06 Желтоқсан, 2017

Алдыңғы толқын апалар...

1036 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанаға қоныс аударғанымызға шамамен бір жыл өтті ме, әлде одан сәл асыңқырап кетті ме екен, Алма­ты­дағы сыйлас апаларымыз­бен арадағы байланысымыз сәл үзілің­кіреп қалса керек. Бірде телефонның құлағы безілдеп қоя берді.

Алдыңғы толқын апалар...

– Таң атпай тәтті ұйқыны бұзып, демалыс күні телефон соғып жатқан неғылған жан бұл? – деп, кейіген үнмен тіл қаттым:

– Кім екен бұл?

– Мен, Бикен апайыңмын, айналайын, – деді. Қарлығыңқы үнін соза түскен актриса апамның дауысын жазбай таныдым. Дегенмен мұнда көшіп келгелі бірде-бір рет ол кісінің жағдайын сұрап, әдейілеп телефон соқпағаныма ұялып:

– Апай, кешіріңіз дауысыңызды танымай қалдым, – деп қапелімде қипалақтап, сөз таппай қалдым...

– Соңғы уақытта газетке тек қыс­­қа-­қысқа хабар-ошардан басқа түк жазбай жүрсің. Тіпті тұшынып оқи­тын бір мақалаң жоқ. Сені Арқаға барғанда арқаланып жаза ма десек, қайта керісінше арқаңды кеңге созып жібергенге ұқсайсың. Әлде енді онда барғанда «Әй, дейтін ажа, қой, дейтін қожа жоқ» деп жүрсің бе? Мен мұнда болғанмен, сенің әр басқан қадамың мен жазғаныңды сырттай қадағалап отырамын. Ол жақ қазір төсіне түрен түспеген тың дала сияқты ғой, ешкім жазып үлгермеген тұлғалар қаншама? Өзгелердің қалам-қаруына ілігіп кетпей тұрғанда өзің соларды бірінші болып жазып жатсаң, ғанибет емес пе! Ұзын сөздің қысқасы, саған неге түк жазбай жүрсің деп қамшылап ұрсу үшін телефон соғып тұрмын, – деді.

– Апай, кешіріңіз, кешіріңіз, – деп күмілжіген күйі сөзімнің аяғын жұтып қойдым.

– Алда-жалда Алматыға жолың түссе, маған соқпай кетуші болма. Ай­та­тын бір әңгімем бар, – деді де теле­фонның тұтқасын қоя салды... Айтайын дегенім, біздің алдымызда баяғыда түзу бағыт-бағдар сілтеп, ақыл-кеңес беріп отыратын осындай ардақты да айбынды апаларымыз болатын. Олар не десе, айтқандары заң еді. Тапсырмалары екі етпей орындалатын. Ұдайы қамшылап отыратын. Іздейтін. Сырласатын. Азған­тай табысымызға қуана білетін. Сынап-мінегенде бойымыз сымша тартылатын. Қазір осыны ойлап отырсаң, ол да біздің маңдайымызға бұйырған Алланың бағы екен. Мұндай тұлғалар қазір өте сирек. Соңынан ерген жас ұрпақтың аяқалысына баға беру, апалық қамқорлық, мейірім, жалпы далалық, даналық көне дәстүрлер көмескі тартып бара ма, қалай өзі?

Аққұманын отқа әлсін-әлсін баппен қыздырып, қаймақ қатқан қою бұйра шайын құйып отырған кездегі Биапаның ажары қандай ашық еді, шіркін! Таңғажайып театр әлемінің қызығы мен шыжығы ұза-а-а-ақ баян­далар кеште мәрт көңілді еңселі жан­ның аңсаулы жүрегінің лүпілін сезіп, зор әсермен тарқасатынбыз. Бірде «То­ғысқан тағдырлар» телехикаятына не үшін түсіп жүргендігі жайлы шешіліп бір әңгімелегені әлі күнге естен кетпейді. Сол сәттер жадымызда жаңғырып, сыңғырлаған сазды сырлар өнеге өрнектерімен жүрек төрінде жиюлы тұр. Алматыға ат басын тіреген сапарларда Бикен Римова апамызға соқпай кету мүмкін емес еді. Шағыл құмдай уысыңда сусып тұрмайтын зымыран уақыт-ай десеңші. Ол кісінің өмірден озғанына көзді ашып-жұмғанша 17 жылдың қалай сынаптай тез сырғып өте шыққанын сезбей де қалыппыз-ау.

Өткенге ой салсақ, қаншама алды­мыз­­да ақмаңдай апаларымыз болған. Театр өнерінде Бикен апамның орнын бө­лек санасақ, өнерде тағы сондай-ақ ғибрат­ты тұлғаның бірі, марқұм қобызшы Тұрахан Сыдықова, сондай-ақ жастарға әрдайым ақыл-кеңесін аямаған Гүлбараш Байтоғаева, Қалихан Жәнібекова, Гүл­бар­шын Дүрманова... сынды тұлғалардың әрқайсысын өмірдің бір-бір мектебі ме дерсің.

Сөйтесің де қазіргі адамдар арасын­дағы сыйластық сызығына көз тігесің, еш туыстығы жоқ, бөгде адамды сүйіп, өзі­нен кейінгі тал шыбықтай өсіп келе жат­қан өрімдей өскінді туғанынан кем көр­мей, бауырына тартатын, өмірде адасып жүрген бейбақ жандарға тура жол сілтеп, қолынан келгенше қамқорлық көрсететін, өне­гелік үлгісін танытатын жандар баяғы бір кездегідей жиі ұшыраса бермейді екен-ау деген ой­ға қаласың. Сол себепті де қазір «адам­дардың бір-біріне деген мейі­рім-шапа­ғаты азайып кетті» деген сыни сипаттағы сөздер жиі айтылатын болса керек. Ал мынадай тыныш заманда адамдардың мейірімі, бауырмалдық сезімі баяғыдан да қайта арта түсуі тиіс емес пе? Дейсіз. Осылар туралы ойлан­ған­да, жамалы жаздай, сезімдері сұлу саздай­ ажарлы апаларымның аялы да аяулы көркем бейнелері көз алдыма моншақтай мөлдіреп тізіле қалады. Қазіргі жастардың сондай арқа сүйер апалары бар болса, кімдер екен, ә?