Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2017

Парижде «Astana Musical»-ға қошемет көрсетті

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Париждегі әйгілі «Le Trianon» театрында «Astana Musical» театры­ның этно-фольклорлық мюзиклі «Қыз Жібек» қойы­лымы сахналанды. Париждік көрермендер әртістердің шеберліктеріне ерекше қошемет көрсетіп, ду қол шапалақтады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен гастрольдік сапар басталды. Еуропаның бес елінде өтетін еуротур Парижден бастау алды.

Парижде «Astana Musical»-ға қошемет көрсетті

Еуропадағы бұл шетелдік тур – «Astana Musical» жас театрының тарихындағы жаңа белес. Қазақстан құрамасының экскурсиялары Еуропаның Берлин, Париж, Вена, Брюссель, Мәскеу қалаларында өтеді.

«Мәдениет және спорт ми­нистрлігі жүзеге асырып отырған «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мә­дениет» жобасы қазақстандық шығармашылық жобалар мен қазақстандық ұжым­дардың жаңа идеяларына тың серпін береді деп ойлаймын. Бұл өз мүмкіндіктерімізді жоғары деңгейге көтеру және әлемге ұлттық мәдениеттің же­тіс­тіктерін көрсету үшін тамаша мүмкіндік», дейді «Astana Musical» театрының көркемдік жетекшісі Асхат Маемиров.

Қазақ театры Париж тұрғын­дары­на этно-фольклорлық мюзикл «Қыз Жібек» қойылымын сыйлады. Көрермендердің ай­туы бойынша, қойылым қазақ мәдениетін айрықша ерекшеліктерімен айшықтайды.

Спектакльді тамашалаудан кейін көрермендер қазақ халқының поэтикалық мұрасын өзінің алуан түрлілігімен және сұлулығымен тауып алған­дығын атап өтті. Танымал қа­зақ әуендері мен әндерінің музыкалық дәйектемелерінен басқа, көрермендер халықтың бай мәдениетін – бата беру,­ жоқтау, айтыс сынды дәстүр­ле­рін көрді.

«Тіл кедергілеріне қара­мас­тан, маған өте қатты ұнады. Мен ешқашан мұндай атмо­сферада болып көрмеппін. Мәдениеттеріңіз ғана емес, тарихтарыңызды да сезіне алдым. Спектакль ғажап. Бәрі де өте шебер және терең ойлас­ты­рылған. Драматургия да, киімдер де ұнады», дейді франциялық театртанушы, режиссер Давид Чавлис Ассатиани.

«Асқан сезімтал ұлттық колорит назарды баурап алады, қазақ мәдениетіне айрықша әсер беріп тұрған – өзіндік ішкі дүниесімен және айқындығымен тартады. Керемет қойылым. Әртістер мен бишілердің орындауы соншалықты ғажап, айналаны түгел баурап, көңіл түкпіріне шейін жаулап алды», деп пікірімен бөліседі театр сыншысы, өнертану докторы Мари-Кристин Сирижол.

«Егемен-ақпарат»