– Елбасы елдің алдына рухани жаңғыру мәселесін қойып отыр. Осы ретте, «Қазақтанның қасиетті жерлерінің географиялық картасы» жасалғанын білеміз. Қармақшы ауданынан аталған картаға қандай нысандар енді?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының мәні мен мағынасы тым тереңде деп ойлаймыз. «Біз қайдан келдік?». «Қазір қандаймыз?». «Қайда барамыз?». «Жаһандану заманында әлемдік өркениеттің көшіне ұлттық тамырымызды сақтай отырып қосыла аламыз ба?». Осы секілді күрделі сауалдардың түйіні тарқайтын, шынында да, болашаққа бағдар болатын мақала. Бағдарламаның бір бағыты «Туған жер». Бұл туған жердің әрбір тасы мен тауынан тарихымызды тануға үндейді. Өзіңіз айтқандай, «Қазақстанның қасиетті жерлерінің картасы» жасалды. Бұған Қармақшы ауданынан Қорқыт ата кешені мен Сортөбе қалашығы енді.
Ал Қармақшыда тұрған Қорқыт кешенін жай ғана кесене деп қарауға болмайды. Бұл түбі бір түркіні тұтастыратын, біріктіретін, көне замандағы тамырымызды қайта жаңғыртатын қастерлі жер деп санаймыз. Сондықтан Қазақстан тарапы барлық түркі мемлекеттерінің басшылары жылына бір рет осы Қорқыт ата кешенінің басында бас қосса деп ойлайды. Ол – 14 наурыз күні болса. Жер-дүние жаңаратын, жаңа жыл кіретін мезетте тұтас түркінің көшбасшылары баба басында мәслихат құрып, бірлігімізді арттырар мәселелер қозғаса, керемет емес пе? Елбасының тікелей тапсырмасымен кешен қайта жасалды. Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев осы іске өте үлкен ынта қойып, ыждаһаттылық танытты.
Қорқыт бабамыз өлімнен қашып мәңгілік өмір іздеді. Елбасы «Мәңгілік Ел» идеясын ту етіп көтеріп, бүгінде осы бағытта нақты жұмыстар қолға алына бастады. Көне дәуірдегі баба арманы мен бүгінгі Елбасының бастамасы ұштасып, бір-бірімен астасып жатқанын осы арадан көруге болады. Осы мәселені Президенттің Қызылорда облысына сапары барысында Қорқыт ата кешеніне келгенінде Қырымбек Елеуұлы екеуін байланыстырып айтты. Сонда Нұрсұлтан Назарбаевтың Қорқыт атаның өмірі, ол туралы аңыздарды, оның өнері жайында тереңінен білетініне куә болдық.
«Қазақстанның қасиетті жерлерінің географиялық картасының» тізіміне кірген екінші нысан Сортөбе қалашығы. Сортөбенің оғыз дәуіріне тиесілі екені алғашқы қазба жұмыстарынан-ақ белгілі болды. Одан шыққан экспонаттар Қорқыт ата кешеніндегі музейге қойылды. Тіпті, Сортөбеден тас мүсінді қобыз шықты. Тастан жасалған қобыздың суретін көргеннің өзі адамды ерекше күйге бөлейді. Осыдан сол заманда қобыздың болғанын, оны музыкалық аспап ретінде пайдаланғанын біле аламыз. Оның түпкілікті тарихын ғалымдар нақтылай берер. Дегенмен біз Сортөбеден өзіміздің тарихымызға қатысты тың деректерді тауып жатқанымыз анық.
– Ал енді «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде ауданда қандай нақты жұмыстар жасалып жатыр?
– Жаңа айтқан Сортөбе қалашығында қазба жұмыстарын жүргізуге қаржы бөліп, нақты жұмыс жасалды. Бұл шаруа келесі жылы да жалғасады деп отырмыз. «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде үлкен жұмыстарды қолға алдық. Қармақшыдан шыққан, еліміздің түкпір-түкпірінде, әртүрлі салада еңбек етіп, әжептәуір жетістікке жеткен азаматтар баршылық. Камал Ормантаев ағамыздан бастап Қазақстанның Еңбек Ері, атақты хирург Юрий Пяға дейінгі кісілердің бәрі Қармақшы ауданының тумалары. Осы кісілердің барлығы «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өз ауылдарына көмектесуге, септігін тигізуге ынталы. Мысалы, дәрігерлерді алайықшы. Біздің ауданда жасалмайтын оталар бар. Ал Алматы мен Астанада жүрген қармақшылық азаматтар елге келіп, арнайы ота жасап, білгендерін осындағы әріптестеріне үйретіп кетсе, ол да үлкен көмек емес пе? Өнер адамдары өздерінің соңынан ерген өнерпаз жастарды тәрбиелеп, соларға бағыт-бағдар берсе, үйлесімді ғой. Өткенде Тұрмағамбет ауылының бір тумасы мектептегі компютер сыныбын тұтастай жаңартып берді. Тағы бір кісі алдындағы аллеяны күрделі жөндеуден өткізді. Осы секілді өз ауылдарына көмектесіп жатқан азаматтар жетерлік.
– Рухани құндылықтарды түгендеу үшін халықтың қарны тоқ болуы керек. Осыдан мынадай сұрақ туындайды. Ал енді аудан экономикасының даму қарқыны қандай?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Елбасы ел экономикасын дамытуды, өркендетуді басты мақсат етіп қойды. Елдің еңсесін тіктеп, етек-жеңін жауып, көшімізді көлікті етіп алғаннан кейін барып қана, басқа құндылықтарға көңіл бөліп, соны дамытуды іске асырып жатырмыз.
Ауданға әкім болған күннен бастап аймақтың салық базасын ұлғайтуға күш салдық. Салық базасын көбейту дегеніміз – кәсіпкерлікті дамыту деген сөз. Соңғы екі жылдың көлемінде Қармақшыдан кәсіпкерлік саласының алға ілгерілегенін байқау қиын емес. Мысалы, осыдан екі жыл бұрын ауданның өз кірісі 935 миллион теңге болатын. Биыл бұл көрсеткіш 1 миллиард 450 миллион теңгеге жетті. Оның ішінде кәсіпкерлік саласынан түсетін түсімнің көлемі 12,4 пайызға өсті. Яғни, кәсіпкерлердің саны артты. Мұның барлығы нақты жұмыс істеп, мемлекетке салығын төлеп, қызметкерлерінің айлығын беріп, зейнетақы қорларына қаржы аударып отырған ұжымдар.
Облыс басшысы қазір біздің алдымызға салық базасын ұлғайту, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу туралы нақты тапсырма беріп отыр. Тиісті бағдарламалар бойынша қаржы бөлініп жатыр. Біз сол қаржыны алғаннан бастап жұмысын іске асырып, пайда табуға дейінгі жолдарының барлығын әрбір кәсіпкерге, шаруашылықтарға түсіндірудеміз. Өкіметтен жеңілдетілген несие алып, оны өзге мақсатқа жұмсамай, нақты іске салуын қадағалаймыз. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының шеңберінде соңғы он айдың өзінде 12 жоба өткіздік. Бұл тарапта облыс бойынша алдыңғы қатардамыз.
– Ауылшаруашылық саласында қандай нақты көрсеткіштер бар?
– Биыл Қармақшы ауданы мал шаруашылығында да, егін саласында да мол жетістікке жетті. Бір жылдың ішінде жылқы басы 24 пайызға, түйе 15 пайызға артты. Қалған түліктердің түрінен де едәуір өсім бар. «Сыбаға» бағдарламасының шеңберінде де ауқымды жұмыстар жасалды. Егіншілік саласында биыл Тәуелсіздік жылдарындағы ең үлкен көрсеткішке қол жеткіздік. Егіншілік бойынша үздік аудан атандық. Осы жылы 14290 гектарға күріш егіп, 59,5 центнерден өнім алдық. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша да нақты жетістіктер бар. Өзіңіз білесіз, ирандық күріштің сортын алып келіп, оны Қармақшыға жерсіндіріп жатырмыз. Биыл иран сортын 70 гектар жерге ектік. Өте жақсы өнім берді. Иранның өзінде күріш гектарынан 30-31 центнерден жиналады. Біз 33-37 центнердің аралығында күріш алдық. Яғни, ирандық күріштің қалпын сақтап қана қоймай, өнімді де сол деңгейде жинап отырмыз. Бүгінде ирандықтар біз еккен сортты сатып алуға дайын. Тіпті, жер болса алдағы уақытта бірге күріш егуге де мүдделі екенін мәлімдеді. Жылдың соңына дейін иранға 68 тонна күріш экспорттаймыз. Иранмен байланыс шаруашылықтар үшін өте қолайлы болғалы тұр...
– Байқоңыр ғарыш айлағы мен Қорқыт ата кешені туралы сөз болғаннан соң, аудандағы туризм саласын сұрамай кеткен дұрыс емес шығар...
– Биыл аудандағы туризм саласының дамуына ЭКСПО-2017 көрмесінің пайдасы зор болды. Себебі, көрмеге келген қонақтар баратын нысандар тізбесіне Қорқыт ата кешені де кірді. Қорқытқа келген қонақтар Байқоңырға соқпай кете алмайды. Соның арқасында осы жылы ауданымызға алыс шет елдерден 13500 турист келді. Бұл жерде жақын, іргелес жатқан мемлекеттерден, өз елімізден келген қонақтарды есепке алып отырған жоқпын. Туристердің басым бөлігі ғарыш айлағынан зымыранның алты қат аспанға аттанған сәтін, оны дайындау барысын тамашалауға қызығады.
Қазір Байқоңыр қаласында келушілерге арналған қонақ үйдің жетіспеушілігі сезіледі. Әрине, жақсы қонақ үйлер бар. Бірақ олардың көбі ведомостволық нысандар. Оған туристердің баруына көп мүмкіндік бола бермейді. Оның үстіне бүгінде қонақтарға қызмет көрсету сапасы да артып кетті. Осы жағдайларды ескере отырып, кәсіпкерлерге Төретамның Байқоңырға жақын жеріне түрлі ойын-сауық орындарын ашуды ұсындық. Ол жай ғана кафе немесе мейрамхана болмауы керек. Оның ас мәзірінде «Ғарышкердің таңғы асы» я болмаса «Ғарышкердің кешкі асы» деген сияқты туристерді қызықтыратын дүниелер болуы қажет. Ішінде адам өзін ғарышта жүргендей сезінетін жағдай жасалуы тиіс.
– Қазіргі таңда ауданда нақты қандай мәселелер шешімін табуда?
– Адамның денсаулығына, оның өміріне әсер ететін негізгі фактор су ғой. Сондықтан алдымызға аудандағы ауызсу мәселесін түпкілікті шешсек деген мақсат қойдық. Биылдың өзінде осы бағытқа 1 миллиард қаржы бөлдік. Аудан халқының барлығы ауыз сумен қамтылған. Бұрын ауылдарда бірер сағат су беріп, одан кейін тоқтатып тастайтын. Қазір 24 сағат бойына су келіп тұрады. Жақында «Қармақшы ауданындағы 11 елді мекен ауыз сусыз отыр» деген ақпарат тарап кетті. Бұл енді ақиқатқа сай келмейтін дерек. Қармақшы ауданының 99,5 пайыз халқы таза ауыз суды тұтынып отыр. Ал жаңағы 11 елді мекенде 246 адам ғана тұрады. Олардың басым бөлігі темір жолдың бойында орналасқан. Елді мекенде бір немесе екі ғана үй бар. Оларға су құбырын тарту қай жағынан алып қарасаңыз да тиімді емес. Бұл елді мекендердегі адамдардың барлығын «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясына қарасты «Жолшы» мекемесі сумен қамтиды.
Одан кейін түйіні тарқатылмай тұрған тағы бір мәселе – аудандағы балалардың тынығу лагері еді. 2015 жылы осы тынығу лагерінің жобасын әзірледік. Жалпы құны 1 миллиард 280 миллион теңге тұрады. Биыл осы лагердің құрылыс жұмыстары басталды. Апатты жағдайда мектептердің проблемасы толық шешілді. Осы жылы ең соңғысын салып бітірдік. Төрт балабақшаның іргетасы қаланды. Төретамнан спорт кешені салынып жатыр. Аудандағы құрылыс қарқынының көрсеткіші 4,2 есеге өсті. Сонымен қатар, ауданды газдандыру мәселесін қолға алдық. Оны да алдағы уақытта толық аяқтап, халыққа ұсынамыз деген ойдамын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы