Әрбір көрме – белгілі бір жетістіктердің жиынтық көрсеткіші. Ал бұл жолғы тарихи-танымдық қырынан гөрі адами құндылықты дәріптеуге көбірек бағытталған «Ізбасарлар» атты көрме ілгеріректегі көп шараның ешқайсысына ұқсамады. Көрменің көтерген аса маңызды тақырыбының бірі экология болды. Себебі қорық-музей тек қана тарихи құндылыққа ие артефактілерді сақтаушы ғана емес, сонымен бірге 68 га жерді алып жатқан аумақтың табиғи қалпын сақтауға да үлес қосады.
«Ізбасар» дегеніміз, аты айтып тұрғандай, өткен ата-бабалары мұра етіп қалдырған адамгершілік қасиеттер мен құндылықтарды сақтай отырып, өзіне тән уақыт кеңістігінде бабалар ізімен жүретін жан. Музейдің ғылыми хатшысы Досым Зікірияның айтуынша, көрмеде негізгі бес түсінік көрініс тапқан. «Ізбе-із» – шәкірттері ұстазының ізімен жүреді. «Есік» қорық-музейі үшін ондай ұстаз «Алтын адамды» тапқан авторлардың бірі Бекен Нұрмұхамбетов болды. Сондай-ақ Төрәлі Төлегенов, Алексей Чекин, Ермек Жасыбаев, Әсел Омарғазиева сынды біздің ғалым-археологтарымыздың кәсіби тұрғыда қалыптасуында өзінің ізін қалдырды. Ол біздің жүрегімізде мәңгілік орын алды. Біздің қорғандардағы ізіміз, оның да ешқашан өшпейтін, шайылмайтын ізі десек жарасады» дейді. Ал «із» қандай болады? Алуан түрлі болатыны ақиқат. Көрмеде бабалар қалдырған «іздің» өзгешелігі жеке-жеке талданды. Олардың қатарында еліміздің түрлі аймақтарынан табылған жерлеу жоралары мен қыш өнеркәсібінің, жәдігерлерде көрініс тапқан түрлі мәдениет іздерін айтуға болады.
Музейге мектеп оқушылары мен басқа өңірден келетін адамдар көбірек мейман болатындықтан, олардың қызығушылығын ояту үшін көрмеде археологиялық қазба жұмыстары кезінде, соның ішінде биыл, 2017 жылы табылған, бабалардың аса құнды ізі ретінде сақталған анағұрлым маңызды жәдігерлер туралы мәлімет берілді. Мұнда сақ амфорасы, жұмбақ бейнелі қоңырау секілді сирек кездесетін жәдігерлер назарға ұсынылды.
Расында да Бекен Нұрмахамбетовтің академиялық тұрғыдағы теориялық білімін былай қойғанда, Ә.Марғұлан мен К.Ақышевтармен бірге жүріп, археолог ғалым ретінде алпыс жыл бойы жинаған далалық тәжірибесі өзінен кейін келген талай жас буынның кәдесіне жарады. Бақилық болғанша арқасынан дорбасы, қолынан күрегі түспей жастарға жол көрсетіп, «алтын» шығатын жерді сұңғыла ақылмен танып, көптеген экспедицияларға басшылық жасады. Көрменің ғылыми қызметкерлері сол экспедицияларда табылған бабалар мұрасының тарихи маңызын түсіндіре келіп, оқушылардан: «Бекен аталарың және басқа да тарихшы аға-апаларың тарихты жаңа сатыға көтеретін баға жетпес жәдігерлер тауып, із қалдырды.
Ал сендер соңдарыңа қандай із қалдырасыңдар?» деген сұрақ қойды. Себебі көрмені ұйымдастырудағы көзделген түпкі мақсат осы сұрақтың жауабына келіп тірелетін-ді. «Мәдени қабат – мәдени із» бөлімінде болашақ ұрпаққа бүгінгі буынның қандай із қалдыратыны туралы ой қозғалады. Мың рет айтқаннан бір рет дәл осылай көз алдыда нақты мысал арқылы көрсеткен ғылыми дәлелге бейжай қарай алмаған көрме тамашалаушылары «Мен – ізбасармын» бөлімінде жекелеген жәдігерлерден алған әсері туралы, табиғатты аялауға қатысты тілегін жазып қалдырды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ