06 Желтоқсан, 2017

Кооперативтер – ауыл өмірінің айнасы

1102 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір елімізде ауыл шаруашы­лығын кооперативтендіру үдерісі жүріп жатыр.  Бұл шаруаны Үкі­мет қолға алып отыр. Еліміздің агро­өнер­кәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасында көрсе­тілген 8 басым бағыттың ең бірін­шісі осы ауыл шаруашылығын коо­пе­ративтендіру болып табылады. Міне, осыған қарап-ақ еліміз, соның ішінде ауыл халқы үшін бұл істің қаншалықты маңызды екендігін түсінуге болады.

Кооперативтер – ауыл өмірінің айнасы

Қазір елімізде ауыл шаруашы­лығын кооперативтендіру үдерісі жүріп жатыр. Бұл шаруаны Үкі­мет қолға алып отыр. Еліміздің агро­өнер­кәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасында көрсе­тілген 8 басым бағыттың ең бірін­шісі осы ауыл шаруашылығын коо­пе­ративтендіру болып табылады. Міне, осыған қарап-ақ еліміз, соның ішінде ауыл халқы үшін бұл істің қаншалықты маңызды екендігін түсінуге болады.

Германиядан елімізге келіп, ауыл­ша­руашылық кооперативтері туралы заңдардың дұрыс әзірленуіне көмек көрсеткен сарапшы Уве Шёне елде коо­перативтік қозғалыстың дұрыс қалып­тасып, дамуы үшін қажет болатын басты екі қағиданы атап көрсеткен еді. Оның біріншісі – адамдардың кооперативке ерікті түрде бірігуі, екіншісі – бастапқы кезеңде мемлекеттің оларға қолдау көрсетуі. Сондықтан да қазіргі күні бұл істі мемлекеттің өзі қолға алуда.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің үстіміздегі жылдың 10 қарашасы күнгі мәліметіне сүйенсек, елімізде жыл басынан бері 770 ауылшаруашылық кооперативі құрылып отыр. Бұл биылғы жылға жоспарланғаннан екі есе артық көрсеткіш. Құрылған кооперативтердің 273-і сүт қабылдау пункттерімен, 375-і мал соятын пункттермен жабдықталған. Ауылдардағы үй қасындағы қосалқы шаруашылықтар негізінде 6 627 отбасылық мал бордақылау алаңдары қалыптасып отыр.

Бұрын ауылдардағы өздерін өздері жұмыспен қамтыған азаматтар санда болғанымен, санатта болған жоқ. Енді олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Осындай шаралардың нәтижесінде еліміздің ауылдарында 8,2 мыңға жуық жеке кәсіпкер және 13 мыңнан астам жұмыс орны пайда болды. Сондай-ақ ауылдардағы 56 мыңнан астам үй қасындағы қосалқы шаруашылықтар құрылып жатқан ауылшаруашылық кооперативтеріне тартылып отыр. Бұл кәсіпкерлер мен үй шаруашылықтары былайғы уақытта мемлекеттің қамқорлығы мен қадағалауына ие. Мәселен, шаруашылығын өркендетемін десе жеңілдікпен несие ала алады.

Міне, осылайша ауылдардағы ұйымдаспаған күйі өз бетімен өмір сүріп жатқан адамдардың тіршілігі мемлекеттің араласуымен біршама реттеліп қалды. Олардың жаңадан ашылып жатқан қабылдау пункттеріне күнделікті тапсырған сүті мен еті енді статистикалық деректер арқылы тіркелетін болды. Мәселен, құрылған кооперативтер мәлімет бойынша 66 мың тонна сүт, 15 мың тонна ет, 14,1 мың тонна көкөніс пен жеміс өнімдерін дайындаған. Мұның өзі биылғы жылы сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың шикізатпен қамтылуын қазіргі 60 пайыздан 65 пайызға, ет жөнінде 55 пайыздан 60 пайызға, жалпылай алғанда жүктеме мөлшерін 5 пайызға арттыра түсуге мүмкіндік береді.

Демек, алдағы уақытта ауылдарда құрылып жатқан кооперативтер ауыл өмірінің айнасына айнала алады. Өйткені олардың өткізіп жатқан еті мен сүті, басқа да өнімдері есепке алынады. Осылайша мемлекет әр кооперативтің, тіпті оның әр мүшесінің жағдайын білуге, оларға көмек көрсетудің жолдарын айқындауға мүмкіндік алады. Мәселен, Кеңес өкіметінің кезінде әрбір ұжымшар мен кеңшардың жағдайы, олардың өндірген өнімдері мен алып отырған жалақылары, кірістері мен шығыстары толық есепте болған соң, мемлекет үшін айнадай айқын еді. Енді осы жағдай еліміздің ауылдарында қайтадан орнығуы тиіс. «Ойбай ауыл құрыды, ауылдың шаруасы бітті» деген жалпылама сөз жойылады. Қай ауыл құрыды, қай ауылдың шаруасы бітті, ал қай ауыл жақсы дамып келеді, міне, осы жағдай анықтала бастайды. Терең талдаулар жасау, содан кейін барып шешім қабылдау үшін осының өзі үлкен ұтыс болып табылады.

Әрине, ауыл кооперативтерін қалыптастырып, дамыту оңай іс емес. Кеңес одағы ауыл тіршілігін күшпен біріктіргеннің өзінде бұған талай уақытын жұмсаған. Алдымен артельдер құрылған, олар бірте-бірте ұжымшарларға айналдырылған. Мұнан кейінгі ірілендіру нәтижесінде кеңшарлар пайда болған. Сондықтан дәл қазіргі сәтте біздің елімізде ауыл адамдарын кооперативке бірігуге насихаттау ісі ерекше маңызға ие болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, еліміздің 160 ауданында семинарлар өткізіліп, барлық ауыл әкімдері кооперация негіздеріне оқытылды. Енді өз білгендерін халыққа түсіндіру – олардың міндеті.