Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2017

Қырғызстан шекараға байланысты ДСҰ-ға берген шағымын қайтарып алады

303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғызстан Қазақстанға байланысты Еуразиялық экономикалық комиссия мен Дүниежүзілік сауда ұйымына берген арызын қайтып алады. Бұл туралы Қырғыз Республикасының вице-премьері Толқынбек Абдығұлов мәлімдеді.

Қырғызстан шекараға байланысты ДСҰ-ға берген шағымын қайтарып алады

Ол қазақ-қырғыз шекарасында Қазақстанның күшейтілген режімді енгізуіне байланысты Қырғызстан тарапы осындай қадамға барғанын айтты.

Абдығұлов өз сөзінде екі тарап шекарадағы жағдайды реттеу туралы ортақ келісімге келгенін, сондай-ақ «Жол картасы» жобасына қол қойғанын жеткізді.

«Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы «Жол картасы» 50 тармақтан тұрады. Онда шекара, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау, кеден және салық басқармалары саласындағы ынтымақтастық туралы мәселелер қарастырылған. Ветеринария және карантин саласындағы тармақтардың басым бөлігінде қырғыз тарапы Қазақстан арқылы өтетін тауарларды ветеринариялық-санитариялық бақылауда тұрақты әрі тиімді ұстауды қамтамасыз етуі қажеттігі көрсетілген. Бұдан бөлек, «жол картасында» Қазақстандағы ветеринариялық-санитариялық бақылауға жататын өнімдерді жеткізуге құқығы бар кәсіпорындар тізбесін кеңейту сияқты мәселелер қарастырылған», – деді Қырғыз Республикасының вице-премьері.

Осыған дейін хабарланғандай Қазақстан тарапы шекарадағы күшейтілген режімдегі бақылауды 3 желтоқсаннан бастап тоқтатты. Бұл 2 желтоқсан күні Астанада Қазақстан вице-премьері Асқар Мамин мен Қырызстан вице-премьері Толқунбек Абдыгулов арасында қол қойылған «Жол картасында» екіжақты экономикалық ынтымақтастық мәселесінде қарастырылған. Құжатқа Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша қол қойылды.

Айта кетейік, 10 қараша күні Қырғызстан Дүниежүзі сауда ұйымында Қазақстан тарапын «шекараны негізсіз жауып тастады» деп айыптап, шағым түсірген болатын.