Технология • 07 Желтоқсан, 2017

Әлеуметтік қызметтер қолжетімді бола түсті

352 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үшінші жаңғыртуға бастаған Жолдауында цифр­ландырудың барлық салаға серпін беретінін айтты. Елбасы пәрменімен елімізде цифрландыру ісі қысқа мерзімде нәтиже бере бастады. Мәселен, әлеу­меттік саланың цифрландырылуы көптеген қызметтің ха­лыққа қолжетімділігін арттыра түсті. Айталық, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бірыңғай ақпараттық жүйені іске қосты. Мұнда жұмыспен қамту, еңбек қатынасы, зейнетақы, әлеуметтік қамсыздандыру, әлеуметтік сақтандыру мен көші-қон салаларының қызметін оңай ала аласыз. Бұл – дүниеге келген күннен бастап автоматтандырылған қызмет көрсететін жүйе. Яғни азаматтардың дүниеге келу, жұмысқа орналасу, әлеуметтік қызмет көрсету, зейнетақы жарнасы, әлеуметтік аударым іспетті төлемдерді жүзеге асыру және басқа да дербес есебі жүргізіледі. 

Әлеуметтік қызметтер қолжетімді бола түсті

Биыл елімізде 19 миллионнан астам қызмет көрсетілсе, оның 17 пайызы e-gov порталы арқылы жүргізілді. Қызмет алушылар бойынша онлайн-деректердің жаңартылуы аза­мат­тардың әлеуметтік құқы­ғын қамсыздандыруды мони­торингілеуге және қажет болған жағ­дайда релевантты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. 

2017 жылғы қазан айынан бастап Бірыңғай электронды еңбек биржасы іске қосылды. Енді жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер нәтиже бер­мейтін әңгімелесуге ресурс шы­­ғындамайды. Бос орындар мен түйіндемелер бір жерде ың­ғайлы форматта жинақталған. Жұ­мыс іздеушілер мен жұмыс бе­рушілер арасындағы қарым-қатынас электронды форматқа көшірілуде. Осылайша 2025 жылға қарай жұмыс іздеушілер ішінде (2,2 миллион) жұмысқа орналасқандардың үлесі екі есе артады деп күтілуде. Жалпы, 1,5 ай ішінде биржа арқылы 15 мың адам жұмыс тапты. Бүгінде электронды биржада 8 мыңнан астам түйіндеме жә­не 30 мыңнан астам бос жұ­мыс орны бар. Сонымен бір­ге келесі жылы оған 199 жұ­мыспен қамту орталығы мен 10-нан астам жұмысқа орналасу жөніндегі интернет алаңы қо­сылмақ. Биржа базасында өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар үшін мемлекеттік кіріс органдарында оңайлатылған тіркелу тетігі іске асырылады.­ Жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің еңбек шарттарын бірыңғай есепке алу жүйесі енгізіледі. Электронды форматқа ауыс­тырылған еңбек шарты кіріс­терді жалпыға бірдей декларациялауды енгізу үшін негіз болмақ. 

Мемлекеттік әлеуметтік сақ­тан­дыру қоры жарналарына тұрақты мониторинг арқылы кәсіпорындардың жалақы және жұмыскердің бюджеттік емес қорларға міндетті төлемдері бойынша берешегін айқындау мүм­кіндігі бар. Әзірге бұл ақ­парат тек әкімдіктер мен мем­лекеттік кірістер комитетіне беріл­ді. 

Цифрландыру ісі мүге­дек­тер­ді әлеуметтік қам­сыз­дандыру жүйесінде де ке­ңінен қолданылмақ. Медици­налық-әлеуметтік сараптама жүргізу жөніндегі композиттік қызметке көшу жүзеге асады. Енді тиісті қызметті алу үшін адам үш емес, бір ұйымға ғана жүгінеді. Куәландыру кезінде мүгедек адамның қатысуы талап етілмейді, ол өтінішін электронды түрде е-gov арқылы бере алады. Өтініш өтініш беру­шінің аумағына қарамастан тә­уелсіз сарапшылар арасында кездейсоқ іріктеу арқылы бөлінеді. Осылайша, елде меди­циналық-әлеуметтік сараптама комиссиялары саны қысқарып, сыбайлас жемқорлық көрінісі азаяды. Мүгедектерге қызмет пен өнім берушілерді (шипажай-емдеу ұйымдары, әлеу­меттік қызмет көрсету орталықтары, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдар өнім берушілері) таңдау құқы­ғы берілетін әлеуметтік қыз­мет порталы құрылады. Бұл бәсекелестік орта мен көрсе­тілетін қызмет сапасын артты­р­мақ. Мемлекеттік сатып алу барысында әкімшілік кедергілерді жою шағын және орта бизнестің дамуына мультипликативті әсер етеді.

Сондай-ақ бұрынғы атаулы әлеуметтік көмектің, балалар­ға берілетін мемлекеттік жәр­дем­ақы мен көп балалы отба­сыларға көрсетілетін арнаулы мемлекеттік көмектің орнына 2018 жылғы 1 қаңтардан бас­­тап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек енгізіледі. Оны алу үшін жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуге болады. 

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»