«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өткен партиялық тыңдау барысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы басты тақырып арқауына айналып, Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әділбек Әубәкіровтің есебі тыңдалды. Ол өз сөзінде бағдарлама шеңберінде 10 жоба қолға алынғанын, оған 6 миллиард теңге қаражат қарастырылғанын, жоспарлы жұмыстардың 68 пайызы игерілгенін айта келіп, 2020 жылға қарай тозығы жеткен сумен және жылумен қамту желілері ретке келтірілетінін жеткізді. Облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Тимофеевті оның мәлімдемесі қанағаттандырмаса керек, ол әңгімені қатқыл бастады. Алайда, облыс тұрғындарының инфрақұрылым жұмыстарын атқаратын мердігерлерге көңілдері толмайды. Әсіресе сапа жайына қатысты шағымдар аз емес.
Құбырлар жөнделген соң жолдар мен көшелер неге түзелмейді деген сұрағына нақты жауап берілмеді. Кейбір көшелер бірнеше жылдан бері ойдым-ойдым қалпында тұр. Машақатын сол маңайдағы адамдар тартып жүр. Тиісті орындар сыннан тиісті қорытынды шығарудың орнына кінәні өзгелерге аударуға әуес. Ә. Әубәкіровке график бойынша жүзеге асырылатын жөндеу шараларының тізбесін жасау, қатаң бақылауды ширату міндеттелді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық бөлімшесінің жетекшісі Болатбек Айтбаев «Көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту» бағдарламасын баяндап, ауқымды үш жобаның бірегейі ретінде «Астана-Петропавл-Қорған» транзиттік дәлізін атады. Бұл мақсат үшін ел қазынасынан қомақты қаржы бөлініп, жаңа технология қолданылуда. Алдағы үш жыл ішінде 6,7 мың шақырым автомобиль жолдарын салу, қалпына келтіру белгіленген. Бұқар жырау көшесіндегі өтпелі көпірдің келесі жылы іске қосылатыны белгілі болды.
Партиялық тыңдауда ауыр жүк көліктерінің қозғалысына бақылау орнату тапсырылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы