл облысында сүт-тауар фермасының құрылысы» жобасы бойынша Өзара түсіністік туралы меморандум;
«Өсімдіктерді қорғау құралдарын өндіру» жобасы бойынша Өзара түсіністік туралы меморандум;
«Жемістерді өңдеу зауытының құрылысы» жобасы бойынша Өзара түсіністік туралы меморандум;
«Ет өндіру және өңдеу индустриалды кешенінің құрылысы» жобасы бойынша Өзара түсіністік туралы меморандум;
«Жоғары сапалы әк өндіру зауытының құрылысы» жобасы бойынша Өзара түсіністік туралы меморандум;
Aina Holdings B.V. бірыңғай холдингтік компаниясын құру туралы Ниет және «Айна» сүт фабрикасы» ЖШС қатысу үлесін алу туралы Хаттама;
Кальцийлендірілген сода өндіру жобасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;
«Керамика плиталарын өндіру» жобасы бойынша инвестициялық келісім;
«Газ поршень электр станциясының құрылысы» жобасы бойынша Бірлескен Кәсіпорын туралы Келісім.