«Осындай үдерістер негізінде әзірленіп, назарларыңызға ұсынылып отырған заң жобасының мақсаты – Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы шегенделген мемлекеттік шекара сызығын халықаралық құқықтық негізде бекіту болып табылады», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Сыртқы істер министрінің орынбасары Ғалымжан Қойшыбаев.
Оның айтуынша, шекараны шегендеу нәтижесінде екі ел арасындағы мемлекеттік шекара сызығының ұзындығы 458,3 шақырымды құраған. Ал шекара сызығында 330 шекаралық белгі орнатылған. Сондай-ақ келісім күшіне енгеннен кейін мемлекеттік шекара сызығын сақтау мақсатында 10 жылда бір рет бірлесіп тексеру көзделген. Сондықтан да келісім бойынша жергілікті жердегі кез келген өзгерістер мемлекеттік шекара сызығының өтуіндегі өзгерістерге алып келмейді. Оған қоса, Келісімді ратификациялау мен оның күшіне енуі мемлекеттік аумақты және ұлттық егемендіктің кеңістігі шектерін айқындауға, аумақтық дауларды болдырмауға мүмкіндік береді.
Осы орайда айта кетерлік тағы бір жайт, келісімді Түрікменстанның Меджилисі ратификациялағаны туралы Түрікменстанның Сыртқы істер министрлігінің нотасы біздің елдің Сыртқы істер министрлігіне осы жылдың 30 мамырында түскен. Өз кезегінде аталған заң жобасына қатысты пікір білдірген Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин ел Тәуелсіздігінің ең басты жетістіктерінің бірі – біздің мемлекеттің шекаралас елдермен шекараны шегендеуінің маңызы зор екендігін айтты.
«Біз барлық көрші елдермен келісімдер жасадық, онда бірлескен шекара сызықтарының қалай өтетіні нақты белгіленген. Енді шекараларды шегендеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған сәйкес құжаттарды қол қоюға дайындау жұмыстары дәл қазіргі уақытта Қырғызстан, Өзбекстан елдері бойынша қолға алынған. ҚХР бойынша бұл үрдіс аяқталды, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей шекарасын шегендеу жұмысы жалғасуда. Ендігі кезекте Қазақстанның барлық мемлекеттік шекараларын халықаралық-құқықтық рәсімдеу процесін барынша жедел бітіру қажет. Ол алдағы уақытта кез келген аумақтық даулардың алдын алуға мүмкіндік береді», деді Н.Нығматулин.
Отырыс аясында, депутаттар тарапынан екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынастарын арқау еткен бірқатар мәселелер де қозғалды. Атап айтқанда, депутат К.Мұсырман министр орынбасарына сұрақ қою арқылы Қазақстан мен Өзбекстан және Түрікменстанның шекаралық түйісу нүктесінің айқындалғанын нақтыласа, Б.Хаменова шекара сызығын тексеру уақыты не себептен 10 жыл деп белгіленгендігін сұрады. Сол сияқты депутат С.Сәпиев екі ел арасында автокөлік және темір жол көлігімен қатынасу жайын сөз етті. Халық қалаулылары жолдаған сауалдардың ешбірін жауапсыз қалдырмаған Ғ.Қойшыбаев бүгінде Қазақстан мен Түрікменстан арасында азаматтардың қатынасу көрсеткіші жылына 112 000 адамды құрайтындығын жеткізді. «Бұл көрсеткіш жыл сайын баяу болса да өсіп келеді. Мұның бәрі де Маңғыстау облысындағы «Темір баба» және «Болашақ» шекаралық бақылау өткізу бекеті арқылы тіркелген деректер. Екі ел арасында визалық режімнің сақталуына байланысты жолаушылар айналымының көрсеткішін жоғары деп айта алмаймыз», деді ол. Ал депутат Е.Бектұрғанов болса қос тарап құратын мемлекеттік шекара сызығын белгілеуді тексеретін комиссия құрамына кімдер кіретінін және қандай жағдайда тексеру жүргізілетінін сұраған еді. Баяндамашы өз жауабында әртүрлі табиғи апат болса, мысалы, бір жерде өзеннің арнасы өзгеріп немесе құрғап кетсе, тексеру жүргізілетіндігін алға тартты. «Сол сияқты трансшекаралық кейбір нысандар жаңадан құрылса, құбыр тартылып, темір жол мен автомобиль жолдары салынса комиссия құрылып, шекара сызығын қайта қарайды. Бұл ретте құрылатын комиссия ресми түрде Үкімет қаулысымен бекітіледі. Оның құрамына СІМ өкілдері, шекаралық қызметкерлер, жергілікті билік, сонымен бірге «Қазгеодезия», «Қазкартография» секілді шекарада қызмет атқаратын мамандар кіреді», деді Ғ.Қойшыбаев.
Айта кетейік, осы күні Сыртқы істер министрі орынбасарының таныстыруымен «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы да қоса талқыланды. Сонымен қатар Мәжілістегі Заңнама және сот құқықтық реформа комитетінің мүшесі Василий Олейниктің таныстыруымен «Жәбірленушілерге зиянды өтеу қоры туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланып, мақұлданды. Баяндамашының түсіндіруінше, аталған заң жобасы қылмыстық құқық бұзушылықтардан жәбірленушілерге зиянды өтеу аясында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 173-бабына сәйкес Жәбірленушілерге зиянды өтеу қорын құру арқылы өтемақы төлеу бойынша құқықтық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерді белгілеуге бағытталған. «Сонымен қатар заң жобасының мақсаты жәбірленушілердің құқықтарын қорғау тетігін қалыптастыру үшін қолайлы құқықтық жағдай жасау, жәбірленушілер мен олардың заңды өкілдеріне қаржылық көмек көрсету, сондай-ақ жәбірленушілерге зиянды өтеу қорында құқықтық, ұйымдастырушылық, қаржылық, әкімшілік-өкімдік ресурстарды шоғырландыру арқылы қаржыландыру және қаражатты төлеу тәртібін жүйеге келтіру болып табылады», деді В.Олейник.
Жалпы отырыс барысында депутаттар – Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Г.Иксанованың баяндауымен «Білім туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша және Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Г.Қарағұсованың мәлімдеуімен «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ирландия Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде шешім қабылдады.
Ал жиын соңында бірқатар депутаттар И.Смирнова, К.Абсатиров, З.Балиева, В.Косарев, А.Қоңыров, Т.Сыздықов, А.Перуашев тиісті мемлекеттік орган жетекшілерінің атына депутаттық сауалдар жолдады.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»