Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2017

Атырауда «Ұлы дала мұрагерлері» атты оқушылар кеші өтті

694 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Тәуелсіздік күніне арналған «Ұлы дала мұрагерлері» атты оқушылардың шығармашылық есебі өтті.

Атырауда «Ұлы дала мұрагерлері» атты оқушылар кеші өтті

Шара Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрында оқушылардың жетістіктеріне  арналған көрмеден басталды. Химия, биология, физика, математика сынды ғылымдарды игеруде арнайы жобаларды жасақтап отырған балалардың жұмысы қойылған көрме көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Топырақты мұнай қалдықтарынан тазарту, жалынды микротолқын әдісімен өшіру, арзан электр көзін алу және будан су тамшыларын жинайтын қондырғылар жасау секілді ғылыми жобаларды мектеп оқушылары дайындаған. Саз және қыштан бұйымдар жасау, тоқыма және тігін шеберханасы, ағаш-металл және пластик материалдармен жұмыс үйірмесі, бейнелеу, киіз және жүн өнімдерімен айналысатын оқушылардың туындылары да көрмеден орын тапты.

«Ұлы дала мұрагерлері» атты оқушылардың шығармашылық есебіне арналған гала-концертте мектептің хор ұжымы, хореография, домбыра, актерлік шеберлік үйірмелеріне қатысушылар өнер көрсетті. Құрамында жүзден астам оқушы бар домбыра оркестрі бір мезгілде Құрманғазы күйлерін орындаса, мектептің көлеңке театры «Мәңгілік ел тарихы» атты қойылымда еліміздің негізгі тарихи оқиғаларын көрсетті.

Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі әлеуметтік жобалар, атап айтсақ «Екі апта ауылда», «Ата-ана жұмысында 10 күн», «Баланы жұмысқа жетеле» сынды оқушылардың жазғы әлеуметтік тәжірибелерінің орындалуы да көпшілік назарына ұсынылды.

-Тәуелсіздік мемлекеттегі әр саланың өз алдына дамып, ғаламдық өзгерістерге бейімделе отырып қалыптасуына зор мүмкіндік берді. Соның бірі - ұлттық білім беру саласы. Мемлекет  басшысының қолдауымен ашылған «Назарбаев Зияткерлік мектептері», сөз жоқ, тәуелсіздіктің жемісі. Сапалы білім берудің отандық флагманы ретінде өзге білім беру мекемелерін алға жетелейтін, жаратылыстану және математика бағытындағы ғылымды игеруде көш бастап отырған зияткерлік мектептер желісінің құрылғанына 10 жыл толады. Ал Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің жұмысы бесінші жылға аяқ басты. Аталған мерзім ішінде өңірдегі Елбасы мектебінің жеткен жетістіктері, табысы көп, - дейді мектеп директоры Айдарбек Айтпукешов.

Қазір мектепте 700-ден астам оқушы халықаралық стандарттар негізінде білім алып жатыр. «Барлық оқушы табысты болатын мектеп!» деген ұранды басты ұстанымына айналдырған білім ордасы биыл Нидерландыдағы Халықаралық мектептер Кеңесінің аккредитациясынан сәтті өтті.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ