Биыл қазақ суретшісінің жолы болып тұр. Кәмила мұхиттың ар жағына бастаған осы сапарында «Fine Art Studio», «New York Realism», «Art Nomads» сияқты бірнеше көрмеге қатарынан қатысып, жылдар бойы жинаған шығармашылық қоржынындағы жұмыстарын көрсетуге мүмкіндік алды.
– Әріптестерім халықаралық көрмеде ұлттық нақыштағы суреттерімді жақсы бағалап, қошемет көрсеткеніне мерейім тасыды. Еңбегім жанғандай болды. Өзім де қазақтың дәстүрі мен мәдениетін бейнелеу өнерінің тілімен насихаттай алғаныма қуандым. Енді маған келесі жылы өтетін «Artexspo New York-2018» халықаралық суретшілер көрмесіне шақырту берді, – дейді Суретшілер академиясының корреспондент-мүшесі, Мәдениет қайраткері Кәмила Жапалова.
– Америка Құрама Штаттарынан алған әсерім тамаша! Мұхиттың арғы бетіне асып, қазақ мәдениетін сурет өнері арқылы танытуға қосқан үлесім маған кәдімгідей шабыт сыйлады. Өзім үшін де, Қазақ елі үшін де қуандым. Ұлттық нақыштағы жібек матаға салынған суреттерім америкалықтардың үлкен қызығушылығын туғызып, апарған барлық жұмыстарым түгел дерлік сатылып кетті.
Бұл елдің өнерге, талантқа деген құрметі жоғары екен. Көрмеге Орталық Азия елдерінен он шақты суретші қатысты. Суретшілердің басым бөлігі Еуропа елдерінен болды. Көрменің ашылу салтанатында өзім қолдан пішіп, тіккен ұлттық киімімізді киіп жүрдім. Бұл көрмеге ағылып келіп жатқан шетелдіктерге өте ұнады. Таңданыстары мен ризашылықтарын жасырмады, – деді ол ойын түйіндеп.
Осы сапарда Кәмиланың суретші ретіндегі тағы бір ұлы арманы іске асты. Бала күнінен көксеп келе жатқан әйгілі музейлерді аралап, төрткүл дүниеге аты тараған қылқалам шеберлерінің шедеврлерін тамашалаған.
Суретшінің осындай ірі шетелдік көрмеге «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында қатысуға қаржылық қолдау көрсеткен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа алғысы шексіз.
Кәмила – батик техникасы арқылы қайталанбас туындылар жасаған қазақ суретшісі. Оның қолынан шыққан жауһарлар тамаша қонақүйлердің төрінде, өнерді бағалайтын коллекционерлердің үйінде тұр.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ