Үкімет • 06 Желтоқсан, 2017

Қазақстан – инвесторларға қолайлы ел

927 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Астанада әлемдік және отандық ірі компаниялардың басшылары мен кәсіпкерлердің, инвесторлардың басын қосқан Kazakhstan Global Investment Roundtable форумы өтті. Дү­ние жүзінің 100-ден астам ірі бизнес өкілі, халықаралық ұйым­дар қатысқан алқалы жиында Қа­зақстанның инвес­тиция­лық әлеуеті, эконо­миканы әр­тараптандыру мәсе­лелері, қаржы, энергетика та­қы­рыбындағы өзекті жайттар кеңінен талқыланды. Форум­ның пленарлық сессиясын­да Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев сөз сөйледі. 

Қазақстан – инвесторларға қолайлы ел

Үкімет басшысы сөзін Қазақ­станның қазіргі тұрақты экономикалық ахуалы мен елімізде инвесторларға жасалып отырған мүмкіндіктерден бастады. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан эко­но­микалық өсім жолына шығып, даму­дың жаңа кезеңіне аяқ басты. 2017 жыл­дың 10 айындағы еліміздің ІЖӨ өсімі 4%-ды құрады.

Қазақстан бүгінге дейін инвесторлар арасында өзін сенімді іскерлік серік­тес ретінде дәлелдеді. Соңғы 10 жыл­да эко­но­миканың түрлі секторларына ша­ма­мен 250 млрд АҚШ доллары көле­мін­де тікелей шетелдік инвес­тиция құйылған.

– 2017 жылдың басынан бастап ел Президенті Қазақстанды үшінші жаң­ғыр­ту бағытын жариялады. Оның мақсаты – «Қазақстан-2050» стратегиясын, Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың Бес институттық реформасын іске асыру және жаңа жағдайда елімізді әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қарай одан әрі ілгерілету. Бүгінде үш бағыт бо­йынша ауқымды жұмыстар қолға алынды. Оның бірі саяси демократияландыру, қоғамдық ой-сананы жаңғырту және адами капитал сапасын арттыру. Сондай-ақ экономикалық өсімнің жаңа моделін құру, экономикадағы мемлекеттің рөлін қысқарту, жеке секторды ынталандыру, технологиялық жаңғырту және цифрландыру, жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру секілді міндеттерге де айрықша маңыз беріліп отыр, – деді Б.Сағынтаев.

Үкімет басшысы жиналғандарға қазақстандық экономиканың ерекше басымдыққа ие 8 базалық саласын таныстырып өтті. Негізгі мақсат – экономиканың перспективалы секторларында жаңа жұмыс орындарын құру, жаппай кәсіпкерлікті дамыту және технологиялық қайта жаңғырту мен цифрландыру. Оның айтуынша, Қазақ­стан­ның үшінші жаңғыруы аясында кө­лемді инвестициялар салу көздел­ген агроөнеркәсіп кешенін және эко­но­миканың негізгі салаларын жаңарту, заманауи ғылымды қажетсінетін өндірісті дамыту инвесторлар үшін үлкен мүм­кіндіктерге жол ашады. Әсіресе шетелдік бизнес өкілдеріне металлургия, мұнай өңдеу, химия және машина жасау саласы айрықша тиімді болмақ.

Сондай-ақ Қазақстан бүгінде инфра­құрылымды, логистиканы, көлікті және олармен байланысты қызметтерді дамыту үшін инвестициялық тартымды ел болып отыр. Соңғы үш жылда елі­мізде ауқымды инфрақұрылымдық құрылыстар жүргізіліп, маңызды әлемдік нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін қысқа әрі үнемді көліктік-логистикалық орталықтар салынған. Б.Сағынтаевтың мәліметінше, бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің қазақстандық бөлігінде шамамен 3 мың шақырымдай жол аяқталған, бұл Қытайдағы Ляньюньган портынан Ресейдің Санкт-Петербург портына жүк тасымалдау уақытын 10 күнге дейін қысқартады. Бұған қоса Орталық Азия елдерін Парсы шығанағы мен Иранның оңтүстігіндегі Бандар-Аббас портымен байланыстыратын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» жаңа темір жол дәлізі салынды. Еліміздің батысында Каспий теңізіндегі Ақтау порты кеңейтілді. Жаңа паром кешендері жүйесі бар Құрық жаңа порты салынды. Мұндай қадамдар қазақстандық порттардың жүктеме қуатын жылына 25 млн тоннаға дейін арттырады.

Мұның бәрі инфрақұрылымдық шектеулерді алып тастайды, сол­түс­тіктен оңтүстікке қарай және шы­ғыс­тан батысқа қарай жүк тасымалдау уақытын қысқартады, бұл бизнес үшін өте тиімді екені сөзсіз.

Үкімет алдағы екі-үш жылда тран­зиттік тасымалдарды 2 млн контейнерге дейін ұлғайтып, транзиттен 5 млрд долларға дейін пайда табуды жоспарлап отырғанын жеткізген Премьер-Министр инвесторларды көлік және логистика саласына инвестиция салып, Қазақстанмен бірге өркендеп, қаржылай пайда табуға шақырды.

Елімізде индус­триялық-иннова­ция­лық дамудың екінші бесжылдығы жүргізіліп жатыр. Қазақстанның өнер­кәсіптік кәсіпорындары алдың­ғы қатар­лы технологияларды, Индус­трия 4.0 элементтерін енгізуге, өнді­рісті авто­мат­тандыруға және робот­тан­дыруға мүм­кіндік алып отыр. «Күні кеше Үкімет отырысында біз «Цифр­лы Қазақстан» мемлекеттік бағдар­ламасын қа­был­дадық. Бұл экономиканы цифрландыру арқылы жеделдетіп да­мытуға мүмкіндік береді», деді Үкі­мет басшысы.

Қазақстан – Еуразия мен Азияның кін­дігінде орналасқан мемлекет. Әрі бей­бітшілік пен тұрақтылықты сақтай отырып, дамып келе жатқан еліміз тату көршілік саясатты берік ұстанады. Қазақстан үшін ЕАЭО, Ресей, Қытай, Орталық Азия нарықтарына жол ашық. Мұның өзі еліміздің өзге мемлекеттермен тығыз байланыс орнатқанын айғақ­тайды. Демек инвесторларға да Еура­зиялық экономикалық одақ аясын­дағы интеграциялық процестер елеулі перспективаларға жол ашатыны сөзсіз.

Б.Сағынтаев барлық сыртқы эконо­микалық бағыттар бойынша сауда-саттықты дамыту үшін кедендік және сертификаттау кедергілерін төмендету бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта келіп, елімізде инвесторлар үшін мүлдем жаңа тетік – «Ас­тана» халықаралық қаржы орталығы құры­латынын жеткізді. «Біз қаржы орталығын халықаралық биржалармен бірлесудің заманауи қаржы құралы ретінде құр­дық. Оның қатысушылары үшін же­ңіл­детілген салықтық, визалық және ең­бек режімдері ұсынылады. АХҚО сот ісін ағылшын тілінде жүргізу арқылы бри­тандық құқықтың қағидалары мен нор­маларына сәйкес жұмыс істейтін болады. Туындайтын дауларды шешу үшін оның аумағында Халықаралық арбитраж орталығы жұмыс істейтін болады», деді Үкімет басшысы.

Әлбетте Қазақстан инвесторларды көбірек тарту үшін оларға көптеген жағдайлар жасап келеді. Еліміз бүгінде PriceWaterhouseCoopers (PWC) және Дүниежүзілік банктің есебіне сәйкес 189 елдің ішінде салық ахуалының қолайлылық деңгейі бо­йынша 18-ші орынға ие. Сондай-ақ Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингінде әлемнің 190 елі арасында 36-орынға ие болса, «Миноритарлық инвесторларды қорғау» индикаторы бо­йынша бірінші орында тұр, ал «Ке­лісімшарттарды орын­дау» көрсеткіші бойынша – алтыншы орында.

Инвестициялар ағынын ынталан­дыру үшін елімізде қазір жаңа ұлт­тық инвестициялық стратегия әзірленіп, бүгінде оны жүзеге асыру жұмыстары қолға алынған. Шетелдік және аймақ­тық құрылымдар желісімен «Кazakh Invest» инвестиция тартудың ұлттық ком­­­паниясы құрылды. Ол Үкімет атынан шетелдік инвесторлармен «бір­ың­ғай ке­ліссөз жүргізуші» ретінде әрекет етеді.

Бұдан өзге, сырт елдердегі Қазақ­стан елшіліктерінде елшілердің инвес­тициялар жөніндегі кеңесшілері тағайындалады. Олар да инвесторлармен жұмыс істеуге барынша мүдделі.

Бұған қоса, шағын және орта бизнесті тексеруге қойылатын талаптар шамамен 60 пайызға дерлік азайтылды. Лицензиялар мен рұқсаттар саны 3 есеге қысқарды. Салық органдарының жоспарлы тексерулері 40 пайызға төмендетілді. Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодекс әзірленді, ол «кім бірінші келді, сол алды» қағидасына негізделген. Ол қорларды есептейтін және геологиялық ақпаратқа еркін ашықтықты қамтамасыз ететін халық­аралық жүйені енгізеді. Қабылданған шаралар қатты пайдалы қазбаларға 18 айдан 10 күнге дейін жер қойнауын пайдалану құқығын беру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытуға айтарлықтай серпін беретін жаңа Кеден кодексі дайындалды. Ба­сым­дықты декларацияны электронды түрде беруге ден қойылады. Соның нәти­жесінде тауарларды шығару уақы­ты алты есеге, 4 сағатқа дейін азаяды.

Арнайы экономикалық және ин­дус­триялық аймақтарды реттеуді жақсартатын заң жобасы әзірленді. Инвес­тициялар үшін маңызды барлық осы заңдар Мəжілісте талқыланды, және Сенатта қаралғаннан кейін көп ұза­май барлық 4 заң жобасы Мемлекет басшы­сының қол қоюына ұсынылады. Болжам бойынша заң жобалары 2018 жылдан бастап күшіне енеді деп жос­парланып отыр.

Қазақстанда шетелдік жұмыс кү­шін тарту жолдары жеңілдетіліп, қа­зір­дің өзінде 60-тан астам елдің азамат­тары Қазақстанға визасыз режімде келе алады.

Мемлекеттік тілді білу, маман­дар­ды жергілікті қамту, нақты шетелдік заңды тұлғаның жұмыс тәжіри­бесі бойынша талаптар да жеңілде­тіліп отыр. 2020 жылдан бастап шетел­дік ин­вес­торларға мемлекеттік қызмет­терді ағылшын тілінде ұсыну біртіндеп жүзе­ге аспақ. Халыққа қызмет көрсету ор­та­лық­тары, мемлекеттік клиникалар, мек­тептер, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, көші-қон және салық қыз­метіне ағылшын тілін біле­тін қызмет­кер­лер арнайы жұмысқа қабыл­данатын болады.

Міне, мұның бәрі инвесторларға жасалып отырған үлкен мүмкіндік екенін айтқан Премьер-Министр «Қазақстан Үкіметі әрқашан да инвесторлармен жұмыс істеудің халықаралық қағи­да­лары мен стандарттарын ұстанып келді, алдағы уақытта да ұстана бере­ді. Біз­дің жұмысымыздың басты бағы­ты жеке­меншікке, заң үстемдігіне бе­рік­тікті қамтамасыз ету. 2018 жылдан бас­тап біз ағылшындық құқық нормалары бойынша мүмкін болатын дауларды шешуді қамтамасыз етеміз. Қазақстан ашық ел болған және болып қала береді», деп сөзін түйіндеді.

Пленарлық сессияда алыс-жақын шетелдерден келген белгілі сарапшы мамандар сөз сөйледі. Дүниежүзілік банктің сауда, жаһандық бәсекеге қабі­лет­тілік мәселелері жөніндегі бас эко­но­мисі Стефка Славова Қазақстанның экономикалық стратегиясын дұрыс таңдалған жол деп бағалады. Оның ай­туынша, мұнда қолға алынған жұ­мыс­тардың бәрі рет-ретімен нақты жолға қойылған. Егер осы қарқын бәсеңсімесе, Қазақстан жақын болашақта экономикасы екпінді дамыған елдердің біріне айналады. «Осынау мақсатты жолда Дүниежүзілік банк Қазақстанды әрқашан қолдауға дайын. Алға қойған мақсатқа жету жолында мойымаңыздар. Тіпті жолда кездесетін қиындықтар мен қателіктер де бұған кедергі болуға тиіс емес», деді ол. Ал RUSAL бас директоры Владислав Соловьев Қазақстанмен бұрыннан жұмыс істеп келе жатқанын, мұнда инвесторларға шынымен де қолайлы жағдай жасалғанын ерекше ілтипатпен атап өтті. Aberdeen Asset Management стратегиялық клиенттермен жұмыс істеу жөніндегі жаһандық басшы Джон Кэмпбэлл Қазақстанда цифрландыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң көзқарасын білдіре келіп, экономикалық шектеулерден біртіндеп кету бүгінгі күннің өзекті мәселесі екенін алға тартты. «Мысалы, Дубай Таяу Шығыс ком­па­нияларына қаржы орталығын ашу арқылы инвесторларға үлкен мүмкін­діктер жасады. Сингапур де Оңтүс­тік-Шығыс Азия үшін осындай ашық алаңды ұсынды. Енді келесі жылы Астанада ашылатын қаржы орта­лы­ғы да жоғарыда аты аталған ірі орта­лық­тардың біріне айналып, инвесторларды көптеп тартуға мүмкіндік жасайды деген сенімдеміз», деді Джон Кэмпбэлл.

Халықаралық форум аясында әртүрлі бағытта дөңгелек үстел жиындары өткізіліп, онда Қазақстан Үкіметінің мүшелері инвесторларды қызықтырған сауалдарға жауап берді.

Іскерлік орталар серіктестігінің ын­ты­мақтастығына жол ашқан алқалы жиында шетелдік компаниялармен көп­теген келісім жасалып, 3 мил­лиард дол­лардан астам инвестицияға қол жет­кізілгенін атап өткен ләзім.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»