Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2017

«Дала данышпаны» оқырманға жол тартты

727 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл толып отыр. Осыған орай жазушы мерейтойы аясында ұлы ақын Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлына Абай ауданы орталығынан еңселі ескерткіш ашылғаны баршаға мәлім. Ескерткіш – «Туған жер» бағдарламасы негізінде қолға алынған шараның бірі.

«Дала данышпаны» оқырманға жол тартты

Мерейтойға орай қаламгер Əсет Мырзақа­сым­ның «Дала данышпаны – Құнанбай» атты жинағы қалың оқырманға жол тартты. Әсет Мырзақасым Абай айналасы туралы көп білетін жанның бірі. Атап айтқанда, Шәкір Әбеновтің 110 жылдығына арналған «Әнім мен күйім, халқыма сыйым», сол сияқты әйгілі «Қаламқас» ансамблінің 40 жылдық мерекесіне орай «Айттым сәлем, Қаламқас» атты кітаптарын жазып, абайлық жас ақындардың «Жастықтың оты жалындап» атты ұжымдық жыр жинағының басылып шығуына ықпал етті. «Дала данышпаны – Құнанбай» кітабын шығарғанға дейін Абайдың інісі Халиолла Құнанбайұлы мен Әрхам Ысқақов жайлы да құнды зерттеулер жүргізген.

– Әсет Медеуханұлының бұған дейін «Ұлы Абай елінде» және «Абайдың әдеби хатшысы», «Абай аманаты» атты кітаптары жарыққа шығып, оқырманның ыстық ықыласына ие болған еді, – деді аудандық мәдениет бөлімі бастығының орынбасары Елдар Оразалин. – Шын мәніндегі ұлттық тұлғамыз Құнанбай Өскенбайұлының қажырлы еңбегі осы жинақта жақсы берілген. Оқырман үшін осындай терең әрі салмақты ойға жетелейтін тарихымыздағы ірі тұлғаларды бағалайтын кітаптардың көбірек шыққаны дұрыс. Бұл – ұлттық тәрбие негізі.

Раушан НҰҒМАНБЕК
Шығыс Қазақстан облысы
Абай ауданы