Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне азаматтардың өз еріктерімен облыс көлемінде 1,6 млрд теңге жарна түскен. Салымшылардың басым бөлігі мемлекеттік бюджеттен қаржыландыратын мекемелерден және кәсіпорындардан түсіп отыр.
Департамент басшысының айтуынша, облыста «Цифрлі Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Салық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру» пилоттық жобасы іске асырылуда.
«Жаңа жүйенің енгізілуі - тапсыратын құжаттардың азаюына, уақытты үнемдеуге үлкен мүмкіндік береді. Пилоттық жобаның аясында «Астана-1» ақпараттық жаңа жүйесі қолданысқа енгізілді. Аталған жүйе барлық кеден бекеттеріне орнатылып, бүгінгі таңда 6 мыңға жуық транзиттік декларация рәсімделген», - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Сонымен қатар, облыс орталығы Шымкент қаласында өткен Қазақстан-Өзбекстан делегациясының екіжақты келісіміне сәйкес, «Атамекен» кеден бекетінің «Сырдарья» және «Целинный» өткізу пункттері ашылып отыр.
«Қазіргі таңда «Қазығұрт», «Қапланбек» және «Атамекен» кеден бекеттерін тәулік бойы жұмыс кестесіне көшіріп, шекарадан өтетін тауарлар мен көлік құралдарын ресімдеуді жылдамдатуға қол жеткізіп отырмыз. Сондай-ақ, өткізу пункттері арасындағы жолдар мен көпірлерді кеңейтіп, жеке тұлғаларға шекарадан өтуге ыңғайлы жағдай жасайтын боламыз. Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 9 айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 554 млн. АҚШ долларын құрады», - деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.
Бүгінгі таңда облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті салық және басқа да төлемдердің толық және уақытылы түсуін қамтамасыз етіп қана қоймай, бизнес ортаны түбегейлі жақсартып, оған оңтайлы жағдай жасау бағытында бірқатар жұмыстар атқарып келеді.