Жер шарының ең мықты гір көтерушілері жиналған Сеулдегі әлемдік чемпионатта көкшетаулық ақсақал 74 жастағы спортшы ардагерлер арасында топ жарды. 70-74 жас аралығында өнер көрсеткен Борис ақсақал бойында рух пен намыстың қызуы бар екенін білектің күшімен дәлелдеді. Әсіресе гірді сілке көтеруден әлемдегі ең мықты спортшы екенін көрсетті. Зілдей темірді көтерудің қыр-сырын жақсы меңгерген Б.Нұғманов өз машығының сырымен былайша бөлісті: «Гір көтерудің бұл түрінде алдымен оны көтеріп кеудеге тірейміз де, артынан жоғары сермейміз, 1-2 секунд ұстап тұрып, қайтадан кеудеге әкелеміз де төмен сырғытамыз. Осылайша қайталай береміз».
Әрине айтуға оңай, ал 500 спортшы қатысқан айтулы додада жеңіп шығу оңай болмағаны анық. Өйткені қызу жарыста қос сайыс бойынша бақ сынасқан Борис ақсақал екінші орынды қанағат тұтыпты. Бұл ретте атлет 2008 жылдан бері ардагерлер сайысына белсенді қатысып келеді. Сөз реті келгенде айта кету керек, үстіміздегі жылдың қазанында өткен Қазақстанның жатып сығымдау чемпионатында да жеңімпаз болған еді. Міне, енді, әлемдік додада топ жарып отыр. Елге орала салысымен Борис ақсақал келесі жылдың мамырында Будапешт қаласында өтетін Еуропа чемпионатына дайындықты бастап та жіберді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы